Жеке деректер қайдан тарап кеткені жөнінде жорамал айтылды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда «Қазақстан тұрғындары 2024» атауымен тіркелген жаңа ауқымды дерекқордың интернет кеңістігіне тарағаны анықталды. Бұл туралы TSARKA Group вице-президенті Еңлік Сатиева мәлімдеді. 

жеке деректер
Фото: freepik

Оның айтуынша, қазіргі уақытта ашық қолжетімділікке 16 302 107 жазба шыққан. Бұл сан еліміздің жалпы халқының басым бөлігін қамтиды.

— Бұл жай ғана адамдардың аты-жөні емес. Жарияланған базада азаматтардың аса маңызды дербес мәліметтері бар. Атап айтқанда, тегі, аты, әкесінің аты, жынысы, туған күні, ЖСН, азаматтығы, ұлты, тұрғылықты мекенжайы, тіркелу және тұру мерзімі, сондай-ақ ұялы, үй және жұмыс телефондары көрсетілген, — деп жауап берді Еңлік Сатиева агенттік тілшісіне.

Оның сөзінше, кейбір мәліметтер медициналық ұйымдардан, атап айтқанда, емханалар мен стоматологиялық мекемелерден алынған болуы мүмкін. Бұл база нақты бір ұйымнан тарауы да мүмкін немесе бірнеше ақпарат көзінен жинақталған ақпарат болуы ықтимал. Бұл деректерді ЖСН-ді біріктіру арқылы толықтырылған болуы мүмкін. Әзірге дереккөз нақты анықталған жоқ. Тексеру жұмыстары жалғасып жатыр.

Сонымен қатар жеке деректердің ықтимал таралуына байланысты азаматтарға ресми хабарлама жіберілгеннен кейін, қандай мәліметтердің нақты компрометацияланғанын Egov mobile қосымшасындағы Nomad Guard сервисінен көруге болады. Бұл туралы Nomad Guard жобасының жетекшісі Руслан Тургульдинов мәлімдеді.

— Қазіргі уақытта аталған база сервисте көрсетілмейді. Тек ресми түрде push-хабарлама немесе SMS тарағаннан кейін ғана азаматтар өз деректеріне қатысты ақпаратпен таныса алады. Бұл азаматтардың дербес мәліметтерін қорғау және жалған алаяқтық әрекеттерден сақтандыру үшін қажет, — деді жоба жетекшісі.

Оның айтуынша, Nomad Guard — пайдаланушыларға жеке деректерінің қауіпсіздігін бақылауға мүмкіндік беретін арнайы сервис. Жүйе азаматтарға олардың мәліметтері тарап кеткен жағдайда дер кезінде хабар береді.

Еске сала кетейік, бұған дейін Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Ақпараттық қауіпсіздік комитеті тарапынан тексеріс басталғаны туралы хабарладық.

Соңғы жаңалықтар