Жемқорлықпен күрес жөніндегі кеңесте білім беру және денсаулық сақтау салаларындағы жағдай талқыланды
АСТАНА. Сәуірдің 10-ы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін «Нұр Отан» ХДП жанындағы Жемқорлықпен күрес жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті.
Жиын барысында білім беру және денсаулық сақтау салаларында жемқорлыққа қарсы әрекет ету мәселелері талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Басқосу барысында Кеңес төрағасы сенатор Оралбай Әбдікәрімов «Нұр Отан» ХДП жанынан сыбайлас жемқорлыққа қарсы медиа-орталық құрылғанын, оның басшысы болып журналист Берік Уәли тағайындалғанын жеткізді. Сонымен бірге, жиын барысында «Нұр Отан» партиясы тапсырысы бойынша түсірілген бейнесюжеттер көрсетіліп, онда денсаулық сақтау мен білім беру мекемелеріндегі сыбайлас жемқорлыққа қатысты нақты фактілер, салалардағы негізгі проблемалар жұртшылық назарына ұсынылды.
Басқосуда Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев пен денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиев қазіргі таңда атқарылып жатқан жұмыстар бойынша есеп берген қос министр, жиын барысында көрсетілген сжюжеттерге байланысты тиісті шаралар қолданылатынын жеткізді. «Жалпы біздің қолымызда бұдан да сорақы материалдар баршылық. Соған орай өткен 1,5 жыл ішінде Үкімет тарапынан бірқатар шаралар атқарылды. Мәселен осыған дейін елімізде 176 жоғары оқу орындары болса, олардың ішіндегі талапқа сай келмейтін, сапалы білім бере алмайтын 36 оқу орны қысқартылды. Облыстарда, қалаларда университет ретінде жұмыс істеген 76 филиалдар жабылды. Бұлардың барлығы талаптарға сай жұмыс атқармаған болатын. Бұдан басқа, университеттердегі жемқорлыққа басқа да мәселеге қатысты қолымызда біршама фактілер бар, оған Елбасының қабылдауында болғанда тоқталып, жұмысты одан әрі жалғастыру туралы тапсырма алдым», - деді Ж. Түймебаев.
Сонымен бірге, жиын барысында мемлекеттік сатып алулар мәселері бойынша Қоамдық кеңестің ұсыныстарының орындалу шаралары да талқыланды.