Жеке деректі қорғау, цифрландыру, жалақыны арттыру – Архив туралы заң қандай жаңашылдықтар ұсынды

АСТАНА. KAZINFORM – Мәжіліс депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне архив ісі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Жаңа заң құжаттық-тарихи мәдени мұраның, оның ішінде электронды құжаттардың сақталуын қамтамасыз етуді көздейді. Kazinform тілшісі заңдағы басты жаңашылдықтарға шолу ұсынады.

Единый электронный архив планируют создать в Казахстане
Фото: freepik

Біртұтас электронды архив құрылады

ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айбек Сыдықовтың айтуынша, бүгінде елімізде 231 архив бар. ҚР Президентінің архиві, сондай-ақ төрт арнаулы мемлекеттік архив тарихи құжаттардың сақталуын қамтамасыз етеді. Елдегі мемлекеттік архивтерде қалыптасқан 74500 қорда барлығы 27 млн 500 мың сақтау бірлігі бар.

– Қазіргі уақытта қағаздағы түпнұсқа құжаттармен қатар ақпараттық жүйелерде электронды құжаттар қоры қалыптастырылып жатыр. Олар арқылы мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік сектордың және бизнес қоғамдастықтың функциялары жүзеге асырылып жатыр. Қызметтер де осы жүйелер арқылы көрсетіледі. Осыған байланысты әртүрлі ақпараттық жүйелердегі электронды құжаттарды ұзақ мерзімге сақтап, архивтердің жұмысын автоматтандыру үшін оларды біртұтас электронды архивке итнтеграциялау қажеттігі туындады, – деді вице-министр Мәжілістің жалпы отырысында.

Депутат Елнұр Бейсенбай бүгінгі күнге дейін елде мемлекеттік құжаттарды сақтаудың бірыңғай цифрлық жүйесі болмағанын айтады. Архивтер аймақтар бойынша шашыраңқы, ақпаратқа қолжетімділік шектеулі болды. Сондықтан бұл бастама осы мәселені шешеді.

Электрондық архивтер мәселесін Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында көтерген болатын. Президент тарихи жадымызды сақтау және азаматтардың ақпаратқа қолжетімділігін арттыру мақсатында заманауи цифрлық архивтерді құру мен енгізуді жеделдету жөнінде нақты міндет қойды.

Салаларды цифрландыру процесі электронды құжаттар мен электронды архивтерді кеңінен қолдануға жол ашты. Бұрын болмаған жаңа ұғымдар пайда болды. Соның нәтижесінде заң жобасына жаңа нормалар енгізілді.

Мысалы «электронды архивтік құжат», «қағаздағы құжаттың электронды көшірмесі», «электронды құжаттың қағаздағы көшірмесі», «электронды нысандағы толықтыру көзі», «құжаттың құндылығына сараптама жасау», «құжаттардың сақталуын қамтамасыз ету» терминдері енгізілді.

Архив мамандарының жалақысы көбейеді

Қолданыстағы заңнамада архив мамандары санатының болмауына байланысты «азаматтық қызметші» саналатын мемлекеттік архив мамандарына лауазымдық жалақының 25% мөлшерінде жасалатын төлемнің заңдылығы туралы мәселе туындаған.

– Осы жағдайларды ескеріп, заң жобасында мамандарды төлем түріндегі әлеуметтік шаралармен қамту мақсатында «азаматтық қызметшілер» санатына кіретін ауылдық жерлерде жұмыс істейтін сала мамандары тізбесіне архивтерді қосуды көздейтін жаңа норма ұсынылады. Бұл норма ауылдық елдімекендерде жұмыс істейтін архивші мамандарға 25% қосымша төлем жасауды жүзеге асырады, – деді вице-министр Айбек Сыдықов.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта архив мамандарының ең төменгі жалақысы 160 мың теңге шамасында, ортақ жалақы — 260 мың теңге.

Заң жобасында жергілікті атқарушы органдардың рөлін күшейтуге бағытталған нормалар көзделген. Енді олар ауылдық жерлердегі архив саласы мамандарының лауазымдарының тізімін анықтай алады. Сол бойынша жалақыға қосымша ақы төленеді.

– Жалпы, ауылдарда архив ісінде қызмет істейтін азаматтарға заң бойынша ауылдық квотамен үстемеақы төлеуге болады, яғни 25 пайызға дейін көтеруге кедергі жоқ. Енді соны осы заңмен бекітеміз. Содан кейін ауылдағы архивте қызмет істейтін қызметкерлердің бәрі 25 пайыздық үстемеақы алады. Ұлттық архив қызметкерлері 1,75 коэффициентпен жоғары жалақы алатын болады. Демек, орташа жалақылары 173 мың теңгеден 393 мың теңгеге дейін артады, – деп түсіндірді Елнұр Бейсенбай.

Жеке деректер қорғалады

Жылдан-жылға азаматтардың жеке өмірі мен олардың жеке деректеріне қатысты мемлекеттік архивтерге өтініштердің артқаны байқалады. Олардың қорғалуы ҚР Конституциясына сәйкес қамтамасыз етілуі тиіс.

– Алайда ҚР Дербес деректер және оларды қорғау туралы заңының 3-бабы, 3-тармағының 2-тармақшасында ҚР Ұлттық архив қорын қалыптастыру, сақтау және пайдалануға, жеке деректерді қамтитын басқа да архивтік құжаттарға қатысты бұл заңның қолданылмайтыны көрсетілген. Осыған байланысты заң жобасында үшінші тұлғалар ақпаратты сұратқанда архив қорларындағы азаматтардың жеке өмірінің құпиясын қамтитын дербес деректер мен мәліметтерді қорғауды қамтамасыз ету нормалары белгіленген, – деп түсіндірді вице-министр.

Бұл әсіресе ашық базалар қолданылатын және ақпараттың сыртқа шығып кетуі жиі орын алатын қазіргі кезеңде тіпті өзекті, дейді депутаттар.

Мемлекет қаржысына жасалған туындыларды архивке тапсыру міндеттеледі

– Тәуелсіз Қазақстанның қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени-рухани өміріндегі маңызды процестерді, құбылыстар мен оқиғаларды тереңірек түсінуге көмектесетін тарихи сәттер мен іс-шараларды, деректерді аудиовизуалды материалдарда сақтау мақсатында мемлекеттік қаржы есебінен аудио-визуалды құжаттама жасайтын, оны таратуға қатысатын заңды тұлғалардың барлығына жасалған өнімнің бір данасын мемлекеттік сақтауға тапсыруды міндеттейтін жаңа норма ұсынылады, – деді вице-министр А.Садықов.

Бұл ретте аудио-визуалды құжаттаманы өз қаражатына жасаған жағдайда жеке немесе заңды тұлғалар оларды мемлекеттік сақтау орындарына тапсыруға құқылы. Сондай-ақ депутаттар республикалық мемлекеттік архивтерге «ұлттық» мәртебе беру жөніндегі маңызды түзетулерді бастамашылық етті. Аталған норма архивтердің материалдық-техникалық базасын нығайтып, олардың абыройы мен тарихи-мәдени мұраны сақтау жүйесіндегі маңыздылығын арттырады.

– Архивтер ұзақ уақыт бойы назардан тыс қалғаны белгілі. Бұл ретте әлемдік тәжірибелерден оқшау қалмай бір трендте жүру қажеттігін түсінген жөн. Мысалы, Эстонияда бүкіл архив жүйесі толығымен цифрланған. Әрбір құжат онлайн режимде қолжетімді. Оңтүстік Кореяда архивтер мәртебесі бойынша тиісті қаржыландыруымен ғылыми мекемелерге теңестірілген. Қазақстанда да осындай қадам жасалып отыр. Біз артта қалмай, қазіргі заманғы стандарттарға сай әрекет етеміз. Бұл орайда сонымен бірге осы заң жобасының аясында жылдар бойы қордаланған өз мәселелерімізді де шешіп аламыз, – деді депутат Е.Бейсенбай.

Бұған дейін Мәжіліс депутаты Сергей Пономарев 62 млрд теңге шығынды қажет ететін халықаралық «Болашақ ойындарын» кейінге қалдыруды ұсынған еді.

Соңғы жаңалықтар