Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Жазда Алматы облысында қайда баруға болады: ең көрікті 7 туристік бағыт

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда көпшілікке танымал демалыс орындарымен қатар, жазғы саяхатқа лайық, табиғаты ерекше әрі көрікті бағыттар да аз емес. Соның бірі – Алматы облысы.

в
Фото: Туризм және спорт министрлігі

Өңір асқар тауларымен, терең шатқалдарымен, көркем жайлауларымен, мөлдір көлдерімен және қайталанбас табиғи ландшафттарымен ерекшеленеді. Алматы облысы жазғы демалыс, экотуризм, треккинг және отбасылық саяхат үшін қолайлы бағыттардың бірі саналады.

– Алматы облысында табиғат аясында демалуға, белсенді туризммен айналысуға және ерекше әсер алуға мүмкіндік беретін көптеген орын бар. Өңірдегі әр бағыт өзіндік табиғи ерекшелігімен және туристік әлеуетімен құнды, – делінген Туризм және спорт министрлігінің ақпаратында.

Саяхатшылар арасында сұранысқа ие бағыттардың бірі – Шарын ұлттық табиғи паркі. Ол миллиондаған жыл бойы қалыптасқан ерекше шатқалдарымен танымал. Мұнда Қамалдар аңғарын, Шарын өзенін, Шаған тоғайын және панорамалық көрініс алаңдарын тамашалауға болады.

Тағы бір ерекше бағыт – Ұйғыр ауданы. Бұл өңір қызғылт түсті төбелерімен, каньондарымен және ерекше табиғи бедерімен көз тартады. Геотуризм мен фототуризмді ұнататындар үшін қолайлы орын.

Қарасай ауданында Үшқоңыр жайлауы, Көклайсай, Қаскелең шатқалы, Ақсай сайы және тау етегіндегі демалыс аймақтары орналасқан. Бұл бағыт бір күндік саяхат пен белсенді демалысқа ыңғайлы.

Балқаш – Бақанас бағыты да туристер үшін қызықты орындардың бірі. Мұнда Іле өзенінің табиғаты мен шөлейт аймақ экожүйесі үйлесім тапқан. Бағыт джип-тур, экспедиция және табиғат аясындағы тыныш демалысқа қолайлы.

Талғар ауданы Іле Алатауының баурайындағы көркем табиғатымен белгілі. Ақтас платосы, Қотырбұлақ шатқалы, Бесқайнар бағыты мен Сиверс алма бақтары туристерді ерекше әсерге бөлейді.

Еңбекшіқазақ ауданы тау шатқалдары, сарқырамалары және су қоймаларымен танымал. Ассы үстірті, Түрген шатқалындағы Қайрақ сарқырамасы, Бартогай су қоймасы мен Бақай таулары – өңірдің басты табиғи нысандарының қатарында.

Райымбек ауданы да табиғат әуесқойлары үшін ерекше бағыт саналады. Хан Тәңірі шыңы, Тұзкөл көлі, Қарқара және Шалкөде жайлаулары, Кеген–Қарқара бағытындағы тау сарқырамалары треккинг пен этнотуризмге мүмкіндік береді.

Алматы облысының бұл бағыттары ішкі туризмді дамытуға және өңірдің табиғи байлығын кеңінен танытуға ықпал етеді.

Айта кетейік, Алматы облысы туристерді немен қызықтыратынын мынау сілтемеден оқи аласыз.