Жемқорлықпен күрес жөніндегі кеңесте Атырау облысындағы жемқорлық жағдайы талқыға салынды
Жиын барысында партияның жемқорлықпен күрес жөніндегі бағдарламасының Атырау облысындағы орындалу барысы талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Атырау облысы еліміздің қарқынды дамып отырған аймақтың бірі. Өңірде мұнай, газ секілді ірі кен орындарынан басқа, түрлі қазба байлықтары мол, балық экспортын әлемдік нарыққа шығарып отыр. Облыс инвестициялық тартымдылығы жағынан да алда, бұл шамамен 800 млрд. теңгеден асады, өнеркәсіп өндірісі 2 трлн. 747 млрд. теңгеге жетті. Өңірде жыл сайын 22 млн. тонна мұнай мен 9 млрд.-тан астам текше метр газ өндіріледі. Индустриялық-инновациялық даму стратегиясының аясында ірі инвестициялық жобалар да жүзеге асырылуда. Дегенмен, өңірде мемлекеттік қаражат қаншалықты тиімді пайдаланылуда, бюджет қаражаты жемқорлық сипатынан қаншалықты қорғалған деген мәселе өзекті. Қоғамды да осы түйткілдер мазалап отырғаны анық. Өйткені, тұтастай аймақтың экономикалық дамуы аталған мәселелерге тығыз байланысты болмақ. Бүгінгі Атырау облысының жемқорлықпен күрес жөніндегі шараларын талқылауымыздың да басты себебі осы», деді жиында ашып сөз сөйлеген кеңес төрағасы О. Әбдікәрімов.
Жиын барысында Атырау облысы әкімінің орынбасары Болат Дәукенов жемқорлықпен күрес жөнінде атқарылып жатқан шаралар туралы баяндама жасады. Оның айтуына қарағанда, облыс бойынша сарапшылар комиссиясының жүргізген тексерулері жемқорлықпен күрес жөнінде бірқатар кемшіліктерді анықтаған. «Белгілі бір кемшіліктер болғанын мойындаймыз. Дегенмен, де сарапшылар комиссиясының біқатар қорытындыларына қатысты келіспеушілікті білдіреміз. Облыста жемқорлықтың алдын алуға қатысты оңтайлы тәжірибелер жинақталған, құрамында құқық қорғау органдары, депутаттар, БАҚ қатысатын комиссия да белсенді жұмыс істейді», деді Б. Дәукенов.
Тоқтала кететін жайт, құқықтық статистика органдарының мәліметтеріне қарағанда, Атырау облысында бірнеше жылдар бойы жемқорлықтың жоғары деңгейі сақталып отыр. Мәселен, былтырғы жылы өңір бойынша 116 жемқорлық қылмыс орын алса, оның 97-ісі мемлекеттік қызметкерлермен және мемлекеттік қызмет функцияларын атқару теңестірілген тұлғалармен жасалыпты. Ал 2008 жылы жемқорлық фактісі бойынша 104 қылмыстық іс қозғалған. Сондай-ақ жемқорлық қылмыс жасағаны үшін 71 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Мәліметтерге сүйенсек, облыстағы осындай барлық қылмыстың жартысынан астамы әкімдік қызметкерлерімен, олардың құрылымдық бөлімдерімен жасалатыны анықталған. 2009 жылы оның алдындағы жылмен салыстырғанда әкімдік қызметкерлері арасындағы жемқорлық қылмыс екі есеге дейін артқан.
Қоғамдық кеңес жиыны барысында Атырау облысы бойынша жасалған баяндама талқыланып, өңірдегі сыбайлас жемқорлықпен күрестің тиімділігін арттыру, жемқорлық көріністерін төмендету мәселелеріне қатысты бірқатар ұсынымдар жасалды.