Жемқорлыққа жол бергені үшін «Оңтүстікқазжерқойнауы» өңіраралық департаментінің басшысы жұмыстан босатылды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда жемқорлық әрекеттерге жол бергені үшін «Оңтүстікқазжерқойнауы» Өңіраралық департаментінің басшысы жұмыстан босатылды. Бұл туралы Алматы қаласы прокуратурасының баспасөз қызметінен хабарлады.
None
None

«Алматы қаласы прокуратурасының Әлеуметтік-экономикалық саладағы заңдылықтарды қадағалау Басқармасы ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің Геология және жер қойнауын пайдалану Комитетіне қарасты «Оңтүстік Қазақстанның геология және жер қойнауын пайдалану Өңіраралық департаменті» РММ («Оңтүстікқазжерқойнауы» ӨД) қызметін тексерген болатын. Мақсат - «Көкқайнар» және «Алатау» кенттерін жер асты суларымен қамтамасыз ету үшін іздеу-барлау жұмыстарына бөлінген бюджет қаржысын жұмсау барысында ҚР «Мемлекеттік сатып алулар туралы» және «Сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы» заңдардың талаптары қаншалықты орындалғандығын анықтау», - делінген хабарламада.

Тексеру барысында «Оңтүстікқазжерқойнауы» ӨД лауазымды тұлғаларының заң бұзушылық әрекеттерге барғаны мәлім болды. Яғни, олар іс жүзінде орындалмаған, қағаз жүзінде ғана орындалған жұмыстар туралы актілерге қол қойған. Осылайша, орындалмаған жұмыстар үшін төленген артық ақша 12 693 000 теңгені құраған.

Сонымен қатар, жеке меншіктегі жер учаскелерінде мемлекеттік бюджеттің қаржысымен (40 565 236 теңге) іздеу-барлау жұмыстарының жүргізілгені белгілі болды.

Алматы қаласы прокуратурасының ұсынысымен ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Жауапты хатшысының бұйрығымен «Оңтүстікқазжерқойнауы» ӨД басшысы «Е» есімді азамат, оның орнына тағайындалған бөлім бастығы «А» есімді азамат және бөлімнің бас маманы «О» есімді азамат жұмыстан босатылды.

Соңғы жаңалықтар