Жазғы каникул кезінде сайлаушылар тізіміндегі студенттер нақтыланбақ
АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров алдағы сайлау кезінде студенттердің тізімін нақтылауға қатысты тапсырма берді.
Атап айтқанда, бүгін ОСК отырысында 2026 жылғы 23 тамызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлауда сайлаушылар тізімдерін сайлау комиссияларына ұсыну мәселесі қаралды.
- Қазір жаз кезін ескере отырып, ересектер еңбек демалысына шығып, ел аралайды. Сонымен қатар қатар жастар каникулда. Осы орайда аумақтық сайлау комиссиялары тиісті жұмысты күшейтуі керек. Хабардар етуге ерекше мән берген жөн. Өйткені студентердің басым бөлігі қазір Астана мен Алматыда емес, яғни өздерінің тұрақты мекенжайында немесе сапарда болуы мүмкін. Сондықтан бүгін тіркеуден алу туралы тақырыпты қараймыз. Тізімдерді алдық. Енді осы бойынша жұмысты жалғастыру керек - деді Н.Әбдіров.
Сонымен қатар ОСК төрағасы бірінші курсқа оқуға түскен студенттер тізімнен қалып қоймауы керек екенін айтты.
- Студенттерге назар аудару керек, - деді Нұрлан Әбдіров.
Айта кетелік, Құрылтай депутаттарын сайлау аясында 7 саяси партия сайлауалды штабтарын ашқан еді.