Жедел штаб құрылды: жарықсыз қалған Қаражалда не болып жатыр

ҚАРАЖАЛ. KAZINFORM — Қаражал қаласында электрмен жабдықтау жүйесіндегі апат салдарынан тұрғындар екінші тәулік қатарынан жарықсыз отыр. Апат жүздеген тұрғын үй мен бірқатар әлеуметтік маңызы бар нысандардың жұмысын шектеді. Ұлытау облысы әкімдігі жағдайды бақылауға алып, апат салдарын жою үшін жедел штаб құрылғанын мәлімдеді.

Жедел штаб құрылды: жарықсыз қалған Қаражалда не болып жатыр
Фото: Ұлытау облысы әкімдігі

Электр энергиясының апаттық ажыратылуы 17 желтоқсан күні сағат 09:50–де тіркелген. Электр беру желісіндегі сымның үзілуі салдарынан «Өркен» ЖШС-нің подстанциясында 35 кВ қорғаныс жүйесі іске қосылған. Ұлытау облысы әкімдігінің хабарлауынша, ақау «Вест-2001» ЖШС балансындағы желіде болған. 

Жедел штаб құрылды: жарықсыз қалған Қаражалда не болып жатыр
Фото: Ұлытау облысы әкімдігі

Апаттық-қалпына келтіру жұмыстары 18 желтоқсан күні таңғы 05:00–ге дейін жүргізіліп, нәтижесінде электр энергиясы ішінара қалпына келтірілді. Алайда сағат 11:00–дегі мәлімет бойынша 385 абонент әлі де жарықсыз қалып отыр. Оның 380-і — жеке тұрғын үй секторы, сондай-ақ бес әлеуметтік нысан: қала әкімдігінің ғимараты, Қазпошта бөлімшесі, Мәдениет сарайы және № 1 мектеп.

Апат салдарын жою жұмыстарына сегіз электрик пен төрт арнайы техника тартылған. Жұмыстардың барысын үйлестіру үшін Қаражалға Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Ұлантай Үсенов келді. 18 желтоқсан сағат 11:00–ден бастап ақаудың нақты себебін жоюға бағытталған қосымша технологиялық ажыратулар жүргізілуде. Сағат 12:00–де облыс әкімі Дастан Рыспековтің төрағалығымен Өңірлік жедел штабтың отырысы өтті.

Қала тұрғындары тұрмыстық қиындықтарға тап болғанын айтады. Қаражалда үйлердің басым бөлігі электр сорғылары арқылы жұмыс істейтін пештермен жылытылады. Электр энергиясының болмауы кейбір тұрғын үйлерде жылыту жүйелерінде мұз қатуына және істен шығуына әкелген.

Облыс әкімдігінің мәліметінше, тұрғындар үшін уақытша түнейтін орындар ұйымдастырылған. Сонымен қатар қала кәсіпкерлері халықты ыстық тамақпен және нан өнімдерімен қамтамасыз етіп отыр.

Жедел штаб құрылды: жарықсыз қалған Қаражалда не болып жатыр
Фото: Ұлытау облысы әкімдігі

Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Ұлантай Үсеновтің айтуынша, электр желілерінің меншік иесі — «Вест-2001» ЖШС қалпына келтіру жұмыстарына дер кезінде кіріспеген. Компания мұны мамандар мен техниканың жетіспеушілігімен түсіндірген. Осыған байланысты жедел штаб құрылып, жөндеу жұмыстарына өңірдің өнеркәсіптік кәсіпорындарынан, оның ішінде тау-кен байыту комбинаттарынан қосымша күштер тартылды.

Жедел штаб құрылды: жарықсыз қалған Қаражалда не болып жатыр
Фото: Ұлытау облысы әкімдігі

Қазіргі уақытта Қаражалда электрмен жабдықтауды толық қалпына келтіру жұмыстары жалғасып жатыр.

Бұған дейін Батыс Қазақстан облысында қолайсыз ауа райына байланысты 16 мыңнан астам абонент электр энергиясынсыз қалғаны хабарланған болатын. 

Соңғы жаңалықтар