Жазғы маусымда қосымша 4 Тальго пойызы қатынайды
АСТАНА. KAZINFORM – Ұлттық тасымалдаушы жазғы демалыс кезеңіндегі жолаушылар сұранысын қамтамасыз ету мақсатында төрт қосымша Тальго пойызын іске қосады.
«Жолаушылар тасымалы» АҚ мәліметінше, 2026 жылғы 18 маусымнан бастап №254/253 «Нұрлы жол – Достық», №211/212 «Алматы-2 – Достық», №207/208 «Алматы-2 – Достық» және №231/232 «Алматы-2 – Семей» бағыттары бойынша қосымша пойыздар қатынай бастайды.
Қосымша құрамдар өңірлердің көліктік қолжетімділігін арттыруға және жазғы маусымдағы жолаушылар ағынын азайтуға мүмкіндік береді.
– Бұл шара өңірлердің көліктік қолжетімділігін қамтамасыз етуге және жазғы демалыс кезеңінде жоғары сұранысты қанағаттандыруға бағытталған, – деп хабарлады ұлттық тасымалдаушы.
№254/253 «Нұрлы жол – Достық» пойызы 22 маусым мен 31 тамыз аралығында аптасына екі рет – дүйсенбі және бейсенбі күндері қатынайды. Құрамында 27 вагон болады. Пойыз 344 жолаушыға арналған, оның ішінде мобильдігі төмен азаматтарға арналған арнайы купе қарастырылған.
Ал №211/212 «Алматы-2 – Достық» бағыты бойынша пойыз 20 маусымнан 30 тамызға дейін тақ күндері қатынайды. Құрамында 23 вагон бар және 326 жолаушы орны қарастырылған.
№207/208 «Алматы-2 – Достық» пойызы 19 маусымнан 29 тамызға дейін жұп күндері жүреді. Құрамында 22 вагон бар, жалпы сыйымдылығы – 288 орын.
Сондай-ақ №231/232 «Алматы-2 – Семей» бағыты бойынша қосымша Тальго пойызы 18 маусымнан 30 тамызға дейін жұп күндері қатынайды. Оның құрамында 22 вагон болады және 288 жолаушыны тасымалдауға арналған.
– Билеттер ресми bilet.railways.kz сайтында, «Жолаушылар тасымалы» АҚ билет кассаларында, сондай-ақ билеттерді сатудың мобильді сервистері арқылы қолжетімді, – делінген хабарламада.
Ұлттық тасымалдаушының мәліметінше, жолаушылар қосымша ақпаратты 1433 бірыңғай байланыс нөмірі немесе компанияның ресми әлеуметтік желідегі парақшалары арқылы ала алады.
Айта кетейік, пойыз қозғалысын енді онлайн бақылауға болады.