Жазда қайда демалған жөн?
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жаз келсе бітті, көпшілікті толғандыратын бір мәселе бар: қайда демалған дұрыс, деген сауалға "Айқын" тілшісі жауап іздеп көреді.
Жаз келсе бітті, көпшілікті толғандыратын бір мәселе бар: қайда демалған дұрыс?
Бұл сауалға жауап іздеп, бас қатыратынымызда заңдылық. Қазақтың байтақ, табиғаты тамаша жерлері де бар. Бірақ біз көбінесе Ыстықкөл немесе шетелге баруға ұсынысты көбірек тастаймыз. Ал кейбірлері өз еліміздің туризмін дамытуды құп көреді. Жалпы, қарапайым халық қайда демалғаны дұрыс?
Туризм агенттігінің мәліметтері бойынша, қазақстандықтар Алматы, Шығыс Қазақстан облыстарындағы демалыс зоналары, Сарыағаш, Төле би мен Бурабай, Алакөл, Көлсай шипажайына басымдық беретін көрінеді. Сонымен қатар Елордасы Астана да халықты қызықтырып отыр. Ал сыртқы туризмде әдеттегідей Түркия, Тбилиси, Ташкент, Дубай, Таиланд т.б. елдері сұранысқа ие. Біздің халықтың көбісі шетелге ағалып баруда. Ал біздің елімізге шетелдік туристер қызығуда. Статистикалық мәлімет бойынша, шетелдік туристік келушілердің саны кіру туризмі бойынша 2,7%-ға, ішкі туризм бойынша 3,4%-ға өсті және сәйкесінше, 4,2 мың адам және 20 мың адамды құрапты. Қазақстанға келуші туристердің саны артуда. Бұл - Қазақстанның халықаралық туризмдегі беделінің арта түскендігінің белгісі болса керек. Қазақтың көрікті жерлері аз емес. Мысалы, шетелден келген қонақтарды Шарын шатқалы, Алакөл мен Балқаш, Бурабай мен сұлу Алатау, Зеренді және Қарқаралы елді мекен, киелі мекен Түркістан ерекше қызықтырады. Шын мәнінде, өз еліміздің азаматтары «өзгенің қаңсығын, таңсық көріп» Түркия, Таиланд, Малайзия, Дубай, Ресей, Германия, Польшаның қалтасын қампайтып, туристік саласының дамуына өзіндік «үлесін» қосып жүр. Ал отандық туристік фирмалар жолдамаларды жан-жақты жарнамалап әлек.
Былтырғы жылы қазақстандықтардың ең көп саяхаттаған қалалары - Ыстамбұл, Анталья, Париж, Нью-Йорк, Прага, Киев, Рим. Ал биылғы тізім бойынша, Ыстам-бұл, Тбилиси, Ташкент, Дубай, Прага. Биыл - отандастарымыздың көбі елде демалуға ниетті екен. Сыртқа шығуға әуес туристер саны 80 пайызға азайып кеткен деседі. Еуропаға саяхаттаушылар саны күрт төмендеп отыр. Сондай-ақ туризм агенттігінің мамандарының айтуынша, биылғы жылы Түркияда демалып жатқан қазақстандықтардың саны - 7500. Бұл негізгі тұрақты сан. Ал былтырғы жылмен салыстырғанда екі есе төмендегенін айтады. Шетелде демалу қымбаттады. Бұл баға қарапайым халықтың қалтасын көтере ме? Мәселен, Түркияда 10 күн демалу үшін қалтаңыздан 800 доллар шығару керек болатын. Бұрынғы теңгемен сонда 154 теңге болса, ал қазіргі теңгеге шақсақ, 276 теңге шығаруыңыз керек.
Халықтың көбісінде «ішкі туризм сыртқы туризмнен қымбат» деген түсінік қалыптасқан. Сондай-ақ еліміздегі демалыс орындарының қызмет көрсету деңгейі төмен, оның үстіне шетелдегідей барлық жағдай жасалмайды деп шу туғызады. Қарап отырсақ шетелдік курорттармен отандық демалыс орындарының құны бірдей секілді. Мамандар биыл бұл нарықтағы көрсеткіштер төмендейтінін болжап отыр. Қанша дегенмен, баға шарық-тап тұр. Бірақ былтырғыдай арзаншы-
лық жоқ. Қазірдің өзінде былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда көрсеткіш
20-25 пайызға азайған. Мамандардың пікірінше, туризм саласын тек жеңілдіктер құтқаруы мүмкін екен. Сондай-ақ қазақстандық туристер шетелден кем түспейтін жергілікті курорттарға да мән бергені жөн. Кендірлі, Алакөл, Балхаш сияқты демалыс орындарында қызмет сапасы бағасына сай келетін курорттар аз емес дейді. Мәселен, Алакөл көлінде бір күндік тамақтану құнын ескермегенде 3 мың теңгеден бастап, 15 000 теңгеге жетеді. Ал 10 күн демалатын болсаңыз -150 000 теңге. Ал барып-қайту құны - 3000-5000 теңге. Ал Балқаш көлі өткен жылмен салыстырғанда, біршама өскен. Бурабай шипажайының эконом-кластағы жазғы үйінде тұру, - 3 мезгілдік тамақтану құнымен 8 300 теңге. Ал Сарыағаштағы шипажайының кейбіріндегі стандартты бір адамдық нөмір - 7000 теңге. Ал биыл - 7500 теңге. Зеренді және Қарқаралы елді мекендерінде демалыс орындарында баға аспандап тұр. Тәулігіне демалатын орын және тамақтанумен бірге 27 500 теңге. Мәселен, Бурабайда бір күн демалу құны тамақтануымен бірге 8 300 - 18 000 теңгеге жетеді. Тура осы сомадағы ақшаға Түркияға, Мысырға баруға болады екен. Ел ішіндегі демалыс орындарына сұраныс пен шетелдік сұраныстың пайыздық көрсеткіші бірдей. Бірақ көпшілігі «көріп жүрген жеріміз ғой, одан да сол ақшаға шетелді бір көріп келейік» деп ойлайды. Ел көресің, жер көресің деген-дей және де өзге елдің салт-дәстүрімен танысу - демалыстың мәнісі осы емес пе?! Қазақстандықтардың арасында қазіргі уақытта Қырғызстанға барушылар да жетерлік. Ыстықкөлдегі бір адамға арналған бір күндігі 12 АҚШ доллары мен 100 АҚШ доллары аралығындағы соманы құрайды. Барып қайту құны - 3000-6000 теңге.
Ал егер Қазақстанда қайда демалуға болады деп бас қатырсаңыз, бірнеше демалыс орнын мысалға келтіруге болады. Мысалы, Көкшетау ұлттық саябағы. Бұл Қазақстанның ұлттық дәстүрі сақталған жер. Сондай-ақ Жұмбақ тас жартасы, Көкшетау мен Бурабай тауы, Жеке батыр, Оқжетпес, т.б. Бұл тау алыптарын естімеген жан кемде-кем. Ал Қорғалжын қоры-на келсек, бұл Қазақстандағы ең құпия демалыс орындарының бірі болып саналады. Ол осы уақытқа дейін жұмбақ күйін сақтап отыр. Тіпті жергілікті тұрғындарға да. Қорғалжын ЮНЕСКО бүкіләлемдік табиғи мұрасының тізіміне енгізілген. Сондай-ақ Қапал-Арасан - Жоңғар Алатау тауларының солтүстік баурайында жатқан, Талдықорған қаласына 100 шақырым қашықтықтағы Биен өзенінің жағасында орналасқан танымал отандық демалыс орындар бар. Тағы мақтанып айтатын жеріміз -Баянауыл ұлттық саябағы. Қазақстанда Іле Алатауының әдемі көлдерге өте бай. Сонымен қатар егер денсаулығыңды түзейтін, тамаша демалысты қаласаңыз, онда Оңтүстік өңіріндегі Сарыағаш шипажайында өткізуіңізге болады. Айталық, Шығыс Қазақстан облысындағы Ырғызбай тарихи-кешеніне жыл сайын алыс-жақыннан келушілер өте көп. Тек қазақстандықтар ғана емес, өңірге Франция, Германия, Израиль, т.б. алып мемлекеттерден келетін туристердің қатары артқан. Сонымен бірге Оңтүстік өңірдегі Төле би ауданы туризм орталығына айналды. Туристер үшін таптырмайтын орын ол Қазығұрт тауының баурайы. Қазақстанның қай өңірі болса да туризм саласына айтарлықтай үлес қоса алады. Өйткені біздің еліміздің қай аймағының да жері шұрайлы, табиғаты сұлу, ауасы таза. Ең бастысы, сырттан келген демалушылардың көбісі жақсы тынығып, елімізге таңырқап кетері анық.
Осыдан бір-екі жыл бұрын отандық демалыс орындарының қызмет көрсету сапасы да көңіл көншітпей тұрғанымен, қазіргі уақытта жағдайы жақсарып халықтың көңілінен шығып жатыр. Осы қазақстандықтар не себепті шетелге ағыла береді деп байбалам салуымыз да бекер емес секілді. Себебі өз елімізде демалыс орындарының құны аспандап тұрса, басқа елге телмірмегенде не істейміз?! Бірақ алдағы уақытта шетелдің бірқатар мемлекеттерінде демалыс орындарының құны өспек.
Жадыра ПЕРДЕБАЙҚЫЗЫ