«Жедел жәрдемге жедел көмек керек» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 6 қазан. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 6 қазан, сенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
None
None

***

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Российская газетада» жарияланған мақаласының аудармасы «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында «Қазақстан мен Ресей ХХІ ғасырда: ортақ құндылықтар негізіндегі мәңгі достық пен одақтастық» деген тақырыппен берілді. Елбасы мақаласында: «Өзімнің жеке саяси тәжірибемді ескере отырып, жақсылықтарға қарай нақ­ты бетбұрыстар жасалғанда қоғам­ның бір бөлігінде оны жеделдету тілегі пайда болатынын білемін. Біз бүгінгі таңда Ресейде және басқа көптеген елдерде осындай үрдістің анық байқалатынын көріп отырмыз. Бірақ, барлық уақыттарда жауапты саяси көшбасшының міндеті кезең-ке­зең­мен дамуды қамтамасыз ете оты­рып, бұрын  жасалғандарды бүлдіріп алуға жол бермеу, мемлекет негізінің беріктігін шайқалтып алмау болып та­былады. Елде тұрақтылық болмайынша, қо­ғам дами алмайды. Байқасаңыздар, бү­гін­гі таңда әлемде мұндай мысалдар көп», - дейді.

 

Осы басылымның жазуынша, кеше Астанада «Нұр Отан» ХДП Ор­талық аппаратында Парламент Сена­ты­ның депутаты, «Нұр Отан» ХДП жа­нын­дағы Жемқорлықпен күрес жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің төр­ағасы Оралбай Әбдікәрімовтің төрағалық етуімен бейне-конференция форма­тын­дағы кеңес отырысы өтті. О.Әбдікәрімовтің айтуынша, бүгінде мемлекеттік сатып алу саласындағы жемқорлық қылмыс­тар жалпы жемқорлық қылмыстар санының 21,2 пайызын құрап отырған көрінеді. Мәсе­лен, 2010-2012 жылдары қаржы полициясы мемлекеттік сатып алу саласында 1159 жем­қорлық және лауазымдық қылмысты анықтап, әшкерелесе, олардың басым көпшілігі, Оң­түстік Қазақстан облысында (143) , Атырау облысында (122), Шығыс Қазақстан облы­сын­да (93), Павлодар облысында (77) және Астана қаласында тіркеліпті. Толығырақ «Заң бұзушылықтар толастамай тұр» деген тақырыптан біле аласыздар.

***

«Алаш айнасы» газетінің бүгінгі санында «Маман көп, бесаспап жоқ» деген тақырыптағы  мақалада инновациялық-индустриялық даму бағытын ұстанған еліміз үшін кәсіби біліктілігі жоғары маман даярлау күн тәртібінен түспеуі тиіс нөмірі бірінші мәселе екені айтылады. «Алайда әзірге дефицит мамандықтардың «тайм аут» алып тұрған шағы демеске амал жоқ. Қазекем еңбек рыногындағы сұранысқа қарамай, баласының креслода отырып, көк көйлек киіп, ақ жағалы атануы үшін барын салады десек ешкім жағамыздан ала қоймас. Жағасы кірлеп, кір жұмысты кім істейді сонда?»,-  деп жазады басылым. Басылымның дерегіне қарағанда, елімізде экономистер мен қаржыгер мамандар нөпір болып жұмыс таппай жүргеніне қарамастан, банк саласына ауадай қажет маман тапшы. Сенсеңіз де, сенбесеңіз де осы. Қаржыгер болғанда да экспорттық қаржыландырумен айналысатын, яғни шетелдік қаржы ұйымдарымен қоян-қолтық жұмыс істей алатын, шет тілін меңгерген істің көзін таба білетін, қаржы тарта алатын кәсіби қаржыгерлер тапшы.

 

Ресми мәліметтерге қарағанда, еліміздің әрбір төртінші тұрғыны жедел жәрдем қызметінің көмегін пайдаланады. Әсіресе, жол апатына тап болған адамдардың 80 пайызы медициналық көмектің дер кезінде көрсетілмеуінен көз жұматынын ескерсек жедел жәрдем қызметінің рөлі қаншалықты маңызды екенін айтудың өзі артық.  Статистикалық деректерге көз салсаңыз, бүгінде елімізде 5000-нан астам дәрігер жетіспейді екен. Ал оның ішінде аса ауыр халде жатқан адамдарға алғашқы көмек көрсететін жедел жәрдем дәрігерлерінің жетіспеушілігі жанға қатты батады. Міне осы жайт «Алаш айнасы» газетінің бүгінгі санында жарияланған «Жедел жәрдемге жедел көмек керек» деген тақырыптағы мақалаға арқау болған.

***

Қазақстан ақпараттық қоғамға қарай ілгері қадам жасап үлгерді. Алдағы бірер жыдан кейін ауыл мен қала арасындағы сандық теңсіздік жойылады. Мемлекеттік органдар қызметін азаматтар мен бизнес өкілдері мобильдік құрылғылар арқылы алатын болады. Ал сол мемқызметті көрсету мерзімі көп дегенде 2-ақ күнге созылады. Бұл жайында «Айқын» газетінің бүгінгі санындағы «Ауыл мен қала арасында сандық теңсіздік жойылады» деген тақырыптағы мақалада кеңінен баяндалған. Басылымның атап өтуінше, мұндай жағымды жаңалық кеше Астанада Көлік және коммуникация министрлігі қоғамдық тыңдауға ұсынған «Ақпараттық Қазақстан-2020» мемлекеттік бағдарламасының жобасын талқылау кезінде айтылған.

***

«Қазақстан мен Ресей достығының 20 жылдығы Ресей астанасындағы Үлкен театрда үлкен концертпен аталып өтіледі», - деп жазады «Казахстанская правда» бүгінгі санындағы «20 лет успешного партнерства» деген мақаласында. Басылымның атап өтуінше, концертке екі елдің танымал өнер ұжымдары мен әртістері қатысады. Ал құрметті қонақтар Президенттер Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин болады.

Соңғы жаңалықтар