Жемқор шенеуніктердің орнына ЖИ пайдалану мүмкін бе – Цифрмин жауабы

АСТАНА. KAZINFORM – Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек мемлекеттік қызметкерлер арасындағы сыбайлас жемқорлықты азайту үшін шенеуніктердің орнына жасанды интеллектіні пайдалануды ұсынған болатын. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш министрлігі Жасанды интеллект және инновацияларды дамыту комитеті төрағасының орынбасары Әлібек Сайланбаев осы ұсынысқа жауап берді.

жасанды интеллект
Фото: pixabay

- Шынымен жасанды интеллект көптеген жұмысты орындап, адамдардың жұмыс орнын азайтып жатқаны туралы деректер бар. Бірақ біздің ойымызша, ЖИ ешбір адамды алмастырмайды. «ЖИ адамды алмастырмайды, ЖИ-ді қолдана алатын адам қолдана алмайтын адамды алмастырады» деген әйгілі сөз бар. Бұл құрал ғана. Ең бірінші адамдарға ЖИ-ді үйретуіміз керек. Менің ойымша, мемлекеттік қызметкерлерді осы құралдарға үйреткеннен кейін олардың еңбек өнімділігі мен тиімділігі арту керек, - деді ол БАҚ өкілінің сұрағына берген жауабында.

Сондай-ақ ол 5-10 жылдың ішінде адам істеген жұмыстың көбін автономды түрде орындай беретін ЖИ пайда болуы мүмкін.

- Әйгілі мамандардың айтуынша, 5-10 жылдың ішінде AGI құралы шығады деген жоспар бар. Қазір ЖИ автономды түрде біреуді алмастыра алмайды. Бірақ 5-10 жылда адамды алмастыра алатын деңгейге жетеді деп ойлаймын, - деді Әлібек Сайланбаев.

Өткен аптада ChatGPT енді интернет-дүкеннен тауар сатып алып, PowerPoint презентацияларын жасайтын функциясын іске қосқаны мәлім болды. 

Соңғы жаңалықтар