12:56, 15 Қаңтар 2009 | GMT +5
Жайсыз ауа райы салдарынан Алматы облысында автокөлік қозғалыстары шектелді
ТАЛДЫҚОРҒАН. Қаңтардың 15-і. ҚазАқпарат /Сандуғаш Дүйсенова/ - Екпінді боран мен қалың жауған қардың салдарынан Алматы облысында қаңтардың 14-15-і күндері Алматы-Өскемен автожолында үлкен жүк көліктерінің қозғалысы шектеліп отыр,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Облыстық Ішкі істер департаментінің жол полициясынан хабарлағанындай, қазіргі уақытта қозғалыс колонналармен жүзеге асырылуда, жолдарды қардан тазалау және жолда қалып қойған автокөліктерді қардан шығару жөніндегі жұмыстар жүргізілуде. Ауа температурасы облыста 30 градусқа дейін, солтүстік аудандарда 40 градусқа дейін суытады деп күтілуде. Осыған байланысты жолдармен автокөлік қозғалысы түнгі мезгілдерде шектелетін болады.