20:16, 20 Қаңтар 2009 | GMT +5
Жеңілдетілген бекеттер жұмысына шекарада орналасқан елді мекендер тұрғындары дән риза
ОРАЛ. Қаңтардың 20-сы. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Батыс Қазақстан облысындағы жеңілдетілген бекеттер жұмысына шекарада орналасқан елді мекендер тұрғындары дән риза,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Сондай бекеттің бірі «Орал» шекара бекетіне (застава) бекітілген аумақта орналасқан. Ол Зеленов ауданы Раздольный ауылының қасында. Ресей жағынан Орынбор облысы Бузулук ауданы Усов елді мекенімен шектеседі.
«Орал» шекара бекетінің бастығы Дәурен Жаппасбаевтың айтуынша, екі мемлекет басшылары қол қойған келісімге сәйкес бұл бекеттің іске қосылғанына бір жыл. Әр аптаның жұма, сенбі, жексенбі күндері жұмыс жасайды. Азаматтардан көп құжат талап етілмейді, тек төлқұжаты мен тұрғылықты жерінен алған анықтамасы керек.
Мұнда Қазақстан жағынан да, Ресей жағынан да халық тығыз қоныстанған. Сөйтіп, осы маңдағы Зеленов пен Бузулук ауданы тұрғындарының барыс-келісіне барлық жағдай жасалып отыр. Он бір жылдан бері Ресей елінің азаматы болып табылатын Серік Тұралиев Раздольныйдағы туыстарына айына екі-үш рет келіп кетеді екен. Бекет жұмысына ол да риза.