Жеке куәлікті ауыстыру толығымен онлайн форматқа көшіріледі

АСТАНА. KAZINFORM — Сәуірдің соңына дейін жеке куәлікті ауыстыру процесі толығымен онлайн форматқа көшіріледі. Енді фотосуреттің талаптарға сәйкестігін маман емес, ЖИ-модель бағалайды. Осылайша, шамамен 1 млн адам ХҚО-ға бармай-ақ, уақытын үнемдейді.

паспорт
Фото: Kazinform

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиевтің айтуынша, өткен жылы Халыққа қызмет көрсету орталығының операторлары 15,2 миллион қызмет көрсетті. 

— Өтініштердің 80%-ы он қызметке тиесілі. Біз мемлекеттік органдармен бірлесіп, бұл қызметтерді автоматтандыру және баламасыз, тек онлайн форматқа көшіру бойынша жол карталарын әзірледік. Бірінші кезеңде: жеке куәлікті ауыстыру, электронды цифрлық қолтаңба беру, еңбекші мигранттарға рұқсат беру қызметтері. Келесі кезекте тіркеу қызметтері тұр: көлік, жылжымайтын мүлік, жер құжаттары. Мақсатымыз — жыл соңына дейін Халыққа қызмет көрсету орталығының жүктемесін 50%-ға дейін азайту, — деді Жаслан Мәдиев Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Мысалы, ең сұранысқа ие қызметтердің бірі — жеке куәлікті ауыстыру. Бұрын азаматтардың Халыққа қызмет көрсету орталығына келуі, фото түсіруі және ұзақ кезекте тұруы қажет болатын.

— Айдың соңына дейін бұл процесс толығымен онлайн форматқа көшіріледі. Біз процестерді сәтті сынақтан өткіздік және фотосуреттің талаптарға сәйкестігін маманның орнына AI-модель бағалайтын жүйені оқыттық. Процесс барынша қарапайым: идентификациядан өту, фото мен қолтаңбаны жүктеу, онлайн төлем жасап, құжат дайын болғаны туралы SMS күту. Кезексіз, бармай-ақ, бәрі үйден шықпай жасалады. Аталған сервис шамамен 1 миллион адамның Халыққа қызмет көрсету орталығына бару қажеттілігін жояды, — дейді сала министрі.

Бұған дейін Жаслан Мәдиев eGov порталын жаңғырту жұмыстары қалай жүретінін айтып берген еді.

Айта кетейік, өткен жылы Қазақстанда мемлекеттік қызметтің 91% онлайн көрсетілген. «Ұлттық қор — балаларға», «Стоп-кредит», «Көлік иелену тарихы», «Құмар ойындарға қатысудан ерікті түрде бас тарту» секілді танымал сервистер іске қосылған.

Сондай-ақ, eGov арқылы кедергі келтірген көлік иелеріне анонимді хабарлама жіберуге болады.

Соңғы жаңалықтар