«Жайлы мектеп» құрылысы мәз емес – Президент тексеру жүргізеді

БУРАБАЙ. KAZINFORM – Алдағы үш жылда 1300 мектепті, соның ішінде ауылдағы 900 білім ордасын жаңғырту қажет. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бурабайда өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың IV отырысында айтты.

Ақтөбеде «Жайлы мектептің» саны қысқарды
Фото: Алтынай Сағындықова

Осыдан 2 жыл бұрын Президент тапсырмасымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы басталған еді. Жобаның негізгі мақсаты – мектептегі орын тапшылығын жою, апатты және үш ауысымды мектептер мәселесін шешу болды.

− Ақмола облысы ұлттық жоба бойынша салынатын барлық мектептің құрылысын бірінші болып аяқтады. Аймақта 12 мыңнан астам оқушыға арналған жаңа білім ошақтары ашылды. Басқа облыстарда құрылыс барысы мәз емес. Үкімет пен «Самұрық-Қазына» қоры бұл жұмысты қолға алуы керек. Мен таяу арада тексеремін, − деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ, Президенттің айтуынша, биыл елімізде 500 мың оқушыға арналған 200-ден астам мектеп салынады.

− Мына жайтты қаперде ұстаған жөн: барлық жерде тек «Жайлы мектеп» жобасы аясында мектеп салу міндетті емес. Сапалы салынған қарапайым мектептерге де сұраныс жоғары. Үш жылда 1300, соның ішінде ауылдағы 900 білім ордасын жаңғырту қажет. Жаңа оқу жылына дейін мемлекеттік және жекеменшік мектептің барлығы балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін арнайы құралдармен жабдықталуға тиіс, − деп тапсырма берді Мемлекет басшысы.

Бұған дейін Президент жаппай цифрландыру мен жасанды интеллектіні барлық салаға кеңінен енгізу туралы тапсырма берген еді.

Соңғы жаңалықтар