ЖЕКЕШАТ ТАС МҮСІНІ
ЖЕКЕШАТ ТАС МҮСІНІ - орта ғасырлардан сақталған көне ескерткіш. Қарағанды облысының Ұлытау өңіріндегі Қараторғай өзенінің бір саласы Бозай өзенінің Жекешат сайында орналасқан.
Ескерткішті 1946-1950 жылдары ғұлама ғалым Әлкей Марғұланның жетекшілігімен Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясы зерттеген. Мерзімі жағынан ХІV ғасырларға жатады.
Мүсіннің басты ерекшелігі - оның бұрынғы түркі дәуіріндегі салт-жоралғыдан басқаша, жаңа тарихи кезеңнің дәстүрімен қойылуында. Мүсін кішігірім тас обаның түркі кезеңіндегідей шығыс жағында емес, солтүстік-батысында орнатылған. Беті де солтүстік-батысқа қарайды.
Қызғылт қоңырқай түсті құмайт тастан жонылған. Ескерткіштің биіктігі - 110 см, ені - 26-30 см, қалыңдығы - 20 см. Мүсінші басына сәукеле киген, жаңа түскен жас келіншектің сұлу бейнесін кескіндеген. Сәукеленің осы мүсін таста келтірілген жеңіл түрін халық арасында желек деп айтады. Төбесі биік, басы шошақталған, арты әйелдің арқасына төгіліп тұратын мұндай желек үлгілері қазақ этнографиясының көптеген деректерінде жақсы сақталған. Жекешат тас мүсіні сипаты бойынша, Орталық Қазақстан өңіріндегі тастан мүсін жасау дәстүрінің ең ақырғы кезеңіне жатады. VІ ғасырдан бастап, тамыры арғы дәуірлерге баратын түркілердің тас мүсін өнері, кейінгі қыпшақ заманына қарай ислам діні тарапынан тыйым салынып, соңынан жойылып кеткен. ХVІ ғасырдан қазақ арасында тас мүсін орнына моланың солтүстік-батыс жағына қойылатын, бетіне араб жазуы түсірілген құлпытастар кеңінен тараған. Сондықтан Жекешат тас мүсіні ежелгі көне дәстүрлердің жойылар алдындағы соңғы бой көрсетуінің бір үлгісі болып табылады.
Дерек көздері:
1. Қазақстан ұлттық энциклопедиясы, 3 том
2. Ә.Марғұлан, Ұлытау төңірегіндегі тас мүсіндер. Ежелгі мәдениет куәлары, Алматы, 1966