Жеке секторға тартылған қарыздарды өтеу Үкіметтің тікелей міндетіне жатпайды - Б. Жәмішев
АСТАНА. Сәуірдің 8-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Жеке секторға тартылған сыртқы қарыздарды өтеу Үкіметтің тікелей міндетіне жатпайды. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында ақпарат берген Қаржы министрі Болат Жәмішев мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Шетел валютасының елімізге ағымы немесе мемлекеттен сыртқа қарай ағылуы төлем балансының жағдайын ағымдағы және капиталды шоттар бойынша анықтайды. Бұның өзі айырбас бағамына да әсер етеді. Егер мемлекетімізге шетел валютасының ағымы азайса, онда ұлттық валютаның айырбас бағамы үшін қауіп төнеді. Бұл жағдайда шетелдік қарыздарды тарту экономикалық маңызды әрі жүйелі мәнге ие болады», деді Б. Жәмішев.
Сонымен бірге, үкіметтік емес сыртқы қарыздар мәселесіне тоқталған министр, 100 млрд. доллар шамасын құрайтын бұл қарыздар ең алдымен екінші деңгейлі банктерге және мұнай мен тау-кен секторына тиесілі екендігін жеткізді. «Бұлардың барлығы үкіметтік емес қарыздар болып табылады. Сондықтан да Үкімет бұндай қарыздарды өтеуге тікелей міндетті болмайды. Дегенмен де, осындай жолмен келетін ауқымды қаражат Үкімет тарапынан бақыланып тұрады. Өйткені жалпы ішкі өнімнің мемлекеттік және жеке сектор бойынша сыртқы қарыз мөлшері экономика тұрақтылығына, ұлттық валюта тұрақтылығына әсер етеді. Егер сыртқа кететін валюта ауқымданып, елге келетін инвестиция мен сыртқы қарыз жетіспесе ұлттық валютаға шын мәнінде қауіп төнетін еді. Сондықтан да, бұл мәселе өзекті болып табылады, бірақ жеке сектор қарызы мемлекеттің немесе үкіметтің тікелей өтеу міндетіне жатпайды», деді Қаржы министрі.