Жеңіс шеруінде Қызыл алаңнан мотоциклмен өткен қазақ
АСТАНА. 17 мамыр. ҚазАқпарат - Торқалы 90 жылдығын Ұлы Жеңiстiң 67 жылдығымен тұспа-тұс қарсы алған Сәрсен Әбдiхалықов - II дәрежелi Ұлы Отан соғысы орденiмен екi рет, «Мәскеудi қорғағаны үшiн», «Жауынгерлiк ерлiгi үшiн», «Ерлiгi үшiн», т.б. 20-дан астам орден және медальдардың иегерi.
Сәрсен Әбдiхалықов - 1945 жылғы 24-маусымда Ұлы Жеңiс шеруiне қатысқан санаулы қазақстандықтардың бiрi. Қызыл алаңдағы Жеңiс шеруiне 90 мотоцикл қатысса, iшiндегi жалғыз қазақ Сәрсен Әбдiхалықов болған, - деп жазады «Алматы ақшамы» газеті. Сұм соғыс тұтанған кезде Түрген педучилищесiнiң 3-курсында оқып жүрген бозбала Сәрсен де өз отандастарымен бiрге 1941 жылдың 18- тамызы күнi соғысқа аттанады.
Сол жолғы iрiктелiп алынған 20 жiгiт Қырғызстандағы Фрунзе атындағы жаяу әскерлер училищесiне жiберiледi. Әбден әскери тәсiлге машықтанған жiгiттердi қараша айының 15-i күнi Фрунзе қаласында құрылған 40-атқыштар бригадасына жасақтап, көп кешiкпей оларды Мәскеуге аттандырады. Қарашаның өкпеден өтетiн қара суығында Мәскеуге келiп жеткен жiгiттерге алғашқыда қару-жарақ та жетiсе бермейдi. Соған қарамастан бақайшағына дейiн мұздай қаруланған жау әскерiне шабуыл жасап қоятын. Ондай сәтте қолында мылтығы жоқтар гранаталар мен жарылғыш бөтелкелермен қаруланып алып, шабуылға шығатын.
Өткен күнге оймен шолу жасаған қарт жауынгер кешегi күндi терең күрсiнiп отырып есiне түсiрген сайын, алыстағы оқтың, ыңырсыған майдандастарының даусы құлағына келе ме, кiм бiлсiн, терең ойланып қалатын.
- Соғысқа сержант шенiнде кiрдiм. Қазiргi шенiм - запастағы аға лейтенант, - деп, Сәрсен ақсақал қан майдандағы алғашқы ұрысы жөнiнде әңгiмесiн бастады.
- Ең алғаш фашистерге қарсы шабуылды 1941 жылы желтоқсанның 6-сы күнi бастадық. «Отан үшiн, Сталин үшiн, алға!» деп ұрандатып, немiске қарсы лап қойдық. Бiздi әлi де жақындай түссiн деп күтiп жатса керек, мұздай қаруланған немiстер автомат пен пулеметтен оқты қарша боратты. Әлгiнде ғана шабуылға шыққан 600 жауынгерден 36-мыз ғана аман қалыппыз. Әбден қалжырап, көзiм iлiнiп кеткен екен. Бiр кезде ақсақалды қарт пайда бола қалып, «Атаңның аруағына сыйынып жүр, баламө» дедi де ғайып болды.
Ояна келсем, түсiм екен. Таңертеңгi 4- 5-те шабуылға шығайын деп жатқанбыз, дереу Жапар атамның аруағына дұға бағыштадым. Әкем үнемi өзiнiң жетiм қалып, балалар үйiнде тәрбиеленгенiн айтып отыратын. Сол секiлдi мен де әкем Әбдiхалық пен анам Әлтайды көргенiм жоқ. Менi Жапар атам бауырына салып алған дейтiн. Сол жолғы шабуыл кезiнде аман қалғанымыз жер бауырлап жата қалдық. Басыңды көтерсең болды, снайпер қағып түсiредi. Содан ұзақ жаттық, жер бауырлаған қалпымызда керi шегiндiк. Бiр кезде дәл жанымнан ыңырсыған дауыс естiлдi. Жалт қарадым да тани кеттiм - бiздiң ротадағы Садықов дейтiн өзбек жiгiтi. Тiзесiнен дәл тиген жау оғы оң аяғын тұтасымен шашасынан үзiп түсiптi. Сiңiрiне сәл-пәл iлiнiп әзер тұр. Дереу белдiгiмдi белiне байлап алдым да, сүйрей жөнелдiм. Жотаға еңбектеп шыққанымыз сол едi, жау тағы пулемет оғының астына алды. Екеумiз де әбден қалжырадық. Сол кезде Садықов «Сәрсен, менi тастап кет. Өзiң аман қалудың жолын қарастыр. Маған қарайламай кете бер» деп қайта-қайта жалынды. Тастап кете алмадым. Iлби сүйретiп, жарқабақтың астына жеттiк-ау. Сол маңда санитаркалар, ат-шана, арба тұр екен. Садықовты арбаға салып жiбердiм. Осы сәттi күтiп тұрғандай жау тағы да атқылауды бастады. Жаңбырша бораған оқтың бiрi оң иығыма тидi. Бұл менiң алғашқы жарала нуым едi. Бiздiң орнымызды көмекке келген сiбiрлiк солдаттар басты да, мен Қазан қаласындағы госпитальда 1 ай жатып емделдiм.
Жалпы, осы соғыста 3 рет жарақат алдым. Жау оғы басыма, иығыма, тобығыма тидi. Тобығыма тиген оқ аяғымды тесiп өткен.
1942 жылдың 24-тамызында Сәрсен Әбдiхалықов Ржев қаласын азат етуде екiншi рет жараланып, госпитальға түседi. Госпитальдан шыққан соң, 1943 жылдың қаңтар айынан Калинин майданындағы 22-Армияның 64-атқыштар полкi сапында қан майданға қайта кiредi.
Танкке қарсы ататын (ПТР) қару асынып, талай қырғын ұрысқа қатысады. Осы жолдың барлығында өзiнiң асқан намысты ұл екенiн танытып, ерлiктiң үлгiсiн көрсетедi. Бұл жөнiнде Сәрсен ақсақал:
- Екiншi рет жараланып, госпитальда жаттым. Жазыла сала, Калинин майданы 22-Армияның 64-атқыштар полкiнде танктерге қарсы ататын қару бөлiмшесiнiң командирi болып тағайындалдым.
Сосын, 1944 жылдың 4-наурызы күнi Новоржев қаласын азат ету кезiнде үшiншi рет жараландым. Бұл жолғы жарақатым ауыр болып, ұзақ емделдiм. Сауығып, қайта қатарға қосылдым. Бұл кезде соғыстың бетi берi қарап, аяқталып та қалған едi. Бiр күнi мотоциклшiлер курсының ашылғанын естiп, соған қабылдандым. Бұл өзi ойда- жоқта болған едi. Содан курсты аяқтап, Сталин атындағы академияда поляк офицерлерiне мотоциклден нұсқаушы болдым.
Бәрiнен бұрын 1945 жылы Жеңiс шеруiне қатысқанымды мақтан тұтамын. Бұл да болса тәңiрдiң сыйы шығар. Жеңiс шеруiне дайындық түннiң жарымында басталып, таңғы төртке дейiн жалғасатын. Өйткенi, Мәскеу көшелерi түнде ғана кiсiден босайды. Дәл шеру өтетiн 24- маусым күнi ауа-райы бұлыңғырлау болып, жауын себелеп тұрды. Соғысқа қатысқан әскерлер мен қару-жарақтың барлық түрi шеруден салтанатты түрде өттi.
Парадқа үш дөңгелектi 90 мотоцикл қатысып, олардың әрбiрiнде үш адамнан отырды. Оның бiрi командир, жүргiзушi және көздеушi. Барлығы 270 адам алты қатар болып шерумен бiр демде өте шықтық. Десе де, бұл сәт бәрiмiз үшiн өте қуанышты болған едi. 7мiр бойы жадымызда жаңғырып қала бередi.
Осылайша, майдангер қария өткенiне шолу жасап, Ұлы Жеңiске өзiнiң де зор үлес қосқанын мақтаныш сезiмде отырып әңгiмеледi. Күн санап қатарластарының сирей бастағаны қарт майдангердiң көңiлiн құлазытатын да шығар. Соңғы кезде көңiлiнiң күйi келiңкiремейтiн болып жүр...