Жеңіс Қасымбек Төтенше жағдай кезеңіндегі Қарағанды облысының тіршілігі қалай болатынын айтып берді

- ТЖ режимі кезінде ірі дүкендер қысқартылған жұмыс режиміне көшеді - олар 10.00-ден 18.00-ге дейін ашық болады. Супермаркеттер, азық-түлік дүкендері мен азық-түлік базарлары өзгеріссіз жұмыс істейтін болады. Барлық сауда объектілерінде санитарлық қауіпсіздік шаралары күшейтіледі. Ірі сауда желілері мен базарлар иелерінің айтуынша, облыста тауарлар мен өнімдердің тапшылығы жоқ.
- Кинотеатрлар, балалар ойын алаңдары, сауда орталықтарындағы ойын-сауық аймақтары, театрлар, көрме павильондары, түнгі клубтар мен қорқор орындары жабық болады.
-Сондай-ақ облыста қоғамдық орындарда, мекемелерде және қоғамдық көлікте санитарлық-эпидемияға қарсы іс-шаралар жүйелі түрде жүргізіледі.
- Дәмхана мен мейрамханаларға келушілердің саны мен жұмыс уақыты шектеледі – енді мекемелерде 50-ден астам адам болмауы тиіс. Бұл мекемелер 22.00-ге дейін ғана қызмет етеді.
- Көрермендер жиналатын ойын-сауық іс-шараларына, спорт жарыстарына тыйым салынады. Отбасылық мерекелер мен естелік іс-шараларға да тыйым салынған.
- Мектептен тыс қосымша білім беру мекемелері уақытша жабылады – үйірмелер, секциялар, аула клубтары өткізілмейді.
- Балабақшалар медициналық-санитарлық бақылауды күшейте отырып, жұмысын жалғастырады. Ата-аналар өздері балабақшаға баруды шектей алады. Алайда, мемлекеттік балабақшадағы балалар үшін орын сақталатын болады.
- Стационарлар мен қарттар үйлерінде пациенттерге баруға уақытша тыйым салынған. Балалар үйінің тәрбиеленушілеріне де баруға болмайды.
- Наурыз мейрамына байланысты көпшілік жиналатын серуендер болмайды.
- Барлық меншік түріндегі кәсіпорындардың иелеріне мүмкіндігінше қызметкерлерді қашықтан жұмыс режіміне көшіру ұсынылады.
- Көліктің кез келген түрі үшін республикадан тыс жерлерге кіру және шығу шектелді. ҚР Сыртқы істер министрлігі шақырған сапарларды қоспағанда.
- Қауіпсіздікті, қоғамдық көліктің, коммуналдық қызметтердің жұмысын қамтамасыз ететін стратегиялық объектілерді күзету күшейтілді. Сондай-ақ медициналық тексеруден жалтарған, эпидемиологиялық жағдайды анықтау үшін деректерді жасыратын, карантиндік режімді бұзған адамдарды бақылауға алу күшейтілетін болады.