Жел, шаңды дауыл, үсік: 25 қыркүйекке арналған ауа райы болжамы
Қазақстанның басым бөлігінде антициклон әсерінен жауын-шашын жаумайды.
Тек елдің батысында, солтүстік-батысында, солтүстік-шығысында фронттардың ықпалымен тұрақсыз ауа райы сақталады, жаңбыр жауады.
Қазақстанның батысында, оңтүстігінде, орталығында жел күшейеді. Ал оңтүстік-батысында шаңды дауыл соғады. Республиканың солтүстігінде тұман бақыланады.
Күндіз Алматы облысының Жалаңашкөл ауданында жел қарқыны 15-20 м/с дейін күшейеді.
Жамбыл облысының солтүстік-шығысында, Түркістан облысының таулы аудандарында және батысында, Қызылорда облысының түнде орталығында, күндіз басым бөлігінде, Атырау облысының солтүстігінде және шығысында, Батыс Қазақстан облысының оңтүстігінде, орталығында және солтүстік-шығысында, Ақтөбе облысының түнде батысында, күндіз басым бөлігінде, күндіз Қарағанды облысының батысында және оңтүстігінде жел екпіні 15-20 м/с жетеді.
Қызылорда облысында шаңды дауыл тұрады.
Маңғыстау облысының батысында, солтүстік-батысында және солтүстік-шығысында секундына 15-23 метр жылдамдықпен күшті жел соғады.
Түнде және таңертең Ақмола облысының шығысында, Солтүстік Қазақстан облысының солтүстік-батысында, Павлодар облысының оңтүстігінде тұман түседі.
Түнде Алматы облысының солтүстігінде, таулы аудандарында 1-3 градус үсік жүреді.
Жамбыл облысының таулы аймақтарында топырақ бетінде 1-3 градус үсік жүреді.