Жайықта мұздың тығыз массасы 20 жылдан бері болмаған – «Атырау облысы Су Арнасы» өкілі

Атырау қаласының кейбір шағын аудандары мен оған іргелес орналасқан елді мекендер кеше түннен бері сусыз отыр. Сумен қамту мекемесінің өкілі бұған Жайық өзенінде 20 жылдан бері кездеспеген мұздың тығыз массасы себеп болғанын айтты, деп хабарлайды Kazinform.

Жайық
Фото: Атырау өңірлік коммуникациялар қызметі

«Атырау облысы Су Арнасы» КМК-ның баспасөз қызметінен мәлім еткендей, бүгін, 10 желтоқсанда жергілікті уақытпен сағат 15:00-ге дейін екі су тазарту қондырғысы мұздан тазартылып, іске қосылған. Ал, сүңгуірлер үшінші су тазарту қондырғысын мұздан тазалауды жалғастырып жатыр. 

Белгілі болғандай, кеше, 9 желтоқсанында сағат 23:30 шамасында су беру тоқтатылды. Бұған Жайық өзеніндегі қабыршақ мұз қалыптасып, су алуға қиындық тудырған. 

«Қазгидромет» РМК Атырау облыстық филиалының мәліметіне сүйенсек, соңғы аптада шығыстан жел соғып, теңіз деңгейі 40 см-ге төмендеген. Бұл Жайық өзенінде де су деңгейінің төмендеуіне әсер еткен. 

Ал, мамандар қабыршақ мұз өзеннен су алуға кедергі келтіретін бірнеше себепті туындататынын алға тартып отыр. Біріншіден, су жинайтын құрылғылар бітеледі. Өйткені, ұсақ мұз кристалы балық қорғау торларын, су жинайтын жабдықтың басқа элементтерін бітеп тастауы мүмкін. Бұл су жинаудың тиімділігін төмендетеді. 

Екіншіден, жабдықтың бұзылуына ықпал етеді. Өзендегі су ағысымен қабыршақ мұз жеңіл қозғалады. Әсіресе, мұз кристалдары үлкен болса, немесе тығыз жинақталса, су алатын жабдыққа механикалық зақым келтіреді.

Үшіншіден, мұндай факторлар су сапасының төмендетеді. Мұзбен бірге әртүрлі ластаушы заттар жүруі мүмкін.

Төртіншіден, су ағысына кедергі келтіреді. Кейбір жағдайда қабыршақты мұз судың қалыпты ағысына кедергі келтіретін тығыз кластерлер түзуі мүмкін. Ал, бұл су жинайтын құрылғылардың тиімділігіне кері әсер етеді.

«Атырау облысы Су Арнасы» КМК су тазарту қондырғыларының басшысы Борис Пенкиннің айтуынша, өзенде қабыршақ мұздың тығыз массасы пайда болған. Мұндай құбылыс шамамен 20 жылдан бері байқалмаған.

«Биыл Жайық өзенінде су деңгейінің күрт төмендегені байқалды. Мәселен, кеше, 9 желтоқсанда кешкі бірнеше сағатта су деңгей 15-20 см-ге төмендеді. Ұсақ мұз кристалдары су жинайтын жабдыққа орнатылған қорғаныс торларын бітеп тастады», - деп мәлім етті Борис Пенкин.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Жайық өзені қатып, Атырау сусыз отырғанын, әкімдікте комиссия құрылғанын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар