Жазғы науқандық жұмыстарды ұйымшылдықпен атқарудың маңызы зор - БҚО
ОРАЛ. 12 маусым. ҚазАқпарат - Жазғы науқандық жұмыстарды ұйымшылдықпен атқарудың маңызы зор. Бұл туралы Батыс Қазақстан облысы әкімі Нұрлан Ноғаев өткізген кеңесте мәлім етілді.
Кеңестің күн тәртібіне көктемгі егіс жұмыстарының қорытындысы, мал азығын дайындау, ауыл шаруашылығы жерлерін шегіртке тектес зиянкестерге қарсы өңдеу барысы және ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін дамыту бағдарламасы туралы, орман және дала өрттерінің алдын алу, суға түсу қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ҰБТ нәтижесі, оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыру және ауылдық округтер әкімдерінің сайлауын өткізу туралы барлығы жеті мәселе енгізілді. Облыс әкімінің атап өткеніндей, оның барлығы да - кезек күттірмейтін өзекті шаруалар.
Кеңесте бірінші мәселе бойынша облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Арман Өтеғұлов және ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Батыс Қазақстан облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Ғарапша Сақыпов баяндама жасады. Олардың пайымдауынша, облыс бойынша көктемгі егіс науқаны біркелкі ұйымшылдықпен өткізілген. Ағымдағы жылы жаздық дақылдар 293,8 мың гектарға егілді. Негізінен егін шаруашылығы басым Зеленов және Теректі аудандары биыл егіннен мол өнім алады деп күтілуде. Биыл облыс бойынша 53,2 мың гектарға майлы дақылдар, 23,3 мың гектарға мал азықтық дақылдар егілді. Бірақ қаржы тапшылығына орай бұл дақылдарды егу көздеген межеден көрінбеді. Картоп және көкөніс-бақша дақылдарын отырғызу жоспары асыра орындалды.Бұл азық-түлік қорын молайтуға мүмкіндік береді деген сөз.
Мал азығын дайындау жұмыстары әлі қарқын алмаған. Биыл 1 миллион 36 мың тонна мал азығы дайындалады деп жоспарлануда. Күні бүгінгі мәлімет бойынша бар болғаны 11,5 мың тонна шөп дайындалды.
Кеңесте ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін дамыту жобасын жүзеге асыру барысына ерекше назар аударылды. Бұл бағдарлама аясында облыс 2015 жылға дейін экспортқа 5 мың тонна ет шығарып, 200 фермерлік шаруашылық құрып, 12,5 мың басқа арналған мал бордақылау алаңдары салынып, 5 асыл тұқымды жасақтаушы шаруашылық құру қажет. Осыған орай Сырым ауданының «Жібек жолы», Шыңғырлау ауданының «Бірлік», Тасқала ауданының «Арай» және Жаңақала ауданының «Хафиз», «Ерхан» шаруа қожалықтарында «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы мал бордақылау алаңдарын іске қосу жоспарланып отыр. Асыл тұқымды мал басын өсіру үшін «Сыбаға» бағдарламасы бойынша мал сатып алу жұмысы өз деңгейінде емес. Бұл іске облыстың 54 ауылдық округінің шаруашылықтары немқұрайлылық танытуда.
Ауыл шаруашылығы жерлерін зиянкестерден қорғау ісі де басты назарда ұсталуда. Биыл өңделуге тиісті 84,9 мың гектар жердің 97 пайызы химиялық өңдеуден өткізілді. Дегенмен әлі де атқарылар жұмыстар көп. Дәнді дақылдар егісінің шегіртке, зиянды бақашық, қандала және астық қоңыздары сияқты аса қауіпті зиянкестермен зақымдану жағдайына тұрақты бақылау жасау күн тәртібінен түспеуі тиіс.
Кеңесте Батыс Қазақстан облысының төтенше жағдайлар департаменті директорының міндетін атқарушы Жанмұрат Балғабаев табиғи өрттердің және суға түсу қауіпсіздігін сақтау, БҚО білім басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаева ҰБТ қорытындысы мен оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыру мәселелері бойынша баяндады.
Кеңес жұмысын қорытындылаған облыс әкімі Нұрлан Ноғаев Орал қаласы және аудандар әкімдеріне мал азығын дайындау бойынша жоспарлы тапсырманы орындау, егін орағы науқанына астық ору комбайндарының, қоймалық ғимараттардың, астық қабылдау кәсіпорындарының әзірлігіне назар аудару, ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін дамыту бағдарламасының 2013 жылғы жоспарының орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды. Сондай-ақ тиісті мекеме басшыларына дала және орман өрті қауіпсіздігін сақтауды жетілдіру, оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыруда орын алған кемшіліктерді тез арада жоюдың нақты шаралары алу жүктелді.