Жайықтың көктемгі тасқынын аңсаймын - Ақұштап Бақтыгереева

- Ата-аналарымыз өздері жүріп өткен кешегі күнді мөлдір, тұнық әлем ретінде еске алып отырады. Жастығыңыз өткен сол «айхай дәурен» Сіз үшін де ыстық шығар? Ол кездің ақындары, жазушылары, қаламгерлері, өнерпаздары, жалпы жастарының мінез-құлқы, арманы, мақсаты, пейілі қандай еді?
- Ата-аналарымыз соғыс көрген ұрпақ, біз одан кейінгі қиындықты көрген ұрпақ едік. Бейбіт күнге қуандық, барға мәз, жоққа қанағат еттік. Өнерге ұмтылдық, білімге құлшындық, алдымен Отанды сүюге тәрбиелендік. Бауырмал болдық. Соғыстан әкесі оралмаған жетімдермен бірге оқыдық. Адамды аядық, дәмімізді бөлісіп іштік, киімімізді де ауысып кидік. Досты сатпадық, ешкімді алдамауға тырыстық. Сол жылдарда студенттік өмірден жырлар өте көп жазылды. Ақын Тұманбай Молдағалиев ағамыздың жыр жолдарын жаттап өстік:
Он жігіт бір бөлмеде тұратын ек,
Бір жерде тоғысатын арман-тілек,
Бақыттан бәріміз де үмітті едік,
Сақал-мұрт бәріміз де қыратын ек.
Ұқыпты ұстаушы еді біреу мүлкін,
Болса да біреу ұшқыр, біреу сылқым,
Он түрлі фамилия болсақ-тағы
Бір үйдің баласындай едік, шіркін! - деп келетін ол кездің өлеңдегі шындығы да сол еді. Ол кездің қаламгерлері де топ-топ болып бірге жүретін. Жазғандарын бірге талқылап, біріне бірі сыры мен сынын айтып отыратын. Әңгіме-дүкен, көңілді-қалжың, айта қалды деген сөздер ғажап еді, ауыздан ауызға таралып жататын. Қазіргі Жамбыл көшесіндегі жазушылардың екі үйінде 60 пәтер бар еді. Түгелдей ақын-жазушы тұрдық қой. Кешкісін есік алдындағы күлкі мен қалжыңға бұрылмай өту мүмкін емес болатын. Үйдегі сусынын да бөлісіп ішкен қайран ағаларым! Көзіме елестесе, жылағым келеді. Бұл күнде бәрі қабырғадағы естелік тақтадан қарап тұр ғой... Жастар да ерекше кішіпейіл, үлкен сыйлау деген жазылмаған заң еді-ау. Қоғамдық көлікте атып тұрып орын беру елдің салты еді. Өз басым ақын ағаларым сонша жақсы көрсе де, жүгіріп барып жанына, жабысып суретке түспеген екенмін. Сол сыйластықты аттамаған салттар ғой деймін. Қазір қатты өкінемін. Мұқағали Мақатаев ағамызбен бір бөлмеде жұмыстас болып отырдым, Шерхан Мұртаза ағамыз редактор болғанда «Жұлдызда» істедім. Тахауи Ахтанов, Хамит Ерғалиев, Жұбан Молдағалиев ағаларыммен сапарлас болдым, Ғафу Қайырбеков үйімде дастарқанда өлең оқыды, Өтебай Қанахин ағамызбен көрші тұрып, күнара үйінен шәй ішіп жүрген күндер-ай!.. Жалпы, адам баласы кейде ұқыпсыз болады екен. Тірлікте бәрі байқалмайды, өмір ұзақ болып көрінеді ғой, сөйтсек, бәрі өткінші... Ал Қадыр ағаммен күнде бірге жүрген де едім. Сол қаламгерлердің пейілдері кең, өздері бауырмал болатын. Олар қашан көрсең де жарқылдап тұратын еді ғой. Ал жастар бас қосып, поэзия кештерін кез келген студенттің жалдап тұрған пәтерінде де өткізе беретін едік. Алматы жайлы сұлу жырлар да, әдемі әндер де сол кездің туындылары. Ол кезде сезім де, махаббат та сұлу, әндердің сөзінің де мән-маңызы айқын, шын жүректен шығады. Біз сондай жастық кештік.
- Шерхан Мұртаза, Өтежан Нұрғалиев, Фариза Оңғарсынова, Тұтқабай Иманбеков сынды тұлғалармен қатар-құрбы, әріптес болдыңыз. «Шер-ағаңның шекпенінің» жылуы мен замандастарыңыздың жарасымды әзілі жайлы әңгімені де көбірек естиміз. Оның біразын «Қазақ әдебиетінде» естелік қылып жаздыңыз да. Сонда да, сыр сандықта жасырулы қалған әңгімелердің бірін тарқата отырсаңыз...
- 1973 жылдың май мерекесі есіме түсіп отыр. Ол кезде жалаулатып сап түзеп, түгел ұжымдар Үкімет үйінің алдынан өтетін едік. Сонау биік мінбеде жымия күліп Дінмұхамбет Қонаев тұрар еді. Біздің жазушылар колоннасы өте көңілді болатын. Естелік те, әзіл де, өлең де, ән де, айтыс та сонда. Оның қайсыбірін айтып тауысасың?! Сол мереке қарсаңында Фариза Оңғарсынова қазіргі Достық (бұрынғы Ленин) даңғылының бойынан алған алғаш пәтеріне қонақ шақыруды жоспарлады. Қой сою керек деп шештік. Алматының іргесінде тұратын Ырза Қунақова бір тоқты әкелуге көмектесті. Фаризаның Саша деген жүргізушісі даладағы гараждың қасындағы талға тоқтыны байлап, кетіп қалды. Енді оны сою керек. Қайдан тап болғаны есімде жоқ, ақын Өтежан Нұрғалиев тоқтыны бауыздауға келісім берді. Үйде ұстап жүрген шағын пышағымызға қарап, Өтежан: «Мына пышақпен мені бауыздамасаңдар, қой бауыздауға жарамайды», - деді.
Фариза: «Соя алмайтын адамға сылтау көп қой», - деді.
Мен болмашы жіпті алып, қойдың аяғын шалып байладым. Қызық мал ғой, көніп жатыр, қазақтың мінезіндей мыңқ етпейді, маңырамайды да...
Өтежан намыстанып сол пышақпен бауыздап болды, жас кезі ғой, қолы да қарулы. Мен Өтежанға басты денеден түгелдей бөліп беруді өтіндім. Өйткені, бір кезде Ғафу Қайырбеков ағамыз айтқан әңгіме есіме түссін: Ақын Бәкір Тәжібаев көк базардың қасында пәтер жалдап тұрып жатады. Жап-жас кездері ғой, бір-бірінің үйіне шақырусыз баратын салт бойынша Нұрғиса Тілендиев Ғафекең екеуі ойламаған жерден Бәкірдің үйіне қонаққа баруды ұйғарады. Ақын көк базардан қой сатып әкеледі. Кім бауыздайды? Нұрғиса Тілендиев білегін сыбанып жіберіп, қойды жықтырып, кеңірдегінен тартып жіберіп, мәз болып, аққан қанға қарап тұрады. «Енді өздерің ары қарай соясыңдар ғой» деп қолын жуып тұрса, аяғы байланбаған әлгі қой тұрып кетпесі бар ма?! Қан-қан басы салбырап, қақпадан шығып, трамвай жолына бағыт алады. Сөйтсе, тамағын бауыздап, жұлынға жетпеген екен ғой пышақ. Содан ақын жігіттер қуып ұстап, жабылып қайта сойдық деп - осы күлкілі әңгімені айтып, жастық шақтарын еске алып, мәз-мәйрам болып отырушы еді. Аңқылдап келе қалған достарға пәтер жалдап отырып, қой союдың өзі ол кездегі адамдар пейілінің кеңдігін, сыйластықты биік қойғанның куәсі емес пе?! Сол түсті есіме. Сонымен, өтпейтін пышаққа ызалы Өтежан қолын жуып тұр, Фариза болса өз мінезінше: «Бұл Өтежан қой сойып жарытпас», - деді. Өтежан болса, пышақты жерге лақтырып жіберіп: «Әй, екі білгіш қыз, өздерің сойыңдар керексе», - деп, қолын шала жуып, бұтаға ілген ұзын баулы сөмкесін иығына асынып кете барды. Сол кезде Кәдірбек Сегізбаев келесі есікте көрші тұратын, соны шақырайық десем, Фариза одан сайын қырсығады. «Кәдірбекте бар екі қол өзімізде де бар емес пе?», - дейді. «Әлгі еркек деп бауыздатқан Өтежан осыны түгел сойып берсе, несі кетер еді?», - деп ашуланады.
Не керек, жаңа қонысқа қаламдас достар шақырып, өте көңілді кеш өткіздік. Ол кезде біз ыдыс-аяққа да мән бермейміз. Рухани әңгіме, өлең-жыр, оқыған кітап, есте қалған естеліктерге әуес болатынбыз. Әбіш Кекілбаев, Меңдекеш Сатыбалдиев, Хабиболла Сыдиқовтар айтатын Маңғыстаудың аңыз-хикаяларына бір қонақтық аздық ететін. Сейдахмет Бердіқұлов, Шерхан Мұртаза ағаларымыздың қаламгер әлемі жайлы әңгімелері, Тұтқабай Иманбековтің тапқыр қалжыңдары қарапайым күндерді мерекеге айналдырып жіберетін еді-ау, шіркін!
- «Даланың қарлығаштары-ай» деген өлеңіңізде «Адамнан кеткен мейірім , Сендерде қалған тәрізді» дейсіз. Елде жүрсіз. Кездесулерге жиі барып тұрасыз. «Адамнан кеткен мейірім» қайта оралды ма? Бүгінгінің кейіпкерінің жүрегін не жібітеді, не қарайтады? Қаламгер көрген, ақын көрген бүгінгі заманның кейіпкерінің келбеті қандай?
- Далада қарлығаштар шынымен азайып кетті ғой. Сапарға шықсаң, бағана сымдарында моншақтай тізіліп отыратын ұсақ торғайларды да кездестіру қиын. Бағананың басында «дала санитары» атанатын қарақұстар отыратын. Қазір олар да сиреді. Нарын құмына қарай жүргенде бөкендер мәшинамен жарысып шабатын. Адамзат табиғатты саналы түрде тоздырып жатыр, бір күнгі қызығы үшін қаншасын атады? Қазір мүмкіндігі бардың бәрі аңшы, бәрінің мылтығы бар ғой... Адамдар қатыгез, мейірімсіз болып бара жатыр. Біз жас кезімізде үйіміздің кілтін көршіге қалдырып, студент келсе, паналатып, туыс-таныстардың ұл-қызын оқытып өскен ұрпақпыз. Қазір оның бәрі ертегі сияқты. Нарық заманы ағайын адамдарды да жат етіп жіберді. Тіптен, ата-анасын бақпайтындар кездеседі. Қартайғандар үйін салып үлгере алмай, соны тұрғызғанды мақтанышпен айтып отыратын заман келеді деп кім ойлапты?! Сол үйді мекендейтіндердің көбінің ұл-қызы бар, тірілей ата-аналарын өткізіп, жайбарақат өмір сүретіндері жанға батады. Анасын үйіне сыйғызбайтын, атасын құлша жұмсайтын келіндер көбейіп тұр. Қазақ қыз тәрбиесінен айырылып барады деп шырылдап жүргенім сол ғой, мейірім жайлы әңгіме азайды-ау деймін. Қыздарымыз қарлығаш құстай жанға жақын болса деген арман ғой менікі. Шүкір, бары бар, тек мейірбандық азайды. Бизнесте де алдау, аңқаудың еңбегін жеу жиі кездеседі. Базарға барсаң, қазақ келіншегі қоспа май, қойыртпақ қаймақ сатып, тиынға бола алдайды, Құдайдан қорқу, ұялу дегенді ескермейтін болды. Осының бәрі ақын жүрегіне салмақ салатыны ақиқат.
- Ақын қолына қай кезде қалам алады? Кірлеген жүректі жуып-шаятын ақынның тұнық әлемінде жүруге талпыныс білдіретіндер де, келсін-келмесін сол әлемнің төрінде отыруға ұмтылатындардың да, тіпті ақындық атты әлемді мүлдем жоққа шығаратындардың да қарасы көбейген бүгінгінің оқырмандарына не айтасыз?
- Ақын жайлы авардың ұлы ақыны Расул Ғамзатов айтты емес пе «Ақын - тәулігіне жиырма төрт сағат бойы ойда жүретін адам» деп. Кез келген дыбыс, құбылыс, уақиға, қоғам - бәрі-бәрі ақын жүрегінен өтеді ғой. Айбергенов те айтқан «Ақын болуды оңай деп пе едің, қарағым, Аузында болу сыздаған барлық жараның» деген жолдарда шындық жатыр. Ал әйел ақын үшін немерең науқастанып қалса да, бірге ауыратын түндердің өзі не тұрады?!
Бұл күнде ең қызығы - қалтасы қалыңдар өлең жазам деп әуреленетінді шығарды. Жалдап өлең жаздырып, өз басынан кітап бастыратын да жәйттер кездеседі. Ақын - Құдайдың сүйген құлы, ол киелі екенін түсінбейтіндер де бар. Жалпы өмірде адам баласы ала-құла жаратылады ғой. Бір анадан туған екі баланың бірі - ақынжанды, екіншісі - қаныпезер, қатыгез болып, кісі өлтіруге дейін барады. Әйтеуір, бұл әлем біз түсініп болмайтын жұмбаққа толы. Өлең жайлы ештеңе сезбесе де, жай сөз түсінетін адамға жолығу да аз бақыт емес-ау білгенге. Ал кейбір ауқаттыға, дүниеқоңыздарға әдебиетің, өнерің, өлеңің мүлде керек емес сияқты. Бір кітаптың бетін ашпай-ақ шалқып өмір сүріп жүргендер де бар. Ойлы сөйлемін дұрыс құрап айта алмайтындар ғылыми атақ алды дегенде не айтарыңды білмейсің, өкінішке орай, олар да ақыннан бақыттырақ өмір сүреді. Себебі бетте ұят, жүректе сезім о бастан жоқ қой, табиғат ондай сыйды бермеген. Қоғам сондайлардан қасірет шегеді, сезімталдар сондайлардан шаршап қалады. Жастар интернетке ауып кеткен заманда оқырман азайып тұрғаны шындық. Әркім өз саласы жайлы оқиды, бұрынғыдай жан-жақты, көп нәрседен хабардар болу арнасы тарылып келеді. Біз студенттік кезімізде театрдың бір қойылымынан қалып қойсақ, қатты өкінетін едік, әлемдік музыканы тыңдағымыз келіп, әлемдік әдебиеттің аудармаларын іздеп, сабылып жүруші едік. Жаңа шыққан бір кітап қолымызға тисе, ауысып оқып, бір-бірімізбен ой бөлісіп жүруші едік. Қазір кітапқа ондай сұраныс жоққа жақын. Дегенмен, қазақ мектебінің көбейгені қуантады. Жастардың сауаттылыққа ұмтылатындары жоқ емес. Жас ұрпақ кітапқа қайта оралады деген үміттемін.
- « Сен Жайыққа айт, жолдас боп ездерменен, //Жағымпаз боп көрмеген, сөзге ермеген. //Қызың жүр де бір мінез өмір кешіп, //Сен сияқты арнада өзгермеген» дейсіз. Осы күні экологтар адами және табиғи факторлардың әсерінен Жайықтың арнасы бұзылып барады деп дабыл қағуда. Сол адами, табиғи факторлар ақын жанын, жүрегін қаншалықты өзгертті?
- Жайық өзені - бір аймақтың тағдыры емес, түсінген адамға қазақ ұлтының тағдыры ғой. Оның қасіреті де ұлттың қасіреті, заманның сұрағы. Көз алдымда суы азайып бара жатыр, балығы да азайды. Бәрі адам қолымен жасалып жатырған қиянат. Бастау алатын жағында Ресейде жеке тоғандар су жібермей отыр. Құм басқан жерлерін қазуға ақша бөлінбейді, кей өндіріс орындары лай су қосады деп шырылдағанменен, экологтар ақша арқылы бар мәселені өздері шешетін болып бәрі аяқсыз қалып жатады. Менің творчеством түгел сол өзенге арналған. Оқырмандарымның мені «Жайықтың ақ шағаласы» деп атайтындығы сондықтан шығар. Мен осы өзенге бар мұңымды, қуанышымды, сырымды шаққалы қаша-а-а-ан...
Жаралып ең о баста ән салуға
Жетер екен ғұмырың қанша жылға,
Көз алдымда ортайып бара жатсың,
Қажыдың ба, екі өзен, шаршадың ба?
немесе:
Ақ Жайық, тасы, төгіл, көңіл қалдыр,
Аумалы-төкпелі ғой өмір бәрібір.
Айналған полигонға сор даланың
Бір рет тым болмаса шөлін қандыр.
немесе:
Сен менің арманымның асқарысың,
Жүргем жоқ жырлап қана тастау үшін,
Мендегі Отан деген ұлы ұғымның,
Алғашқы сезім атты бастауысың.
Жайық тасып, арнасын бұзған жылдары мынадай жолдар туды:
Суың - кәусар, өзің - нәр, ақылдысың,
Бары анық бойыңда батыл күшің.
Егеменді елге өзен болғаныңа
Асып-тасып қуанып жатырмысың!
немесе:
Сабыр, Жайық,
Өшікпе қайраң, құмға,
Ел ертеңін Ана боп ойландың ба?
Өзі кедей, жаны бай диқаныңның
Қуанышын үрейге айналдырма!
немесе:
Егер біздің қазақтың
Көп оқыған бабасы ғалым болса,
Жаңа туған баласы дарын болса,
Қыздарының барлығы ару болса,
Көргенсізге бұл қазақ зәру болса,
Арман қуып шетінен қанаттанса,
Өлең оқыр бәрінде сауат болса.
Қастерлесе ерлерін еңіреген,
Сол кезде мен жарылып қуаныштан
Сенше, Жайық, арнамнан төгілер ем.
Жайыққа жыр арнау арқылы жастар санасын ояту да бір арманым еді. Ақын қолынан одан басқа не келеді? Жайықты сүю арқылы туған ел - Қазақстанды сүюдің ең басты борыш екенін айтам оқушылар мен студенттерге. Соның суындай мөлдір көңіл мен сабырлы мінез үйреніңдер деймін жасөспірім қазақтың қыздарына. Жас шағымда көрген өктем бермес көктемгі тасқынын аңсаймын. Жайықта туған дарынды ата-бабалардың есіміне шаң жұқтырмай, қастерлеуді өсиет етемін жастарға. Махамбет ақын армандаған «ат салмай өтер күнге» де жеткенімізге, еркін ел болғанымызға шүкіршілік етіп, Құрманғазы күйін тыңдап, Мұхиттың әнін тыңдап жүріп жатырмын сол өзеннің жағасында. «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша атқарылып жатқан игі істер де қуантады. Кеше ғана өмірден өткен Қадыр Мырза Әлі орталығы салынып жатыр. Қасым, Мұқағали, Қадыр оқуларын өткізетін жастардың жырға құмарлығы қуантады. Қалам ұстаған жас таланттар да қаулап өсіп келеді Жайық бойында. Жайықтың табиғатын қорғау, оның болашақ бақыты да жастарға аманат деймін.
Ақын жаны бәрібір мазасыз...
- Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен: Қарагөз СІМӘДІЛ.