Жібек Құламбаева Үндістандағы жеңіс сериясын 6 матчқа жеткізді
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі, әлемнің 422-ракеткасы Жібек Құламбаева Аурангабад (Үндістан) ITF W15 турнирін сәтті бастады.
Жарыстың 1-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші бастапқы кездесуін үндістандық Даника Фернандомен өткізді.
Кездесудің фавориті саналған Жібек бәсекені 1 сағаттан сәл астам уақытта бітіріп, қарсыласын айқын басымдылықпен жеңді – 6:3, 6:0.
Жібек Құламбаева ширек финалға шығу үшін тағы бір корт иесі Саумия Рондемен таласады. Осылайша, қазақстандық теннисші өткен аптада өзі чемпион болған Нагпур додасын қосқанда, Үндістанда қатарынан 6 матчты жеңіспен түйіндеді.
Қазақстандық теннисші ресейлік Екатерина Яшинамен бірге жұптық сында да бірінші ракетка болып тіркелген. Кеше қазақстандық-ресейлік жұп үндістандықтар Ааруши Махендра Равал – Самикша Шрофпен бәсекеде қиналған жоқ – 6:2, 6:1. Сөйтіп ширек финалға жолдама алды.
Ж.Құламбаева – Е.Яшина ширек финалда үндістандықтар Сриманя Редди Анугонда – Даника Фернандо немесе нидерландылық Мелисса Бойден – малайзиялық Эльза Ван жұптарының қай жеңгенімен шеберлік таластырады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Шевченконың Бухарест турнирінің екінші айналымына шыққанын жазған едік.