Жібек Құламбаева Испаниядағы турнирде топ жарды
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі Жібек Құламбаева жұптық сында Маспаломас (Испания, Гран-Канария аралы) ITF W100 турнирінің финалында өнер көрсетті.
Ж.Құламбаева чехиялық Анна Шишковамен жарыстың 2-ракеткасы болып тіркелген еді. Олар соңғы бәсекеде доданың 3-ракеткалары, швециялық Лиза Заар — чехиялық Доминика Салковамен чемпиондық атақты сарапқа салды.
Бірінші партияда қазақстандық-чехиялық жұп 5:0 есебімен алға кетті. Қарсыластары есепті қысқартса да, Жібек пен Анна есесін жібермеді – 6:3.
Екінші сетте матч тағдыры тай-брейкте шешілді – 7:6 (7:3).
Біршама тартысты өткен ойын 1 сағат 34 минутқа созылды.
Осылайша, Жібек Құламбаева – Анна Шишкова Маспаломас додасында титулға қол жеткізді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Жібек Құламбаеваның Испаниядағы турнирдің финалына шыққанын жазған едік.