Жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер телімдерін игеруді инженерлік инфрақұрылымның жоқтығы тежеп тұр
АСТАНА. 19 қараша. ҚазАқпарат - Қазақстанда екі жылдан бері ауыл шаруашылығы мақсатындағы байтақ жерді түгендеу жұмыстары жүріп жатыр. Атап айтқанда, жерді тиімді пайдалану тұрғысында Мемлекет басшысы Үкіметке осындай тапсырма берген болатын. Осы орайда Үкіметтің бүгінгі отырысында Өңірлік даму министрлігінің жаңа басшысы Болат Жәмішев бұл бағытта атқарылған жұмыстардың қорытындыларымен таныстырды.
Жалпы ауыл шаруашылығы айналымындағы 90 млн. гектар жерді түгендеу аясында 2012 жылы 30,6 млн. гектар жер түгенделді. 2013 жылы да осындай көлемде тиісті жұмыстар атқарылды. 2012 жылғы жұмыстар барысында 7004 шаруашылық субъектілерінде 3,1 млн. гектар пайдаланылмаған жер анықталды. Оның ішінде 400 мың гектары егістік алқаптар. Министрдің айтуынша, 2013 жылдан бергі түгендеу нәтижелері бойынша бірқатар шаралар қабылданды. Біріншіден, келіссөздер қорытындысы және ескерту шаралары бойынша 762 мың алқапта 3064 субъекті жер телімдерін пайдалануға кірісті. Екіншіден, 317 мың гектар аумақта біржақты тәртіпте жалға алу келісімі 1098 шаруашылық субъектісімен тоқтатылып, ол жерлер мемлекеттік қорға қайтарылды. Үшіншіден, 447 субъекті анықталмағандықтан 476 мың гектар пайдаланылмаған жер иесіз мүлік ретінде арнайы есепке қойылды. «Төртіншіден, 1 млн. 544 мың гектар жерді пайдаланбағаны үшін 2395 субъектіге ескертулер жасалып, олар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бесіншіден, пайдаланылмаған жерлердің иелерінен әкімшілік тәртіпте 4 млн. 170 мың теңгеге 419 айыппұл салынды»,-деді Б. Жәмішев. Белгілі болғандай, ағымдағы жылғы түгендеудің соңғы қорытындысы жұмыс кестесіне сәйкес желтоқсан айының аяғында жарияланады және заңмен белгіленген тәртіпте тиісті шаралар келесі жылы қабылданатын болады. Дегенмен де түгендеудің алдын ала мәліметтеріне сәйкес, 4440 субъекті 2,5 млн. гектар жерді пайдаланбай отырғаны анықталды. Оның ішінде 313 мың гектары егістік болса, соның 13,3 мың гектары суармалы жерлер. Атап айтқанда, суару жүйелері тиісті техникалық жағдайда емес. Түгендеуден өткен 164,2 мың гектар суармалы жердің тек 93 мың гектарында суару жүйесі тиісті жағдайда. 38 мың гектар жерде қайта қалпына келтіру жұмыстарын атқару қажет көрінеді. Министрлік мәліметіне сүйенсек, пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлерінің жалпы санының едәуірі жайылымдар екен. Министрдің сөзіне қарағанда, 14 млн. гектар аумақта суландыру құрылғылардың саны 12,6 мыңды құрап отыр. Оның ішінде 2,7 млн. гектар жердегі 2,5 мың суландыру құрылғылары жөндеуді қажеттілік етпейді. Сонымен қатар 9 мың осындай құрылғыларға қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу керек. Табиғи су айдындары барлық жайылымды жерлердің 40 пайызын қамтамасыз етуге қауқарлы. Ал, қалған жайылымдардың аумағы жер асты суларының деңгейін көтеріп, оларды пайдалану үшін инженерлік құрылғыларды құруды қажеттілік етеді. «2013 жылғы түгендеу нәтижелері бойынша себептерге толық талдау жүргізілетін болады, оның қорытындысында тиісті шаралар қабылданып, нұсқамалар әзірленетін болады»,-деп жалғады сөзін министр. Қазіргі уақытта жерлерді ауыл шаруашылығы айналымына сапалы және тиімді түрде тарту мақсатында кешенді іс-шаралар жоспары әзірленуде, соған байланысты қысқа мерзімде жергілікті атқарушы органдар тиісті ұсыныстар енгізуі қажет. Жерлерді ауыл шаруашылығы айналымына қайта тарту резерві едәуір болып шықты. Пайдаланылмайтын жерлерге байланысты мәселелерді реттеу мақсатында Парламент Мәжілісі «Кейбір заң актілеріне жер қатынастарын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралуда, онда пайдаланылмайтын жерлерді қайтарып алу, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді кезеңмен беру тәртібі көзделеді. Бұл ретте, заңды деңгейде «пайдаланылмайтын жерлер» түсінігі анықталады. Министрліктегілердің сөзіне сенсек, ауыл шаруашылығы айналымындағы жерлерді түгендеу 2014 жылы аяқталады екен. Үкімет отырысы барысында Өңірлік даму министрі бұдан кейінгі сөзін жеке тұрғын үй құрылысына берілген жер телімдері мәселесімен жалғады. Атап айтқанда, осы мәселе Қазақстан жұртшылығы үшін аса өзекті екені мәлім. Бүгінде жеке тұрғын үй құрлысын жүргізуге ниетті азаматтардың тізімі ұзарып келеді. Алайда, түгендеу нәтижесіне сүйенсек, қолда бар жер телімін пайдаланбай отырғандардың да қарасы қалың екен. Жер телімдерінің игерілмеуіне инженерлік инфрақұрылымның жоқтығы себеп болуда. Бұл тұрғыда жеке тұрғын үй құрылысы үшін берілген жер учаскелерінің жалпы саны 379 мыңды құрады, оның 305 мың учаскесі түгенделді (қалған 74 мың учаске пайдалануға енгізілді). «Жеке тұрғын үй құрылысы үшін берілген жер учаскелерін 2012 жылғы түгендеу нәтижелері бойынша 44031 пайдаланылмайтын жер учаскелері анықталды. Мемлекет меншігіне көлемі 1750,5 га 17232 жер учаскесі қайтарылды»,-деді ведомство басшысы. Оның ішінде көлемі 1,56 мың гектардағы 16,35 мың учаске - жергілікті атқарушы органдардың шешімдерінің күшін жою және жалдау шарттарын бұзу арқылы, 365 учаскеден (38,6 га) - ерікті түрде бас тартылыпты, сондай-ақ, 514 учаске (47,9 га) - сот органдарының шешімі бойынша қайтарылды. Бұған қоса анықталған пайдаланылмайтын жерлер бойынша тиісті әрекет ету шаралары қабылданды. Көлемі 815,6 гектар 8377 учаске иесіз мүлік ретінде есепке алынды. Сонымен қатар жер иелерімен келіссөздер жүргізу және ескерту шараларын қабылдау нәтижесінде аумағы 645,4 гектар 6446 жер телімі игеріле бастады. Азаматтық-құқықтық мәмілелер бойынша көлемі 196,9 гектардағы 205 учаскенің меншік иелері ауысқан, яғни басқа тұлғаларға иеліктен шығарылған. «Көлемі 220,1 гектардағы 2318 жер учаскесі сот қарауында жатыр. Қорытынды тексеру үшін жылдық мерзімі 2014 жылы келетін көлемі 721,8 гектар жер телімін пайдалану туралы 7604 жазбаша ескерту берілді. Бұдан басқа, 2013 жылы қосымша түгендеу жүргізілді, оның нәтижелері бойынша 8,8 мың пайдаланылмайтын жер учаскесі анықталды. Мемлекет басшысы тапсырмаларын тиісінше орындалмағаны үшін облыстардың аумақтық жер инспекцияларының лауазымды тұлғалары тәртіптік жауапкершілікке тартылды»,-деді Б. Жәмішев. Жер учаскелерінің игерілмеуінің негізгі себебі ретінде олардың инженерлік инфрақұрылымының дайын болмауын атап өтуге болады. Мәселен, 28 мың жер телімі инфрақұрылыммен қамтамасыз етілмеген. Осы орайда министр мұндай жағдайға тап болмас үшін жеке тұрғын үй құрылысына лайықталған аумақтарда жер телімдерін ұсынуды қарастыру керектігін қадап айтты. Өз кезегінде ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметов елорда төңірегіндегі елді мекендердің келбетін жақсартуды тапсырды. «Біз Астанадан 30 шақырым төңіректегі елді мекендердің қандай екенін білеміз. Оның барлығы да біздің елордамыздың келбетіне сай келуі тиіс. Осылайша, біз жеке тұрғын үй құрылысына қатысты кезекте тұрғандардың Астана қаласындағы жүктелімін төмендете аламыз», - деді ол. С.Ахметов сондай-ақ, аталған елді мекендерге инфрақұрылым тарту үшін Үкімет қаржы бөлуге дайын екендігін атап өтті.