Жеке деректеріңіз бен қаржыңызды кибералаяқтардан қалай қорғауға болады
АСТАНА. KAZINFORM — Ең көп таралған киберқауіптер қатарында фишингтік шабуылдар, залал келтіретін бағдарламалық қамтамасыз ету, құпиясөздерді іріктеу және әртүрлі алаяқтық схемалар.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі азаматтарға жеке деректер мен қаржылық ақпаратты қорғау үшін цифрлық қауіпсіздік қағидаларын сақтау қажеттігін еске салады.
Ең көп таралған киберқауіптер қатарында фишингтік шабуылдар, залал келтіретін бағдарламалық қамтамасыз ету, құпиясөздерді іріктеу және әртүрлі алаяқтық схемалар болып қала береді. Ерекше қауіп төндіретіні — жасанды интеллект технологиялары. Қаскөйлер оларды шынайы көрінетін фишингтік хабарламаларды, сондай-ақ дипфейктерді — жалған дауыстық және бейнежазбаларды жасау үшін пайдаланады.
Киберқауіптерден қорғану үшін мынадай қарапайым қағидаларды сақтау ұсынылады:
- бөгде адамдарға жеке деректеріңізді және құжаттарыңыздың көшірмелерін бермеңіз;
- құжаттардың, банк карталарының және өзге де құпия деректердің фотосуреттерін ашық қолжетімділікке жарияламаңыз;
- жеке немесе қаржылық ақпаратты қамтитын құжаттарды сенімділігі расталмаған жасанды интеллект сервистеріне жүктемеңіз.
Есептік жазбаларыңызды қорғаңыз:
- күрделі әрі бірегей құпиясөздерді пайдаланыңыз;
- екі факторлы аутентификацияны қосыңыз;
- құпиясөздерді, SMS-кодтарды және растау кодтарын ешкімге хабарламаңыз.
Қоңыраулар мен хабарламаларға мұқият болыңыз:
- ақшаны шұғыл аударуды немесе құпия ақпаратты хабарлауды сұрайтын өтініштерге сенбеңіз;
- бейтаныс адамдардың өтініші бойынша қандай да бір бағдарламаларды орнатпаңыз;
- күмәнді қоңыраулар түскен жағдайда ұйыммен оның ресми байланыс арналары арқылы өзіңіз хабарласыңыз;
- құрылғыларыңыздың және банктік сервистердің қауіпсіздігін тұрақты түрде бақылап, қосылған қолданбаларды және операциялар бойынша хабарламаларды тексеріп отырыңыз.
Жеке деректеріңіздің жария болып кету қаупі туындаған жағдайда, құпиясөздеріңізді дереу өзгертіңіз, банк картаңызды немесе қашықтан банктік қызметтерге қолжетімділікті бұғаттаңыз, банкке хабарлаңыз және қажет болған жағдайда құқық қорғау органдарына жүгініңіз.
Мемлекеттік органдардың, банктердің және өзге де қаржы ұйымдарының қызметкерлері телефон арқылы банк картасының деректемелерін, растау кодтарын, құпиясөздерді және өзге де құпия ақпаратты сұратпайды.
Осы қарапайым қағидаларды сақтау жеке деректеріңіз бен ақша қаражатыңызды жоғалту тәуекелін едәуір азайтуға көмектеседі.
Айта кетелік Қазақстан мен ТМД елдері азаматтарының жеке деректерін таратқан халықаралық арна жойылған еді.