Жеке тұлғалардың төленбеген айыппұлдары толық немесе ішінара есептен шығарылмақ

АСТАНА. KAZINFORM — Жеке тұлғалардың төленбеген айыппұлдары толық немесе ішінара есептен шығарылмақ. Бұл туралы Үкімет отырысында Ішкі істер министрі Ержан Сәденов айтты. 

деньги калькулятор
Коллаж: Kazinform/ Canva

— Президенттің тапсырмасына сәйкес, рақымшылық туралы заң қабылданғаннан кейін оны іске асыруға қатысамыз. Ол азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне қатер төндірмейтін жекелеген қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылық жасаған адамдарға қолданылады деп болжанып отыр, — деді министр.

Ержан Сәденовтің дерегінше, олардың қатарына қауіпті, оның ішінде террористік, экстремистік және сыбайлас жемқорлық сипатындағы, азаптау қылмыстарын жасаған адамдар, сонымен қатар рецидивистер мен іздеуде жүргендер жатпайды.

— Бұдан басқа әкімшілік-рақымшылық аясында жеке тұлғалардың орындалмаған айыппұлдарын толық немесе ішінара есептен шығару мәселесін қарау жоспарланып отыр. Мұндай санаттағы адамдардың саны, айыппұлдардың мөлшері мен есептен шығару тәртібі заң жобасын әзірлеу барысында уәкілетті органдармен толық пысықталады, — деді ол.

Бұған дейін Премьер-министр Олжас Бектенов екі аптада рақымшылық жасау тетіктері бойынша ұсыныс әзірлеуді тапсырған еді.