Жібек жолы дәуірінен жаңа экономикаға: Астана мен Рим байланысы қалай көркейді

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан көпвекторлы саясатын берік ұстанып, кейінгі жылдары кәрі құрлық елдерімен байланысын біршама жақсарта алды. Елімізге Италия Премьер-министрі Джорджа Мелони ресми сапармен ат басын бұрды. Ізінше «Орталық Азия – Италия» саммиті өтеді. Осы тұста Kazinform агенттігінің аналитикалық шолушысы Қазақстан мен Италия қарым-қатынасының тиімді жақтарына бойлап, қандай мүдделер жақындатып отырғанына көз жүгіртті.

Қазақстан-Италия
Коллаж: Freepik / Pixabay / Wikipedia / Akorda

Саяси қарым-қатынастың бастауы

Биыл екі елдің өзара дипломатиялық серіктестігіне 33 жылға жуық уақыт болды. 1992 жылдың тамызында келісімге қол қойылып, көп ұзамай Италия елшілігі есігін айқара ашты. Ал Қазақстан елшілігі сол елде 1996 жылдан бері жұмыс істейді.

Осы уақыт ішінде екі ел арасындағы қатынастар теңдессіз жоғары деңгейге жетті. Мазмұнды саяси диалог жүргізіліп, өзара сауда қарқыны өсті, келісімшарттар базасы кеңейіп, көпжақты құрылымдар аясындағы ынтымақтастық нығайды. 2009 жылы қол қойылған Стратегиялық әріптестік туралы Шарт Қазақстан-Италия қарым-қатынастарының ерекше мәртебесін айғақтайтын аса елеулі оқиға саналады.

Қазақстан да қазір кәрі құрлықтың дамыған елдерінен кем түспейтін ауқымды саяси өзгерістерге бет түзеді. Саяси жүйені жаңғыртуға, адам құқықтарын қорғау тетіктерін жетілдіруге бағытталған реформалар бағдарламасын бағыт етті. Осы тұрғыда Италия Республикасымен серпінді қарым-қатынастар елімізде жүргізіліп жатқан реформаларды жүзеге асыруға және ілгерілетуге маңызды үлес қосуда.

Екіжақты қатынастарды дамыту мақсатында Өнеркәсіптік және экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық жұмыс тобы істейді. «Қазақстан-Италия» парламенттік достық тобы да құрылған.

Италия
Фото: Ақорда

Былтыр қаңтарда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Италияға ресми сапармен барғаны есте. Онда Мемлекет басшысы Италия Президенті Серджо Маттарелламен кездесіп, маңызды келіссөздер жүргізді. Тараптар Қазақстан мен Орталық Азияның Еуропа Одағымен арадағы ынтымақтастығын дамыту перспективаларын талқылап, көлік және логистика саласындағы өзара тиімді ықпалдастықтың, атап айтқанда, Транскаспий халықаралық көлік бағытын өркендетудің келешегі зор екенін ерекше атап өтті.

Жыл басында Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Араб Әмірлігіне барып, «Абу Дабидің орнықты даму апталығы» саммитіне қатысқан еді. Мемлекет басшысы басқосу алаңында Италия Министрлер Кеңесінің төрағасы Джорджа Мелонимен кездесіп, туған күнімен құттықтап, достас Италия халқының игілігі жолындағы мемлекеттік қызметіне табыс тілеген болатын.

Токаев и Мелони
Фото: Акорда

Сол жылы шырайлы жүздесулер биыл наурызда Астанада жалғасты. Италия Президенті Серджо Маттарелла Қазақстанға келіп, Қасым-Жомарт Тоқаевпен кезекті рет жиын өткізді. Басшылар сауда және экономика, мәдениет саласында тамаша байланыс орната алғанын ерекше атап өткені бар. Ынтымақтастықты одан әрі дамыту перспективалары талқыланды. Қазіргі екі елдің жақындығын сол кездесулердің нәтижесі ретінде қарастырсақ болады.

Мәдени-гуманитарлық салада, білім беру, кітапхана ісі, ғылыми-зерттеу қызметі бағыттары бойынша да өзара іс-қимыл кеңейіп келеді. 2020 жылы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы аясында ұлы ойшылдың «Қара сөздері» мен поэмалары итальян тіліне аударылды. Милан қаласындағы Амброзиан кітапханасында және Венеция қаласындағы «Ка Фоскари» университетінде қазақстандық мәдениет пен әдебиет орталықтары жұмыс істейді.

Қазақстан мен Италияны тек саясат пен экономика ғана емес, Ұлы Жібек жолы дәуірінен бастау алатын тарих және атақты венециялық көпес Марко Полоның саяхаты жақындатады десек – артық айтқандық емес.

Екі ел стратегиялық серіктестікті жан-жақты нығайтуға және дамытуға бағытталған сыртқы саяси бағытты одан әрі ілгерілете беруге ниетті екендерін аңғартып отыр.

«Қара алтынға» негізделген сауда

Ең алдымен айтар жайт – Италияның Орталық Азиядағы мүддесі экономикалық факторларға байланысты. Мәселен, өзге кәрі құрлық елдері секілді Италия да шикізатқа мұқтаж, әсіресе, мұнай өнімдеріне. Аймақпен байланыс жағына келгенде Италия бәрінен бұрын Қазақстанға ерекше назар аударады. Неге?

Біріншіден, Қазақстан - Орталық Азияда көп салалар бойынша көшбасшы. Мысалы, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің дерегінше, 2024 жылы еліміздегі өнеркәсіп өндірісінің көлемі 106,8 млрд долларға жеткен. Бұл көрсеткіш Өзбекстаннан – 1,5 есе, Қырғызстаннан – 16 есе, ал Түрікменстанмен салыстырсақ 22 есе көп.

Екіншіден, Италия – еліміздің мұнайын сатып алушы негізгі елдің бірі. Жыл сайын тауар айналымының орташа қарқынмен артып келеді. 2023 жылы екі ел 16,1 млрд долларға сауда жасасса, былтыр көрсеткіш 20 млрд долларға жуықтады. Соның 18,7 млрд доллары Қазақстан экспортына тиесілі. Соның 98 пайыздан астамы мұнай жеткізу үлесінде.

Италия
Инфографика: Kazinform

Мұнайдан бөлек еліміз ферроқорытпалар, аллюминий, бидай, тас көмір, кептірілген жемістер жеткізген.

Ал Италиядан келген импорттың сомасы былтыр 1,3 млрд долларға бағаланды. Кәрі құрлықтағы серіктес дәрі-дәрмек, арматуралар, құбыр, сорғы және желдеткіш, вакциналар, ыдыс жуатын машиналар, бағалы металдан жасалған бұйымдар саудалаған.

Сондай-ақ италиялықтар Қазақстан экономикасына инвестиция құю жайын да ұмыт қалдырған емес. Сыртқы істер министрлігінің дерегінше, 1992-2022 жылды қамтитын 30 жылдық кезеңде еліміздің экономикасына 15 млрд доллар Италия инвестициясы түскен. Ал 2005 жылдан бастап 2024 жылдың желтоқсанына дейінгі аралықта 7,6 млрд долларды құрапты. Қазір елімізде 300-ге жуық италиялық компания жұмыс істеп жатыр.

Тараптар энергетикалық қауіпсіздікті қорғауға септесіп отыр

Саясаттанушы Жанерке Қайратқызының айтуынша, Қазақстан мен Италия арасындағы байланыс 1992 жылы алғаш дипломатиялық қарым-қатынастар орнағалы бері тұрақты түрде дамып келеді. Бүгінде Астана - Римнің Орталық Азиядағы ең үлкен сауда серіктесі.

Жанерке Қайратқызы
Фото: Жанерке Қайратқызының жеке мұрағатынан

«Осы кездесулер екі тарапқа не береді?» деген сұраққа келер болсақ, ең біріншіден, стратегиялық серіктестікті әрі қарай дамытуға негізделмек. Жоғары деңгейдегі кездесулер барысында көптеген түйткілді мәселелер өз шешімін тауып, өзара сенім мен ынтымақтастық арта түседі. Мемлекет басшылары қатысатын келіссөздердің ауқымы кең, әсіресе саяси серіктестікті нығайтуға үлес қосады.

Италия қазір Еуропалық Одақ елдері арасында экономика мен энергетикалық қауіпсіздік саласында тұрақтылық көрсетіп отыр. Бұл үлкен артықшылық, себебі әлемдегі геосаяси жағдайлар әсерінен кәрі құрлық елдері экономика мен энергетика саласында келеңсіздіктерге тап болды. Яғни, Италия - сол дағдарысқа төтеп беріп тұрған мемлекеттердің бірі. Осы орайда Қазақстанның да үлесін атап өту керек. Себебі кәрі құрлық елінің энергетикалық қауіпсіздігін сақтауда Астана тарапының үлесі мол. Сол үшін Италия серіктестікті жалғастыруды көздейді, – дейді сарапшы.

Сәуір айында Орталық Азия мен Еуропалық Одақ елдерінің саммиті өткені белгілі. Ол жерде де бірқатар келісімдерге қол қойылып, Еуроодақ тарапынан Орталық Азияға 12 млрд еуро инвестиция жасалатын болды. Енді сол келіссөздер аясында қабылданған шешімдердің іске асыру тетіктерін әр мемлекеттер өзара талқылауға көшпек.

Италиядан бізге жеткізілетін тауарлардың өндірісін өз елімізде жолға қою, технологиялық трансферттер жасау жағынан да мүдделіміз. Италиялық алып Eni компаниясы қазір мұнай-газ саласына ғана емес, баламалы энергетикаға да өз үлесін қосып жатыр. Демек, Қазақстан қазір экспорттайтын шикізатын терең өңдеуге көшіп, оны іске асыруда италиялық технологияны қолдануға ниетті.

28 мамырда Қазақстан мен Италияның іскерлік форумы да өтті. Оның аясында 10 меморандумға қол қойылып, жүздеген млн еуроға келісімдер жасалған. Қазақстанда 300-ден астам италиялық орта кәсіп өкілдері қызмет атқаруда. Бұның бәрі – италиялық бизнестің елімізге сенімінің көрсеткіші. Алда өтетін жоғары дәрежелі кездесулер осы сенімді арттырып, Астанаға құйылатын италиялық инвестицияның ұзақмерзімді кепілі болмақ, – деп қорытындылады саясаттанушы Жанерке Қайратқызы.

Соңғы жаңалықтар