Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Жазда самбодан ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың жүлдесі үшін Әлем кубогының кезеңі өтеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Биыл елімізде өтетін «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне орай, ел ордасы Астана қаласында көптеген спорттық жарыстар ұйымдастырылуда.

Жазда самбодан ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың жүлдесі үшін Әлем кубогының кезеңі өтеді

Сондай жарыстардың бірі - самбо. 6-8 шілде аралығында ерлер және әйелдер арасында самбодан және әскери самбодан Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың жүлдесі үшін Әлем кубогының кезеңі өтеді. Спорттық дода «Дәулет» спорт кешенінде ұйымдастырылады.

Айта кетейік, алғашында самбо екі бағытта дамыған болатын. Олар: бұқаралық спорт түрі және құқықтық тәртіп сақтау органдарының кадрларын дайындауда қолданылатын тиімді құрал ретінде.

Тарихқа көз жүгіртсек, 1923 жылы Мәскеудің «Динамо» спорттық қоғамында В.А.Спиронов «өзін-өзі қорғау» техникасын тарата бастаған болатын. Бұдан кейін дзю-до негізіндегі спорттық самбо белсенді дами  бастайды.

Бүгінгі таңда  самбо екі бағыттан тұрады. Олар: спорттық және жауынгерлік. Алғашында ол моральді-еріктің тиімді тәсілі және жан-жақты дене дамуы, ептілікті, күшті, төзімділікті асыру, тактикалық ойды тәрбилеу, азаматтық-патриоттық қасиеттерді қалыптастыру ретінде қарастырылған болатын.  

1938 жылдың 16 қарашасында Дене шынықтыру және спорт Бүкілодақтық комитеті № 633 «Еркін стильді күрестің дамуы (самбо) туралы» бұйрық шығарды. Бұйрықта «Бұл күресте біздің байтақ Одағымыздың ұлттық күрес түрлерінің көптеген бағалы элементтері мен басқа күрестердін бірнеше жақсы әдістері қамтылған» деп жазылыпты. Спорт тарихында бұл күн - Самбо негізінің қаланған күні болып есептеледі.

Кейін КСРО мемлекеттерінде самбошыларды дайындау жүйесін ұйымдастыру шешімі қабылданды. Сонымен қатар, «Күрестің еркін стилі (самбо) Бүкілодақтық секциясы» құрылды. Араға біраз уақыт салып, аталған ұйым Самбо Федерациясы болып өзгертіледі.

1939 жылы КСРО-да жаңа спорт түрінен елдің бірінші чемпионаты өткізіледі. Алайда  Ұлы Отан соғысының басталуы КСРО чемпионаттарын тежеп тастайды.

Дей тұра, соғыс аяқталған соң, 1950 жылдары самбо халықаралық аренаға шығады. Ал 1957 жылы кеңес самбошылары венгриялық дзюдоисттермен екі жолдастық кездесу өткізіп, 47:1 ірі есебімен жеңіске ие болды.

1966 жылы Халықаралық әуесқойлар күресі федерациясының конгресінде самбо ресми түрде халықаралық спорт түрі деп танылады. Енді дүниежүзі бойынша самбо танымалдығы арта бастайды.

1977 жылы самбошылар алғаш рет Панамерикалық ойындарға шықты. Дәл сол жылы алғаш рет самбодан әлем Кубогы өткізілді. 1979 жылы жастар арасындағы бірінші әлем чемпионаты, екі жыл өткен соң - әйелдер арасындағы бірінші әлем чемпионаты өткізілді. Сондай-ақ, 1981 жылы самбо Оңтүстік Американың Боливариандық ойындарына кірді.

Дей тұра, қарыштап дамыған самбо Олимпиадалық ойындар бағдарламасына әлі енгізілген жоқ.

Айта кетейік, Астана қаласында өтететін Әлем кубогына әр елден 300-ге жуық спортшы жиналады деп күтілуде. Олар өз салмақ дәрежесінде мықтыларды анықтайды. Әлем кубогының кезеңі ерлер және әйелдер арасында өткізіледі. Сонымен қатар жарыс әскери самбодан, барлығы 9 салмақта өтеді.

Бүгінгі таңда белгілі ақпаратқа сүйінсек, Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың жүлдесі үшін Әлем кубогының кезеңіне қатысуға 20 ел өтініш білдірген. Ал қала тұрғындары мен меймандары үшін аталған жарыс тегін көрсетіледі.

Ұйымдастырушы - «Қазақстанның спорттық және әскери самбо федерациясы» және Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі.