Жекеменшік мектептер мен медициналық ұйымдарды субсидиялауда алаяқтық кеңінен тараған - Бектенов
АСТАНА. KAZINFORM – Жекеменшік мектептер мен медициналық ұйымдарды субсидиялауда алаяқтық кеңінен тараған. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов айтты.
Үкімет басшысының атап өтуінше, Президенттің «Turkistan» газетіне берген сұхбатының ауқымды бөлігі әлеуметтік мәселелерге арналған. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, барлық әлеуметтік міндеттеме толық көлемде орындалатын болады.
- Сонымен қатар жекеменшік мектептер мен жекеменшік медициналық ұйымдарды субсидиялау саясатын қайта қарау қажеттігіне назар аударылды. Арттық қаржыландыруды тоқтату қажет. Адал бәсекелестікте жұмыс істей алмаса, бізге мұндай бизнестің қажеті бар ма? Бұл салада алаяқтық кеңінен таралып кеткені бәріне мәлім. Оқу-ағарту, Денсаулық сақтау және Қаржы министрліктеріне бір апта ішінде аталған мәселелерді шешуге қатысты нақты ұсыныстар енгізуді тапсырамын, - деді ол.
Сондай-ақ Үкімет басшысы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, жәрдемақылар мен төлемдерді тағайындау кезінде алаяқтық жағдайларын болдырмауға бағытталған кешенді шаралар қарастыруды тапсырды.
- Ішкі істер министрлігі цифрлық технологияларды енгізе отырып, жолдар мен қоғамдық орындардағы құқық бұзушылықтарды анықтап, алдын алу жұмыстарын күшейтсін. Оқу-ағарту министрлігі жол қозғалысы ережелерін оқыту бағдарламаларына енгізуді жалғастыруы керек, - деді Олжас Бектенов.
Айта кетейік, кеше «Turkistan» газетінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың аталған басылымның бас редакторы, белгілі ақын, публицист Бауыржан Бабажанұлына берген кең көлемді сұхбаты жарияланды.
Сұхбат барысында Президент жекеменшік мектептерді мемлекеттен қаржыландыру жүйесін реформалау керектігін, жекеменшік медицина саласында да осыған ұқсас ахуал қалыптасқанын айтты.