18:05, 17 Ақпан 2016 | GMT +5
Жеңілдетілген автонесие алуға 5161 өтініш қанағаттандырылды - ҚДБ
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қазақстан Даму Банкі» жеңілдетілген автонесие бағдарламасы бойынша жеке тұлғалардың 5161 өтінішін қанағаттандырды. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Қазақстан Даму Банкі» АҚ Басқарма Төрағасы Болат Жәмішев мәлім етті.

«Қаржыландыру шарттарына сәйкес жеңілдетілген автонесие бағдарламасы аясында 5161 өтініш қанағаттандырылды. Ол бойынша 16 млрд. 904 млн. теңгеге Қазақстанда құрастырылған автокөлік сатып алынады. 11 ақпандағы жағдай бойынша алты банк-агентке 4523 автокөлік сатып алу үшін 14,5 млрд теңге бөлінді», - деді Болат Жәмішев.
Оның айтуынша, автонесие бойынша Ұлттық қордан бөлінген 15 млрд теңге қаражаттың бірінші траншы 87 пайызға игерілген. Халық 13 млрд теңгеге автонесие алған. 2016 жылы бөлінген 11 млрд. теңге 12,7 пайызға игеріліп, 1,4 млрд. теңгеге автонесие берілген.