Женевада Иран мен АҚШ ядролық келіссөздерінің екінші кезеңі өтіп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Аймақтағы әскери белсенділік пен тараптардың өзара қатаң мәлімдемелері аясында келіссөздер процесі қайта жанданды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі. 

Женевада Иран мен АҚШ ядролық келіссөздерінің екінші кезеңі өтіп жатыр
Фото: IRNA

Сейсенбі күні Женева қаласында Иран мен Америка Құрама Штаттары арасындағы ирандық ядролық бағдарлама мәселесіне қатысты жанама келіссөздердің екінші раунды басталды. Иран БАҚ-тарының хабарлауынша, ұстанымдар алмасу Оман делдалдығымен өтіп жатыр.

Бірінші раунд 6 ақпанда Маскат қаласында өткен.

Иран делегациясын сыртқы істер министрі Аббас Аракчи бастап келді. АҚШ тарапынан консультацияларға арнайы өкіл Стив Уиткофф пен Джаред Кушнер қатысып жатыр. Кездесу БҰҰ жанындағы Оман елшісінің резиденциясында күшейтілген қауіпсіздік шаралары жағдайында өтіп жатыр.

Санкциялар — Тегеранның негізгі шарты

Иран СІМ-нің ресми өкілі Эсмаил Бағаи америкалық санкцияларды алып тастау кез келген ықтимал келісімнің ажырамас бөлігі екенін мәлімдеді.

Аты аталмаған жоғары лауазымды ирандық дереккөздің Reuters агенттігіне айтуынша, келіссөздердің табысы Вашингтонның «шынайы емес талаптардан» бас тартуға және санкциялық режимді жұмсарту мәселесінде нақты ниет танытуға дайындығына байланысты.

Тегеран «конструктивті ұсыныстар» ұсынғаны айтылды.

АҚШ өз кезегінде диалогтың күн тәртібін ядролық тақырыптан тыс кеңейтуді, соның ішінде Иранның зымыран бағдарламасын талқылауды талап етіп отыр. Тегеран санкциялар алынған жағдайда тек ядролық бағдарламаға қатысты шектеулерді талқылауға дайын екенін, бірақ уранды байытудан толық бас тартпайтынын мәлімдейді.

Әскери фактор және лидерлер мәлімдемелері

Келіссөздер АҚШ-тың аймақтағы әскери қатысуын күшейтуі аясында өтіп жатыр. Reuters мәліметінше, тиісті шешім қабылданған жағдайда АҚШ әскері президент Дональд Трамп бұйрығымен бірнеше аптаға созылуы мүмкін операцияға дайындалып жатыр.

Келіссөздер басталар алдында Иран Ормуз бұғазында әскери жаттығулар өткізіп, жауынгерлік сценарийлерді пысықтау аясында зымыран ұшырды. Бұғаздың жекелеген учаскелерінің уақытша жабылуы «қауіпсіздік шараларымен» түсіндірілді.

Ормуз бұғазы — әлемдік мұнай жеткізілімдерінің шамамен бестен бірі өтетін стратегиялық маңызды маршрут.

Дональд Трамп келіссөздер процесіне «жанама түрде» қатысып отырғанын айтып, Тегеран мәмілеге қол жеткізуге мүдделі екеніне сенім білдірді.

— Менің ойымша, олар келісімнің болмауының салдарын қаламайды, — деді ол Air Force One ұшағының бортында журналистерге.

Келіссөздердің алғышарты

Өткен жылдың маусым айында келіссөздерді қайта бастау әрекеті Израиль Иранның ядролық нысандарына қарсы әскери науқан бастағаннан кейін, кейін оған АҚШ қосылып, сәтсіз аяқталған. Осыдан кейін Тегеран уранды байыту қызметін тоқтататынын мәлімдеген.

Иран ядролық қаруды таратпау туралы шарттың қатысушысы болып табылады. Бұл құжат ядролық қару әзірлеуден бас тарту және МАГАТЭ-мен ынтымақтастық жағдайында атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалануға құқық береді. Израиль аталған шартқа қол қоймаған және өзінде ядролық арсенал бар екенін ресми түрде растаған жоқ.

Соңғы жаңалықтар
Референдум