«Жекешелендірудің екінші толқыны: одан не күтеміз?» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі 12 шілде, жұма күнгі республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында жарық көрген өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Жекешелендірудің екінші толқыны: одан не күтеміз?» - баспасөзге шолу

***

«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Алматы облысының Талғар ауданындағы «Байсерке-Агро» ЖШС-інде болды», - деп жазады « Егемен Қазақстан » газеті сенбілік санындағы « Ауыл шаруашылығы ғылымның көмегінсіз дами алмайды » деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның жазуынша, Мемлекет басшысы шаруашылық базасында Қазақ ұлттық ауыл шаруашылығы университетімен бірлесіп құрылған «Байсерке-Агро» ғылыми-өндірістік оқыту орталығы жұмысымен танысты. Қазақстан Президентіне дәнді дақылдардың жаңа сорттары, пестицидтер мен биотыңайтқыштардың сан алуан түрі, сондай-ақ, Қазақстан ғалымдары «Байсерке-Агро» ҒӨОО базасында жасап шығарған ветеринарлық препараттар көрсетілді. Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев ауыл шаруашылығы техникасының жетілдірілген әрқилы түрлері мен мал шаруашылығы нысандарын аралап көрді. Мемлекет басшысы елдегі ауыл шаруашылығы кешенін тиімді дамыту ісі бұл салада заманауи ғылыми әдістемелер мен әзірлемелерді қолдануды талап ететінін айтты. «Азық-түлік өндірісі елімізді дамытудың басты факторына айналып келеді. 2050 жылға қарай әлемде халық саны 9 миллиардқа дейін өседі, ол ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруді екі есеге арттыруды қажет ететін болады. Қазақстанның, орасан кең алқаптарды қоса алғанда, сол орынды иеленуге барлық мүмкіндігі бар. Бұл ретте, ауыл шаруашылығы жаңа технологиялардың көмегінсіз одан әрі дами алмайды. Ғылымның бар күшін пайдалану керек, тек сонда ғана біз ауыл шаруашылығы саласында ілгерілей аламыз», - деді Қазақстан Президенті.

Баспасөз бетінде жиі талқыға салынып, жарияланып жүрген жекешелендірудің екінші толқыны басталар күн алыс емес. Шараның қажеттілігін Елбасы Н.Назарбаев Қазақстан халқына арнаған «Қазақстан жолы - 2050»: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында айтқан болатын. Осыған орай, Мемлекет басшысы Үкімет пен Ұлттық банкке мемлекет қатысы бар барлық компанияларға талдау жүргізіп, олардың ішіндегі жеке секторға берілетін кәсіпорындардың тізімін анықтауын тапсырған еді. Осы жайт арқау болған мақала ел газеті « Егемен Қазақстанда » « Жекешелендірудің екінші толқыны: одан не күтеміз? » деген тақырыппен берілген. «Квазимемлекеттік меншікті жекешелендіру ең алдымен мемкомпанияларға артық жүк болып отырған бейіндік емес активтерді еншісін беріп шығарудан басталмақ. Бұл шара «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ-қа да тікелей қатысты», - деп жазады басылым. Мақалада 2014-2015 жылдар аралығында бәсекелестік нарығына Қордың жалпы құны 50,8 миллиард теңгені құрайтын 16 бейіндік емес активі және 19 нысаны шығарылатындығы айтылған. Бұл нысандардың қатарында «Думан» қонақүй кешені, «Сарыағаш» санаторийі, «Ақбұлақ» сауықтыру кешені, «ҚТЖ»-ның сауықтыру-қалпына келтіру орталығы және Қордың шетелдегі, атап айтқанда Грузия, Түркия және Қырғызстандағы активтері бар.

***

«Таяуда әлемнің сауатты жұртшылығы үш елең етерлік жаңалықтың куәсі болды. Оның алғашқысы - БРИКС тобындағылардың халықаралық банк секілді өзінің жеке қаржы институтын ашатындығы жайлы хабар. Екіншісі - Франция билігіндегі лауазымды тұлғалардың бірінің «ел ішінде дедолларизация жүруі керек» деген мәлімдемесі. Үшіншісі - ГФР барлау жүйесі арасындағы екі қызметкердің АҚШ мүддесіне «шпиондықпен айналысуы», - деп жазады « Айқын » газеті сенбілік санындағы « Долларсыздану көшінен қалған жоқпыз ба? » деген тақырыптағы мақаласында. Осы ретте мақала авторы Қытаймен, Еуроодақпен, Ресей Федерациясымен, Англиямен экспорт-импорт алмасу үшін есеп айырысуда сол елдер мен аймақтардың ұлттық валюталары мен біздің теңгемізді пайдалануға көшкен жөн деген ойын алға тартады. Бұл әлемде «дедолларизация» жүріп жатқанда қолданысқа енгізілетін жалғыз жол. Екіншіден, ішкі рынокта қымбат тауарларды, автокөліктерді және жылжымайтын мүліктерді бағалау кезінде алтын құны есепке алынуы немесе бәрін теңгемен бағалауға толық көшкен жөн. «Қысқасы, әлем «дедолларизация» бағытында артына қарайламай жылжып барады. Мұны көріп отырып, жалпы адамзаттық көштен бүгін қалып қойсақ, ертең «бармағымызды шайнарымыз» сөзсіз. Ондайдың бетін аулақ қылсын», - деп түйіндейді автор.

***

Осы басылымның жазуынша, Қазақстанда сақтандыру компанияларын шұғыл құтқару керек, әйтпесе, алдағы жылдары олар бірінен соң, бірі банкротқа ұшырай бастауы мүмкін. Ұлттық банк осындай ұран тастап, дабыл қағып отыр. Бос байбаламға ұрынбай, нақты әрі төтенше іс-қимылға көшіпті. Бұл ретте еліміздегі сақтандыру жүйесі реформаны бастан кешіп, түбегейлі түрде жаңаратын болады. Жаңа реформа аясында, еліміздегі депозиттердің қайтарымын кепілдендіретін қор тәрізді ұйымды сақтандыру жүйесін де құру көзделуде. Ұлттық банк төрағасының орынбасары Данияр Ақышевтың айтуынша, сақтандыру қызметінің тәуекелдерін азайту мақсатында, банк секторындағыға ұқсас, Сақтандыру төлемдерін кепілдендірудің мемлекеттік жүйесін құру ұсынылуда. Бұл жүйе қазір де бар, бірақ ол бірнеше жыл бұрын жекешеленіп кеткен. Енді тәуекелдер тым жоғары болып барады, сондықтан Ұлттық банк жүйеге кері оралып, тізгінді өз уысына алуға ұйғарыпты. «Әйткенмен, қолға алынып жатқан өзгерістердің негізгі бөлігі жұмысшыны жазатайым оқиғаға ұшыраудан міндетті сақтандыруға қатысты болады. Мәселен, ел Үкіметі Парламентке енгізген «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне сақтандыру және исламдық қаржыландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға сәйкес, сақтандыру ұйымынан жұмысшының денсаулығы мен өміріне келтірілген зиянды өтеу бойынша төленетін төлем де, сондай-ақ денсаулыққа нұқсан келтіруден туындаған шығыстарды өтеу бойынша төлемдер (бір реттік төлемдер) де енді шектеледі», - дейді автор. Мақала « Сақтандырылудан бұрын сақтанған жөн » деген тақырыппен берілген.