Жемқорлардың заңсыз тапқан қаржысы түгелдей мектеп құрылысына жұмсалады - Жолдау

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауы барысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Сол үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды. Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз», - деді Мемлекет басшысы.

Осы орайда Президент бұл жұмыстар ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтатынын атап өтті.

«Жалпы, мектеп салу Үкімет және әкімдіктер үшін басты міндеттің бірі болуы керек. Жемқорлардың заңсыз тапқан қаржысы олар сотталған соң мемлекетке өтіп, түгелдей мектеп құрылысына жұмсалуға тиіс. Үкімет осы бастаманы заң тұрғысынан рәсімдеу туралы шешім қабылдауы керек», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Соңғы жаңалықтар
telegram