Жемқорлыққа қарсы мылтықсыз майдан ашатын, оған сын садағын тартатын «Ара» журналы болады - Көпен Әмірбек

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Таяуда Алматыда Жазушылар Одағында әдеби жыл қорытындысы жасалды. Онда белгілі сатирик жазушы Көпен Әмірбек қазақ сатирасының өткені мен бүгіні және болашағы жайында баяндама жасады.

Жемқорлыққа қарсы мылтықсыз майдан ашатын, оған сын садағын тартатын «Ара» журналы болады - Көпен Әмірбек

Осыдан кейін көп ұзамай, Көпен аға сырқаттанып жүргеніне қарамастан, осы қара шаңырақта Сатира кеңесін өткізді. Өйткені биылғы және алдағы жыл қазақ сатирасы үшін ерекше жыл болайын деп тұр. Биыл атақты «Ара» журналы оқырманға қайта жол тартты. Келесі жылы осы журналдың 100 жылдығы тойланбақ. Осы бір үлкен де игі шараның алдында ҚазАқпарат тілшісі Көпен Әмірбекті әңгімеге тартқан еді.

- Көпен аға, емделіп жүргеніңізді естідік, денсаулығыңыз қалай?

- Құдайға шүкір... Мына денсаулықтың әсері адамның жұмыс істеу қабілетіне, оның болашаққа үмітпен қарап жұмыс істеуіне үлкен ықпал ететіні даусыз. Жалпы адам өліп қалам деп қорықпайды екен. «Осынша істелінбеген істерді қалай бітірем? Соларды тындырсам екен, үлгерсем екен» - деп жанталасады. Өзіңнің көрерменің бар, оқырманың бар, солардың ыстық ықыласына бөленетіндей тірліктерің ішіңде тұрады да, соларды шетінен кертіп үлгере алмай жатасың. Мен Қадыр Мырза Әлі ағама бір күні телефон шалдым. Дауысы бәсең. - Аға, бұрын даусыңыз әсем болып шығушы еді, енді бәсең болып шығып тұр ғой, шаршап жатырсыз ба? - дедім. Сонда жарықтық Қадыр ағам: «Жоқ, шаршап емес, шалдығып жатырмын», - деді. Сонда қазақта шаршап-шалдығып - деген қос сөз бар. Шаршау ол әншейін бергі жағындағы жәй сөз ғой, ал шалдығу деген ол - әбден сүрлігіп, құлаудың арғы жағындағы, кірпік қаққызуға шама келтірмейтін күйді айтады екен. Қадекең шығармаларын шаршап қана емес, шалдыққанша жазған адам. Біз ондай шалдығатындай шығарма әлі жаза қойған жолқпыз-ау деймін. Біз шаршауға дейінгі тірлікте жүрміз. Шалдығатын кез енді келді. Өйткені жасымыз 65-ке кетіп бара жатыр. Мен былайша айтқанда, өзіммен-өзім күресіп, өзіммен-өзім алысып жүрген адаммын... - Сіз демалыс дегенді қалай түсінесіз?

- Жұрттар курортқа барып, шипажайға барып немесе бір тып-тыныш рахаттанып жатқанды демалыс деп есептейді... Мен керісінше тып-тыныш жатсам шаршаймын. Мен жұмыс істеген сайын демалатын сияқтымын. Өйткені сен одан ләззат аласың. Сүйсінесің. Бір бұлақтың суын ішкендей мейірің қанады! Ақындар бір жақсы шығармасын жазып тастаса, бір бой жазып, рахаттанып, жер-көкке сыймай кетеді ғой! Міне бұл шығармашылық адамға тән қасиет. Еңбек адамды шаршатпайды.

- Көпен аға, таяуда Жазушылар Одағында үлкен жиын өтті. Онда әдеби жыл қорытындысы жасалды. Болашақта атқарылар шаруалар айқындалды. Өзіңіз арнайы баяндама жасадыңыз. Биылғы жиынға ақын-жазушылар көп келді. Он екі әдеби Кеңестің баяндамасы тыңдалды. Аға, әдебиет майданында қандай тың өзгерістер болып жатыр?

- Қазақстан Жазушылар одағының басқармасы айналасына, оқырмандарына сенім ұялата бастады. Жазушылар одағының сақталып қалуыныың өзі, сақталып қана қоймай, әрі қарай дамуы ақын-жазушылардың да жүрегіне сенім ұялатты. Бұрын Қазақстан Жазушылар одағына Ғабит Мүсіреповтің, Сәбит Мұқановтың, Олжас Сүлейменовтің, Әнуар Әлімжановтың басқарған замандарында халықтың ынтасы да, ықыласы да ерекше болатын. Өйткені сол кездегі идеология да сондай дәрежеде еді. Кейін құлдырады. Құлдырап, құзға түскен кездері болды. Енді сол құздан, шыңыраудан шыңға шыға бастады. Жазушылар Одағының төрағасы Нұрлан Оразалиннің үлкен қоғам қайраткері ғана емес, Парламентте сенатордың тағына отыруы да жұрттың ықыласын арттырды. Неге? Енді қаламақы, кітаптардың басылуы жүйе-жүйесімен жолға қойылатын болды. Өйткені қаламақы тәуелсіздік алғалы бері жойылып кеткен болатын. Еңбегі адал, бірақ еті арам секілді күй кешті біздің қаламгерлер. Міне осы мәселе қазір үлкен мемлекеттік деңгейде талқыланып жатыр. Бұл енді жуық арада болып қалады ғой деген үміттемін. Мінеки, қаламгерлер Жазушылар одағының қасиетті қара шаңырағының табалдырығын аттай бастады. Оң аяқпен кіре бастады. Жазушылар одағындағы көп кеңестердің бірі Сатира кеңесі де тәлтіректеген кезеңдерден өтіп, өз жұмысына көшті. Жылдық қорытындыда мен егжей-тегжейлі болмаса да, негізгі істелінген шаруаларды, қадау-қадау мәселелерді айттым. - Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары қаламақы мәселесі неге шешілмеді, неге құлдырап кетті?

- Тәуелсіздіктің де өз шарттары болады ғой. Біз нарықтық экономикаға көштік. Бұл деген не? Бұл тасбақа секілді өз үйіңді өзің арқалап жүр деген мағынаны білдіреді. Ал Кеңес заманы тұсында алма піс, аузыма түс дейтіндей жүйе болды. Яғни, шығарма жазасың, ол өтеді, сосын арбалап тұрып қаламақы аласың. Ал енді нарықтық экономикада сенің кітабың өте ме, өтпей ме - ол өз шаруаң. Егер жазған кітабыңды жұрт құмартып алып жатса, шаш-етектен пайданың астында қаласың. Ал жазғаның жасық болып, ешкім іздемейтін болса, онда бекерге бейбақтың күнін кешесің. Міне, осы тәуелсіздік алғалы бері жиырма жылдан астам уақыттың ішінде біздің осыған көзіміз әбден жетті. Соңғы жиырма жылдың ішінде бізде сол талантпен емес, тамыр-таныстықтың, сыбайластықтың арқасында күн көреміз деп жүргендер болды. Бірақ соған қарамастан, бәрібір керегі қайсы, кебегі қайсы, халық өзі електей елеп, айырып алып жатты ғой. Яғни, енді халыққа керегі өтеді, керексізі қалады. Міне, қаламақы осындай кезде өзінің несібесін төге бастайды.

- Қаламақы жүйесі қашан толық шешілуі мүмкін?

- Қаламақы жүйесі әлі белгіленген жоқ. Жалпы жоба-жоспары бар-ау деймін. Әр баспа табағына қаншадан қояды ол жағы шешіле жатар. Проза, поэзия, оқылатыны бар, танымдық, тағлымдық, тарихи шығармалар деген болады. Әрқайсында баға әрқалай қойылады ғой. Әдебиет майданында жүрген ақын-жазушылардың шығармаларының бағасы да кәдімгі төрт түлік сияқты. Бағалары әрқалай. Оны енді жоғары жақ шешер деп ойлаймын. Мен кітаптың өту-өтпеуіне қатысты мынадай бір мысал айтайын. Американың бір нашар жазушысы кітабының атын: «Бұл кітапты оқымаңдар» деп қойыпты. Содан кітап дүкенде тұрады. Сыртына қараса: «Бұл кітапты оқымаңдар». «Әй, бұл неге оқымаңдар деп айтты екен?» - деп жұрттың барлығы оны талап алып кетеді. Оқып қараса, ішінде елең еткізер, іліп алар ештеңе жоқ. Ал жазушыға өзінің тауарын өткізу керек болды. Кейін сол талантсыз жазушы бір роман жазып шығарады. Кітабын өткізу керек, өткізсе ақшаның астында қалады. Сөйтіп мынадай жарнама береді ғой: «Осындай деген жазушының пәлен деген кітабында керемет бір ару қыз бар! Ал мен бойдақ жігітпін. Жасым отызға жетпеген, тұрмысым жақсы, машинам бар, үйім бар. Бірақ мен сол жазушының кітабындағы басты кейіпкер қызға ұқсайтын қызды іздеп жүрмін». Бұл жарнаманы оқи сала Американың күйеу таппай жүрген бикештері әлгі кітапты талап алып кетеді. Міне, алаяқтардың жарнамасы. Біздің бүгінгі әдебиетте де, мәдениетте де кешегі күнге дейін келді осындай ұмтылыстар. Бірақ қазір ненің асық, ненің жасық екенін жұрт ажырата бастады. Біз осыған қуануымыз керек.

- Көпен аға, қазіргі қазақ сатирасы қандай деңгейде?

- «Бізде сатира жоқ» - деп аузын қу шөппен сүртетіндер аракідік болса да табылып қалады. Дегенмен, олардың да сөзін жоққа шығаруға болмайды. Мүмкін олар баяғы қазақтың тұңғыш сатиралық романын жазған Садықбек Адамбековтарды аңсайтын шығар. «Бізде сатира жоқ» - деп, шорт кесетін оқырмандарымыз бәлкім кешегі дүниеден өткен Қалтай Мұхамеджанов секілді драматургиялық комедияның шеберін іздейтін шығар. «Бізде сатира жоқ» - деп айтатын себебі, 20 ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген, қазақ халқын күлкіге қарқ қылып кеткен Оспанхан Әубәкіровтей бір ғасырда бір туатын талантты аңсайтын шығар. Шынында да Шона Смаханұлының шымшымаларындай дүниелер қазір жоғалып кетті. Біздің әзіл әндеріміз қандай еді, шіркін. Бір ғана Оспанхан ағамыздың жазған әзіл әндері қандай еді. Жұрт бәлкім сондай дүниелерді іздейтін шығар деп ойлаймын. Оқырмандарға өкпелеуге болмайды. Мүмкін олардың талғамы биік шығар. Бүгінгі сатираға тұшынбайтын шығар. Бірақ сатира тоқтап та, тоқырып та қалған жоқ. Шоқырақтап болса да келе жатыр. Қазір арамызда жаңа жүйріктеріміз шыға бастады. - Кеңес заманы кезіндегі сатира деңгейі қандай болды?

- Бізідң мынау Кеңес заманы кезіндегі сатира сол кездегі кемшіліктер деңгейімен қарағанда өткір сатира болғаны рас. Ал қазір Асқар Тоқмағамбетовтің, Шона Смаханұлының, Бектұрсын Мәдиевтің сол кездері жазған сықақтарын оқып көрсеңіз «Оу, мынаған неменеге күлген?» - деп ойланып қаласың. «Осы да күлетін нәрсе ме!?» - деп. Бірақ тақырып ол кезде шынында да күлкілі тақырып еді. Енді біз күлдіретін емес, жылататын тақырыпта жазуымыз керек. Мына, түріктің әйгілі жазушысы Әзіз Несіннің: «Мен жұрттарды жылату үшін жазам, бірақ жұрт оған күледі, сонда неменеге күледі? Мен соны өзім де түсінбеймін» - деген сөзі бар. Сатира күлдіру үшін емес, қабырғаңды қайыстырып тұрып, жылату үшін жазылады. Сол жылатудың белгілі бір дәрежесіне жеткенде жұрт ызадан күле бастайды. Ұлы жазушымыз Мұхтар Әуезовтің айтқаны бар. «Күлкі оқиғаның шатысынан туады». Біздің қазіргі қоғамда шатыспаған қай дүние қалды? Соның барлығы күлкілі. Яғни солардың барылғы әзіл мен сықақтың нысанасы. Кемеңгерлеріміз керемет болжап, көп айтып кеткен ғой...

- Көпен аға, белгілі «Ара» журналы оқырмандарына қайта жол тартты. Енді осы журналдың өткені, бүгіні және болашағына тоқталсаңыз.

- Жабылып қалған «Ара» сатиралық журналы қайтадан тіріліп, Айқын газетінің ішінен айына екі рет сегіз беттен шыға бастады. Қазір төрт нөмірі шықты. Құдай қаласа, жаңа жылға дейін осыны жарнамалап, жақсы дүниелермен жұртты тәнті ету керек. Сосын жеке отау тігіп, баяғы айтылғандай «Ара» ара болады, шаққан жері жара болады» дегендей дәрежеге көтерілетіндігіне сенемін. Өткен жолғы Сатира кеңесінде үлкен келелі мәселелерді көтердік. Оған Ғаббас Қабышұлы, Мыңбай Рәш, Үмбетбай Уайдин, Зәкір Асабаев, Ермахан Шайқы, Еркін Жаппасұлы, Медет Қожакеев, Доқтырхан Тұрлыбековтар және мына 20 жастағы сықақшы Нұрсұлтан Оқпанұлы қатысты. 1956 жылы сол «Ара» журналы ашылып, Ғабит Мүсірепов соған редактор болған. Сонда Асқар Тоқмағамбетов, Шона Смаханұлы, Садықбек Адамбековтардың басын қосқан осы Ғабең еді. 2015 жылы «Ара» журналына 100 жыл толғалы отыр. Неге дейсіз ғой? Өйткені 1915 жылы Бейімбет Майлиннің редакторлығымен «Садақ» деген атпен біздің алғашқы журналымыз үш жылдай шығып тұрған. 1918 жылы жабылып қалды. 1925 жылы Жүсіпбек Аймауытовтың редакторлығымен «Шаншар» деген атпен шықты. Ол да жабылып тынды. 1932 жылы Ілияс Жансүгіровтің редакторлығымен «Балға» деген атпен тағы шықты. Шамалы уақыттан кейін ол да жабылды. Содан 1956 жылы «Ара» және «Шмель» деген орысша атымен шықты. Кейін де бірнеше рет жабылып қалды. Мінеки, аузын айға білеген «Ара» журналына құдай қаласа келесі жылы 100 жыл толады! Соны қалай атап өтеміз, қандай ұсыныстар қоямыз деп талқыладық. Енді бір шешімді шығарамыз ғой. Жоғары жақтың құлағына жеткіземіз. «Ара» журналы қазаққа керек! Елбасы да айтты емес пе!? «Біз осы қылмыскерлерді, жемқорларды түрмеге апарып тыға бергенмен мұны кім біліп жатыр? Олардың атын атап, түсін түстеп, масқаралау, әжуажалау үшін бұқаралық ақпарат құралдарын пайдалану керек» - деді. Олай болса, сатирамен түйрейтін, әзілмен әжуалайтын, тұқымы тұздай құрыған фельетонды қайта жаңғыртатын осы «Ара» журналы емес пе? «Ара» жабылғанда, оның соңғы редакторларының бірі болған Қалтай Мұхамеджанов: «Араның» жабылғаны, қазақтың қара жамылғаны» - деген. Аза тұтты ол кісі. «Аспандағы құсты жердегі жем ұятқа қалдырады» - деген қазақтың сөзі бар. Қазаққа қамқор болады деп жүрген небір азаматтарымыз қамқор емес, жемқор болып жатқан жоқ па қазір? Сол жемқорлыққа қарсы күрестен бұрын, сол жемқорлықпен күресіп жүргендермен күрестін кезеңі келді. Ал жастарға келетін болсақ, көбісінің діттегені ішу, жеу, қыдыру, жеңіл-желпі өмір сүру. Осындай сезімдер оларға саз балшықтай жабысып алған ба деп уайымдаймын. Енді сол жастарды тәрбиелейтін, санасына ой салатын, ақылға келтіретін, өзінің әзілдерімен, карикатураларымен дұрыс бағытқа жетелейтін, жемқорлыққа қарсы мылтықсыз майдан ашатын, оған тоқтау болатын, сын садағын тартатын осы «Ара» болар деймін. Сондықтан «Ара» журналы қазаққа керек!

- Әңгімеңізге рахмет аға!