Жекеменшік білім беру мекемелері Қазақстанда «Жекеменшік білім беру туралы» жаңа заң қабылдануы тиіс деп есептейді
Бүгін өткен баспасөз мәслихатында Жекеменшік білім беру ұйымдарының республикалық қауымдастығының төрағасы Талғат Ақуов атап көрсеткендей, бүгінгі күні Қазақстанда жекеменшік білім беру саласында, 115 мектеп, 369 коледж бен лицей, 367 балабақша мен 70 ЖОО жұмыс істейді.
Жекеменшік ЖОО-лар білім нәрін сусындап жатқан студенттердің 10-12 пайызын қамтып отыр. «Халықаралық статистикаға сүйенсек, әлемнің озық елдеріндегі экономика, заң, саясат және басқа да салалардың үздік мамандары жекеменшік білім беру мекемелерінің түлектері болып табылады», - дейді ол.
Ал Жекеменшік білім беру ұйымдарының республикалық қауымдастығының директоры Роза Садықованың айтуынша, осыдан 20 жыл бұрын Қазақстан егемендігін енді ғана алып, аяғынан тұра бастаған кезде білім беру мекемелері, соның ішінде балабақшалар бірінен сон бірі жабыла бастады. «Сол уақытта елдегі қиын жағдайға қарамастан оптимист адамдар жекеменшік білім беру мекемелерін ашты. Бүгін Тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңында қорытынды жасап, жекеменшік білім беру Қазақстанда бар екендігін айтқымыз келіп отыр», - дейді ол.
Р.Садықованың сөзіне қарағандай, бүгін жекеменшік білім беру мекемелері Үкімет пен Білім министрлігі тарапынан қолдау тауып отыр. Дегенмен түйіні тарқамай отырған проблемалар да жоқ емес. Қауымдастық өкілдерінің пікірінше, Қазақстанда «Жекеменшік білім беру туралы» жеке заң қабылдануы тиіс. Олар заңның жобасын 2008 жылы әзірлеген де екен.
«Бірақ заң жобасын қолдаушылардан гөрі, сынаушылар көп болды. Ол Білім министрлігі, Парламент депутаттары тарапынан қолдау таба алмады. Екі жыл өткеннен кейін ғана диалог пайда бола бастады. Нәтижесінде, біз әзірлеген заң жобасының 30 пайызға жуығы «Білім беру туралы» ҚР Заңына енгізілді», - дейді Т.Ақуов.
Айта кетейік, жекеменшік білім беретін 250 мекемені өз қанатының астына жинап отырған Қауымдастық, ол ұйымдарға консультативтік тұрғыдан ғана болмаса, олардағы білім беру сапасының стандарттарға сай болуын қадағалап, реттеу құзырына ие емес. Қазақ-Қытай колледжінің директоры Талғат Мамырұлының сөзінше, шет елдерде Жекеменшік білім беру ұйымдарының қауымдастықтарына ондай құзыр заңмен берілген.
ҚР Білім және ғылым министрлігінің мемлекеттік аттестациясы кезінде білім беру үрдісі стандарттарға сай болмай шыққан бірқатар жекеменшік ЖОО-лардың облыстардағы филиалдары жабылатыны белгілі. Ал былтыр Солтүстік Қазақстан облысындағы Қазақстан-Ресей университеті жұмысын лицензиясыз жүзеге асырып келгені анықталды. Ақырында ақылы негізде білім алған студенттердің дипломдары жарамсыз болып қалды.
Қауымдастық өкілдерінің сөзінен мәлім болғандай, олар тек «адал ниетті» жекеменшік білім беру мекемелерімен ғана жұмыс істейді. Ал алтын уақыттарын жоғалтып, қыруар ақшаларын желге шашқан болып шыққан студенттер мен олардың ата-аналарының құқықтарын кім қорғайды? Сол үшін де жекеменшік білім беру саласын заң жүзінде реттеп, қадағалап отыратын жеке заң керек.
Қауымдастық, аталмыш мәселелерді үстіміздегі 21 сәуірде Астанадағы Тәуелсіздік сарайында өтетін «Қазақстан Республикасындағы жекеменшік білім беру. Даму тенденциясы мен болашағы» тақырыбында өтетін 7-ші халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда көтермек.
Қазақстандағы жекеменшік ЖОО-дың ректорлары, мектептер мен колледждердің, мектепке дейінгі мекемелердің директорлары, Англия, Кипр, Ресей, Қырғызстан елдерінің мамандары мен Германия, Польша, Қытай елдерінің Қазақстандағы консулдықтарының өкілдері қатысатын шараға, сондай-ақ Елбасы Н.Назарбаев, ҚР Үкіметінің басшысы К.Мәсімов, Білім және ғылым министрі Б.Жұмағұлов пен ҚР Парламентінің қос палата депутаттары шақырылып отыр.