Жекпе-жек бойынша І ашық Азия чемпионатында қазақстандықтар жеңімпаз атанды
АСТАНА. Қыркүйектің 28-і. ҚазАқпарат /Гүлнәр Жандағұлова/ - Қазақстанның сегіз чемпионы жекпе-жектен өткен І ашық Азия чемпионатында жеңімпаз атанды,
деп хабарлады «Бәйтерек» медиа-орталығынан.
Жексенбі күні елордалық ұлттық теннис орталығында өткен байрақты бәсекеге Қазақстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Ресей, Қырғызстан, Моңғолия, Өзбекстан, Әзірбайжан және Непал спортшылары қатысты. Біздің спортшылар барлық салмақ санатында бірінші орынды жеңіп алды. Жалпы командалық есеп бойынша екінші орынға Тәжікстан өкілдері табан тіресе, қырғызстандық спортшылар «қоланы» қанағат тұтты.
Жекпе-жек бойынша Рафик Эйфазов ( 56 келіге дейінгі салмақта), Қанат Бағланов (60 келіге дейін), Мардан Муздаев ( 65 келіге дейін), Қуаныш Қошаев ( 71 келіге дейін), Жанат Нұрпейісов (78 келіге дейін), Азат Тагиев (86 келіге дейін), Антон Аманбаев (95 келіге дейін), Руслан Аушев (95 келіден жоғары салмақта) Азия чемпиондары атанды.
Республикалық федерация чемпионат барысында азиялық федерация құру мәселесін талқылады.