Жібек Құламбаева Таиландтағы жарыстың ширек финалына шықты
Қазақстандық Жібек Құламбаева жұптық сында Нонтхабури (Таиланд) ITF турнирінің ширек финалына шықты, деп хабарлайды Kazinform.

Жарыстың 1-ракеткасы болып тіркелген Ж.Құламбаева грекиялық Сапфо Сакелларидимен бірге индонезиялық Беатрис Гумуля – жапониялық Рина Сайгомен бастапқы кездесуін сәтті өткізді.
Қазақстандық-грекиялық дуэт 6:4, 6:3 есебімен жеңіске жетті. Жібек Құламбаева – Сапфо Сакеллариди жартылай финалға шығу үшін Польша өкілі Майя Хвалиньска – жапониялық Юки Наитомен таласады.
Тағы бір қазақстандық, әлемнің 188-ракеткасы Бейбіт Жұқаев Нонтхабури челленджер турнирінің алғашқы айналымында рейтингіде 211-орында тұрған жапониялық Юта Симидзумен кездесуі керек еді. Алайда Б.Жұқаев денсаулығына байланысты матчқа қатысудан бас тартты. Енді ол Аустралия ашық чемпионатының іріктеу сайыстарына дайындалатын болады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Денис Евсеевтің Канберрада екінші айналымға өткенін жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Анна Данилина Окленд турнирінің ширек финалына шықты.
Қазақстандық теннисшілер Аустралиядағы жарыстың ширек финалына шықты.