Жеңіс оңайға түскен жоқ - ҰОС ардагері, М.Боранбаев

nbsp;АСТАНА. Сәуірдің 27-сі. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Биыл Ұлы Отан соғысының Жеңіспен аяқталғанына - 65 жыл. Талай уақыт өтіп, талай заман өзгерсе-дағы, Жеңімпаз аталарымыздың даңқты ерлігі - жасымас жігердің, ұлы рухтың, Отанымыздың еркіндігі мен тәуелсіздігі жолындағы біздің халқымыздың рухани бірлігінің үлгісі болып қала бермек. Қан майданның қасіреті мен тауқыметі жайында айтып беру үшін, оны көзімен көрген жауынгер, бүгінгі ардагер Боранбаев Мыңайдар Боранбайұлын әңгімеге тартқан едік.

Жеңіс оңайға түскен жоқ - ҰОС ардагері, М.Боранбаев

- Мыңайдар ата, алдымен алда келе жатқан Жеңістің 65 жылдық мерейтойымен құттықтауға рұқсат етіңіз! Бұл Жеңіс елімізге оңай келген жоқ. Ол бабаларымыздың, сіздердің қажымастай қайраттарыңыз бен рухтарыңыздың мықтылығымен келді. Сіздердің осы ерліктеріңізді мәңгі есте сақтау біздің міндет. Сондықтан, әңгімеңізді соғыс майданына қашан шақырылып, қалай аттанғаныңыздан бастасаңыз?

- Мен соғыс деген сөзді алғаш рет 1941 жылы шілденің 22-сі күні естідім. Колхоздың хат тасушысы Германия соғыс ашыпты деген хабарды естірткенде 14-тен асқан шағым болатын. Ол кезде соғыстың не екенін де түсіне қойғаным жоқ. Арада екі-үш жыл өтті, 1944 жылдың қазан айында өзімнің туып-өскен Қостанай облысы Амангелді ауданынан бірнеше жігіт әскери қызметке шақырылды. Қостанай қаласына келгеннен кейін бізді Челябі облысы Шұбаркөл қаласының маңындағы әскерилерді дайындайтын бөлімге алып келді. Онда екі-үш айғы дайындықтан кейін, соғысқа аттандырды. Ол кезде жасым 17-ден асқан. Мәскеу арқылы Беларустың Белостог қаласына алып келді де, сонда қаруландырып майдан алаңына жіберді. Мен ІІ-Беларусь майданына, 6 гвардиялық армия, 15-Сиваш-Штеттин дивизиясы, 47-Қызыл ту полкіндегі атқыштар қатарына радист-байланысшы болып алындым. Алғаш алған тапсырмамыз Германияның Одра өзенін кешіп өтіп, оның арғы бетіндегі үлкен қала - Штеттинді немістерден азат ету болды. Осы мақсатпен Одра өзенінің үстімен көпір жасап, онымен өте берген уақытта, біздің танкілер, өздігімен жүретін қарулар, түрлі арбалар мен жаяу әскерлер жан-жақтан оқ астына алынып, бомбыланды. Ақырында көпір түгелімен қирады. Біз өзеннің арғы бетіне өтіп кете алғанымызбен, шығынымыз өте көп болды. Штеттинде жаумен бетпе-бет кездестік. Төрт күнгі шайқастан кейін немістерді қаладан ығыстырып шығардық. Бұл менің қанды майданға қатысқан алғашқы күндерім болатын. Қаптаған жаудың ортасына түсіп, өлімге бетпе-бет келген шақта, қорқуға да шама болмады, не өмір, не өлім үшін күрестім.

Сәтті аяқталған шабуылымыздан кейін, Бреслау, Гаркау, Дрезден қалаларын босатып, қашқан немістерді Англияға өткізбеу қимылдарын жасадық. Сол мақсатпен солтүстіктегі Балтық теңізіне дейін келіп, ондағы Ростов порты қаласына орнықтық. Арада уақыт өтіп жатты, ақыры, 1945 жылғы мамырдың 8-і күні Германияның құлағанын естідік. Мамырдың 9-ы күні Кеңес Одағы Жеңіске жетті деген хабар алдық. Жеңіс күнін сол Ростов қаласында атап өттік. Өкінішке қарай, бұл күнге барлығы бірдей жете алмады. Мысалға, тек Қостанай облысынан біз 500 жігіт болып аттандық, ал соның тек 10 пайызы ғана туғандарына оралды. Германияда 45-ші жылдың қазанына дейін болдым, одан кейін бізді Кавказ маңындағы әскери округқа жіберді. 1950 жылдың қазан айында әскерден босадым. Сөйтіп, әскери қызметте 7 жыл жүрдім. Себебі, бізді алмастыратын адамдар болмады.

- 17-дегі жас жігітке қолына қару алып, адамға қарсы шабу оңай емесі түсінікті. Дегенмен, қайсарлығыңыз бен батылдығыңыздың арқасында қаншама мың адамның ішінде өлім аузынан аман қалдыңыз. Майдандағы ерліктеріңіз үшін қандай наградалармен марапатталдыңыз?

- Мен «ІІ-дәрежелі Ұлы Отан соғысы » орденімен, «Жауынгерлік ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталдым. «Ерлігі үшін» медалына ұсынылғаныммен оны алмадым. Сондай-ақ, «Құрмет белгісі» орденімен, «Еңбектегі ерлігі үшін» және «Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін» және тағы басқа да барлығы 25 медальмен марапатталдым. Кейінгі жылдарымда Торғай және Қостанай облыстары атқару комитеттері мен облыстық партия комитеттерінің, Қазақ Республикасының, Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың құрмет грамоталарымен марапатталдым.

Наградтауға қатысты әңгіме қозғалғанда менің жүрегімді қан жылататын мәселе бар. Әлемді дүр сілкіндірген екінші дүниежүзілік соғыста жалпы 28 миллионға жуық кеңес халқы қырылды. Оған қатысқан 1,5 миллионға жуық қазақстандықтардың 500 мыңы үйлеріне оралмады. Олардың арасында қаракөздеріміз қаншама болды. Ерліктеріне лайықты наградаларын алғандар жоқ демеймін, олар - бар және ол солай болуы тиіс. Себебі, барлығымыз бір Отан үшін, сол кездегі Кеңес Социалистік Республикалар Одағы үшін күрестік және қазақтар ол майданда бәрімен бірдей қан төкті, ерлікпен қаза тапты. ҚазКСР-ның 500-ден астам адамы «Кеңес Одағының Батыры» атағын алды, сондай-ақ, бірнеше мыңы жауынгерлік «Қызыл Ту» орденімен, «Ерлігі үшін» медальдарымен наградталды. Олардың арасында Сағадат Нұрмағамбетов, ұшқыштар Нүркен Әбдіров пен Талғат Бигелдиновтер және мықты қолбасшы, әйгілі 8-ші гвардиялық атқыштар дивизияның батальон, полк командирі Бауыржан Момышұлы бар. Бауыржан бір ғана үлкен ерлік жасаған жоқ, ол үлкен стратегиялық командир болды. Даңқты жауынгер көзі тірісінде Кеңес Одағының Батыры мен генерал атағын ала алмай кетті. Бауыржанға Кеңес Одағының Батыры атағы Елбасымыздың қолдауымен өзі қайтыс болып кеткеннен кейін берілді.

Бұның бәрі Кеңес үкіметі кезінде жүргізілген біржақты саясаттың кесірінен болды. Онда бір ғана халық бар, ал өзгелер олардың жәрдемшісі деп есептелді. Сондықтан, көптеген қазақтың ерліктері ескерусіз қалды.

Сол сияқты, қандасымыз Рақымжан Қошқарбаевқа да ерлігіне лайықты марапат берілмеді. Р.Қошқарбаев, Булатов есімді солдатпен бірге Рейхстагтың төбесіне Жеңіс туын желбіреткен бірінші жауынгерлер. Бұл туралы маршал Жуковтан бастап оған көздері куә бәрі білді. Бірақ Кеңес Одағының Батыры атағы мен Ленин ордендері белгілі бір саяси түсініктермен Егоров пен Кантария есімді солдаттарға берілді. Олардың аттары КО-ның (қазіргі Ресей Федерациясының) ресми тарихында осы күнге дейін аталып жүрді.

Менің ойымша, Қошқарбаевты Ресей болмаса-дағы өзіміз ұлықтауымыз керек. Одан кейін, оның есімін Астанадағы базардың жанындағы кішкентай көшеден алып үлкен кешелердің біріне беру керек.

- Жеңістің 65 жылдық мерейтойына орай ағымдағы жылғы мамыр айында ҰОС ардагерлерінің темір жол көліктерімен жасайтын бір жолғы сапарлары тегін болады. Сіз мерекені қайда атап өтесіз, құрып отырған жоспарларыңыз бар ма?

- Мен Мәскеуде өтетін шеруге Астана қаласынан шақырылған екі адамның бірімін. Денсаулық жағдайым мүмкіндік берсе, сонда баратын жайым бар. Бірақ Қызыл Алаңдағы салтанатты шеруде ұзақ жолды жүріп өту қиынға соға ма деймін.

Жалпы менің ойымша, Ұлы Жеңістің 65 жылдығын атап өту, оған бір майдан алаңында теңдей қан төккен қазақстандықтарды шақыру өте орынды. Балтық жағалауы елдері - Латвия, Эстония және тағы басқалары оны тойламайды. Бұл шеруге Өзбекстаннан да ешкім барайын деп жатқан жоқ. Қазақстаннан Мәскеуге 32 ардагер, 100-ге жуық жауынгер шақырылып отыр.

Теміржол көліктеріне ұсынылып отырған жеңілдіктер, зейнетақылар, пәтер ақысы мен қоғамдық көліктердегі жеңілдіктер үшін Елбасына, халқыма шексіз алғысымды айтамын.

- Ардагерлер кеңесінің белсенді мүшесі ретінде келесі сұрағыма жауап берсеңіз. Қазір Астанада мемлекеттік тұрғын үй қорынан қанша ардагер баспанамен қамтылды, қаншасы кезекте тұр?

- Қазір Астанада ҰОС-ның 484 ардагері тұрады. Былтыр кезекте тұрған ардагерлердің барлығы 100 пайыз тұрғын жаймен қамтамасыз етілді. Қазір елордада өңірлерден келіп жатқан ардагерлер бар. Қазір олардың біршамасы кезекке алынғанын естідім. Алып қарасаң, 90-дағы кемпір мен шал ауылдағы үйді өз беттерімен қалай күтіп-бағады. Бүгінгі көріп отырған бейбіт өміріміз үшін оларға үйді қалаған жерлерінен беру керек.

- Мазмұнды әңгімеңізге рахмет! Деніңізге саулық, ұзақ ғұмыр тілеймін!