Жазатайым оқиғалар динамикасы төмендеу тенденциясына ие емес - кәсіподақтар федерациясы
АСТАНА. ҚазАқпарат – Жазатайым оқиғалар динамикасы іс жүзінде төмендеу тенденциясына ие емес. Бұл туралы Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев «Қауіпсіз жұмыс орны – өмір мен денсаулықты сақтаудың негізі» тақырыбындағы отырыста айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚРКФ медиаорталығына сілтеме жасап.
Бүгін, 28 сәуір күні Дүниежүзілік еңбекті қорғау күні аясында Кәсіподақтар федерациясы «Қауіпсіз жұмыс орны – өмір мен денсаулықты сақтаудың негізі» атты дөңгелек үстел ұйымдастырды. Оның жұмысына республиканың әртүрлі салалары мен аймақтарының кәсіподақ көшбасшылары мен техникалық инспекторлары, жұмыс берушілер мен уәкілетті мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.
«Жазатайым оқиғалар динамикасы іс жүзінде төмендеу тенденциясына ие емес. Осы уақытқа дейін топтық, адам қазасына алып келген апатты жағдайлардың пайда болуының қайғылы фактілеріне куә болып жүрміз. Кәсіподақтар федерациясы Үкімет пен Парламентке қауіпсіздік және еңбекті қорғау мәселелері бойынша заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы бірқатар ұсыныс енгізуге бастамашы болды. Айта кетерлігі, олардың бірқатары Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасында көрініс тапты», - деді Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев.
Елімізде 2021 жылмен салыстырғанда жазатайым оқиғалар саны 1 297-ден 1 232-ге немесе 5%-ға, жарақат алғандар 1 467-ден 1 465-ке немесе 0,1%-ға азайса, қаза болғандар саны 200-ден 203 адамға немесе 1,5%-ға өскен.

«Сонымен қатар, тіркелген 1 232 жазатайым оқиғаның 428-і кәсіподақтар жұмыс істейтін 228 кәсіпорында болғанын айта кету керек. Бұл кәсіподақ бар кәсіпорындардағы жарақат деңгейінің төмендігін көрсетеді. Өйткені, өндірістік кеңестер мен еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторлар негізінен кәсіподақтардың бастамасымен құрылады және жұмыс істейді», - дейді ҚРКФ ӘЭҚ және ӘӘ комитетінің бөлім жетекшісі Марат Имаш.
Ол осы уақытқа дейін федерацияның әлеуметтік әріптестерге жолдаған бірқатар ұсынысын айтты. Олардың ішінде – еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторлардың мәртебесі мен өкілеттіктерін арттыру, олардың жұмысын материалдық және моральдық ынталандыру; жазатайым оқиғаны тергеп-тексеру кезінде қызметкердің кінәсінің дәрежесін алып тастау; Еңбек кодексіне әлеуметтік әріптестік келісіміне және/немесе ұжымдық шартқа міндетті ереже ретінде енгізе отырып, барлық жұмыс берушілер үшін міндетті түрде өндірістік кеңестер құру және олардың өкілеттіктерін кеңейту туралы норманы енгізу; «мемлекеттік еңбек инспекторы – еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспектор» форматы бойынша бірлескен тексерулерді ұйымдастыру; әлеуметтік әріптестік құжаттарында қайтыс болған қызметкердің отбасына 10 жылдық жалақы мөлшерінде біржолғы төлем туралы ұсыныстарды бекіту; әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі республикалық, салалық және өңірлік үшжақты комиссиялардың отырыстарында қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету мәселелерін қарау және т.б.

Өндірістегі жазатайым оқиғалардың негізгі себептерінің қатарында жұмыстың қанағаттанарлықсыз ұйымдастырылуын, жәбірленушінің салғырттығын, қауіпсіздік және еңбекті қорғау ережелерінің бұзылуын, жұмыс орындарында техникалық жағдайдың осалдығын атап өтті.
Сондай-ақ, Марат Имаш әлеуметтік әріптестерге «Vision Zero», «Халықтық бақылау», «ASPANS» заманауи қауіпсіздік бағдарламаларын жүзеге асыруға қосылуды ұсынды.
Айта кетсек, ҚР Кәсіподақтар федерациясы 2023 жылды «Қауіпсіз еңбек жылы» деп жариялаған.
Бұған дейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлім еткендей, Қазақстанда жыл сайын кәсіпорындарда 1500-ден астам жазатайым оқиғаға жол беріледі, оның 200-ге жуығы өліммен аяқталады.




