Жеке кәсіпкерлік субъектілерін қаржылық сауықтыру мәселесі бойынша меморандумға қол қойылды
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Аталған құжатты ҚР Қаржы министрлігі Дәрменсіз борышкерлермен жұмыс жасау комитетінің төрайымы Нұрила Үсенова мен «Атамекен одағы» Қазақстанның ұлттық экономикалық палатасының төрағасы Азат Перуашев бекітті.
«Бизнес субъектілерімен байланыстарды жасау керек. Бұл бірлесіп тиісті жұмыстарды атқаруға, заңнамалық және тәжірибелік кемшіліктерді анықтауға мүмкіндік береді»,-деді Н. Үсенова.
«Қаржылық сауығуды қажет ететін кәсіпорындар бар. Сондықтан аталған кәсіпорындардың аяғынан тұрып кетуі жұмыс орындары мен салық салу базасын сақтап қалуға мүмкіндік береді. Осыған байланысты кәсіпорындар өздерінің төлемпаздығын қалпына келтіруіне, Кеден одағы аясында бәсекеге қабілетті болуына біз мүдделіміз»,- деді комитет төрайымы.
Атап айтқанда, құжатқа қол қойған тараптар халықаралық тәжірибені ескере отырып, банкрот саласында қолданыстағы заңнаманы жетілдіруге және кәсіпорындардың қаржылық сауығуы мен кредиторлар мүдделерін қорғауды қамтамасыз етуде кәсіпкерлік субъектілерге көмек көрсету бойынша тиісті жұмыстарды жүргізуге келісті. Бекітілген меморандумда қаржылық сауығу бойынша шаралар тұрғысында кәсіпкерлік субъектілерінің ақпараттандыру дәрежесін арттыру бойынша қадамдар қарастырылған.