Жазда Қазақстанда қосымша пойыздар мен әуе рейстері іске қосылады

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда жазғы демалыс пен мектеп каникулы кезеңінде жолаушылар тасымалын күшейту үшін қосымша пойыздар мен әуе рейстері іске қосылады.

в
Фото: Көлік министрлігі

ҚР Көлік министрлігінің мәліметінше, жолаушылар сұранысының артуына байланысты көлік компанияларымен бірлесіп туристік бағыттар бойынша теміржол және әуе қатынасы кеңейтілуде.

2026 жылдың жазғы маусымында 15 қосымша теміржол маршруты ұйымдастырылады. Қосымша пойыздар 16 маусымнан бастап қатынайды.

Жаңа бағыттар Астана, Алматы, Қарағанды, Ақтөбе, Семей, Өскемен, Қызылорда және Павлодар қалаларынан Достық пен Балқаш сияқты туристік аймақтарға қатынайды.

Бұл шаралар жаз мезгілінде пойыздарда шамамен 550 мың қосымша орын ашуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар жолаушылар ағыны көбейген жағдайда қолданыстағы пойыз құрамдары да ұлғайтылады.

Жазғы маусымда пойыздардағы вагон саны орта есеппен 19-21 вагонға дейін өседі. Ал маусымаралық кезеңде бұл көрсеткіш 13-15 вагонды құрайды.

Сондай-ақ 2026 жылғы 1 маусымнан бастап Қарағанды – Балқаш бағыты бойынша №219/220 жолаушылар пойызы іске қосылады.

Әуе тасымалы бойынша да қосымша рейстер ашылады.

2026 жылдың маусым-тамыз айлары аралығында Астана – Балқаш, Үржар, Үшарал және Алматы – Балқаш, Үржар, Үшарал бағыттары бойынша аптасына жеті рейске дейін қосымша ұшақ қатынайды.

Бұл бағыттардағы әуе билеттерінің бағасы әлеуметтік қолжетімді деңгейде сақталады. Құны 16 мыңнан 20 мың теңгеге дейін болады.

Министрлік мәліметінше, 2026 жылы Қазақстанда аптасына 813 рейс жиілігімен 60 ішкі әуе бағыты бойынша тұрақты қатынас жүзеге асырылады.

Тұрақты әуе маршруттарын субсидиялау бағдарламасы аясында 24 бағытқа, оның ішінде 16 туристік маршрутқа 6,4 млрд теңге бөлінген.

Айта кетейік, Измир мен Алматы арасында тікелей әуе рейсі ашылады.