Жайлы мектеп: ұлттық жоба аясында Алматы облысында 39 мектеп салынады

ҚОНАЕВ. ҚазАқпарат – Алматы облысында оқушылардың үш ауысыммен оқу мәселесін шұғыл шешу қажет. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өңір жұртшылығымен кездесуінде жаңадан 39 мектеп салынатынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ақордаға сілтеме жасап.

Жайлы мектеп: ұлттық жоба аясында Алматы облысында 39 мектеп салынады

«Ұлт болашағы ұрпақтың білімді болуына байланысты. Мен білім саласына, оның ішінде әрбір өңірдегі мектептердің жай-күйіне айрықша мән беріп отырмын. Алматы облысында үш ауысыммен оқытатын мектеп мәселесі әлі шешімін таппай келеді. Аймақта осындай 52 мектеп бар. Небәрі 30 мың оқушыға есептелген мектептерде 90 мыңға жуық бала оқып жатыр. Бұл мәселені шұғыл шешу қажет. Осы жұмысқа мемлекет және жекеменшік серіктестігі арқылы бизнес өкілдерін тартқан жөн. Өңірде осындай игілікті іске атсалысуға дайын кәсіпкерлер бар деп ойлаймын.

Менің тапсырмам бойынша «Жайлы мектеп» ұлттық жобасымен облыста 39 мектеп салынады. Бұдан бөлек, Қонаевта дарынды балаларға арналған лицей және интернат ашу қажет. Тағы да қайталап айтамын. Мектеп салу және оны жаңғырту – әкімдердің жұмысындағы негізгі көрсеткіштердің бірі», - деді Президент.