«Жайық Ет» ЖШС-ның шұжық фабрикасы жұмыс жасай бастады
ОРАЛ. 5 шілде. ҚазАқпарат - «Жайық Ет» ЖШС ет өңдеу кешені «Халал» стандарты бойынша малды союға, оның еті мен ішкі құрылысын алғашқы өңдеуге бағытталған жобасын бұдан үш жыл бұрын іске қосқан болатын. Одан кейін 2011 жылы индустрияландыру картасы аясында шұжық өндірісі жобасын қолға алды. Биылғы маусым айында жоба толықтай аяқталып, шұжық фабирикасы өз өнімдерін шығара бастады.
Аумағы 5500 шаршы метрлік өндірістік кәсіпорындағы жобаның жалпы құны 550 млн. теңгені құрайды. Компания аталмыш жобаны іске асыруға «Ресей жинақ банкі» АҚ-ның еншілес банкісінің Орал қаласындағы филиалынан 9,27 пайыздық мөлшерлемемен несие қаражатын алды. Бүгінде фабрикада шұжықтың 55 түрі шығарылуда. «Мясо-дел» белгісімен шығарылған өнімдер инновациялық қаптамаларға салынған.
Кәсіпорын басшысы Темірғали Ескендіровтің айтуынша, жобаның тұжырымдамасы Еуропада жасақталған болатын. Сондықтан шұжық түрлерін өндіретін өндіріс орны еуропалық барлық стандарттар талабы үдесінен шығады. Бұл істе алдымен санитарлық тазалыққа, гигиенаға және өнімнің қаптамаларына баса көңіл бөлінді. Технолог-мамандар жетіспейтіндіктен, жастар шетелдерде компания есебінен оқып шықты.
Фабриканың түрлі цехтарына қажетті неміс, австриялық, польшалық заманауи жабдықтар қойылып, іске қосылған. Шикізат Щапов шошқа фермасынан алынады. Бұған қатысты «Щапов» шаруа қожалығымен арада ұзақ мерзімдік келісімшарт жасалған. Фабриканы жергілікті шикізатпен 80 пайызға дейін қамту басты назарда. Әйтсе де, жетіспейтін етті шетелдерден тасымалдау ет өңдеушілердің барлығына тән жағдай. Сондықтан өздерін тұрақты шикізатпен қамту үшін келешекте мал бордақылау кешенін ашу ойластырылуда. Мұның барлығы, түптеп келгенде, Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына мүшелікке өткен кезде кәсіпорынның бәсекелестікке төтеп беретін өнім өндіруге қауқарлы екенін көрсетеді. Жаңа кәсіпорында 130 адам жұмыспен қамтылды. Қазір тәулігіне 10 тонна өнім өндірілуде.
Оралдық фабрика өз шұжықтарымен еліміздің батыс өңірін және Астана қаласын қамтып отыр. Компания алдағы уақытта Ресейдің көршілес облыстарына шұжық түрлерін экспортқа шығаруға қам жасауда.