ЖЕҢІСКЕ 70 ЖЫЛ: Қазақтарды ештеңе де, ешкім де тоқтата алмайды - Илья Эренбург

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА Кеңес Одағының ең танымал әскери публицисті Илья Эренбургтің «Соғыс 1941-1945» кітабынан қазақ халқы туралы мақаласын оқырман назарына ұсынады.

ЖЕҢІСКЕ 70 ЖЫЛ: Қазақтарды ештеңе де, ешкім де тоқтата алмайды - Илья Эренбург

Қазақтар

Фрицтердің бірі маған: «Бізге қарсы сұрапыл жауынгерлер соғысты. Оларды ешқандай қару тоқтата алмайды екен. Содан соң маған бұлардың қазақ екендігін айтты. Бұрын-соңды мұндай ұлттың бар екендігін білген жоқпын», - деді. Олар көп нәрсені білмейді. Барлығы біртұтас Ресей мемлекеті деп ойлайды екен. Бірақ олар үлкен мемлекетте үлкен адамдардың бар екендігін ескермеген-ді. Шығыс даласында қайратты, жүрегінің түгі бар небір жауынгер өткен. Ақындар дүйім жұртқа аты мәшһүр батырлар мен қаһармандар жайлы жырлап келген осы уақытқа дейін. Батыр үшін ар-намыстан қымбат ештеңе жоқ. Бағзыда Ер Тарғын алты аршынды қылышымен жеті мың сарбазға: «Маған тек ар-намыс қана қымбат!» - деп қарсы шапқан. Мәскеуді қорғаған жиырма сегіз қаһарманды Тарғынның рухы демеді. Панфиловшылардың бірі, он тоғыз жастағы Сұлтан Қожықов (түпнұсқада Султан Ходжиков деп берілген, болжам бойынша тәржімаладық) Алматыдағы сүйіктісіне былай деп хат жазады: «Жоқ, Эсфир (түпнұсқада Эсфир деп берілген, қазақ қызының есімі болмауы да мүмкін), сені қайдағы бір немістің қорлауына жол бермеймін. Өлсем де, жол бермеспін. Он шақты намыссыз сарбаз бен олардың полковниктерін жер жастандырдым. Бұл - саған деген махаббатымның белгісі. Сенің Сұлтаның». Он немісті өлтірсе, оның арасында полковнигі бар. Бұдан кейін қыз енді келісім бермей көрсін. Осыдан жиырма бес жыл бұрын қазақ ұлтының тыныштығы үшін Амангелді батыр күресті. Амангелдінің мынадай керемет сөзі бар: «Қоян қорқақ адаммен кездесуді намыс көреді». Амангелдіні ату жазасына әкетіп бара жатқанда, ол баукеспенің бетіне түкіріп жіберіп, досы, орыс матросын құшақтап қош айтысқан екен.

Қазақтың қорғайтындай жері бар. Гвардияшы Орамалиев (түпнұсқада Урамалиев деп берілген, болжам бойынша тәржімаланды) тоғыз жыл бойы «Таш пашат» (қазақтың қай ауылын айтқаны белгісіз. Қырғыздардың Талас облысындағы Манас ауданына қарасты Таш- Башат ауылы болуы мүмкін. Соған қарағанда, Урамалиев қырғыз ауылында туған қазақ болуы керек) ауылының төрағасы болған. Жақында ол жауынгерлердің қатарына кірді. Үш аптаның ішінде жиырма төрт немісті атып өлтірді. «Бұл - басы ғана, көрері әлі алда», - дейді ол. Әмірбек Ілиясов (түпнұсқада Амирбек Ильясов деп берілген, болжам бойынша тәржімаладық) атты қазақ ауыр жарақат алса да, жанармай бөтелкесімен немістердің танкісін жарып жіберуге күш-қуат тапты. Жүрегі кең қазақ қой. Енді немістер қазақтың кім екендігін білді. Уәлиев (түпнұсқада Увалиев деп берілген, болжам бойынша тәржімаладық) атты қазақ жиырма тоғыз немісті мерт қылды. Пулеметчиктер Естаев (түпнұсқада Истаев деп берілген, болжам бойынша тәржімаладық) пен Балапанов неміс жаяу әскерін танкісіз қалдырды. Немістерді жүз елу метрге дейін жақындатып, одан соң қарсы шабуылға шықты. Неміс сарбаздарының мүрдесі жермен-жексен болды. Сондағы Балапановтың Естаевқа айтқаны ғой: «Жау өлігінің иісі аңқып тұратындығы рас екен-ау», - деп. Жауынгер Торынсабаев (түпнұсқада Торунсабаев деп берілген, болжам бойынша тәржімаладық) Дон жағасында өз туған жері Қазақстанды қорғап келді. Ауыр күндердің бірі. Жаңа межеге жету үшін шабуылға шықтық. Бірақ немістер біздің сардарды жарақаттады. Абдырап қалдық. Сол сәтте Торынсабаев алға қарай жүгіріп: «Отан үшін!» - деп ұрандады. Рухтандырды. Взводты немістерге қарай бастады. Жау сескеніп қалды. Шайқас біткеннен кейін, Торынсабаев жай ғана: «Менің шаруам - немістерді жығу. Ал барлығымыз біріксек, үлкен күшке айналамыз», - деді. Қазақ Ырысов (түпнұсқада Ирисов деп берілген, болжам бойынша тәржімаладық) жауынгерлерді бастап келе жатты. Немістердің төрт дзотын қиратты. Ырысов жарақаттанып қалды. Оған ем-дом алуға кеңес берілді. «Жоқ, мен соғысамын», - деп тұрып алды. Ал Әшім Қасқабаев (түпнұсқада Ошим Коскабаев деп берілген, болжам бойынша тәржімаладық) шайқасқа аттанарда, оны тұтас ауыл болып шығарып салған. Әшімнің әкесі оған: «Жеріміздің қандай екенін естен шығарма, ұлым. Бұл жерде барлығы да бар. Бидай, арпа, қарбыз. Бұл - сенің жерің. Ал бұл жер жаттың қолында кетпеуі керек», - деген екен. Әшім пулеметчик болды. Басымыздан небір қиын-қыстау кезеңдер өтті. Немістер қарсы шабуылға шықты бірде. Сол сәтте мина таусылған еді. Әшім сол бір алапат шақта винтовкамен жауға қарсы шауып: «Немістерді қиратыңдар!» - деп ұран салды. Соңынан жолдастары еріп кетті. Ол неміс офицеріне штыкты сұғып алды. Сол күні ол жалаң қолмен шайқасқа төрт рет шыққан екен. Қаншама немісті түйреп тастады ол. Бірақ оны ақыры жарақаттап тынды. Оған емханаға бару керектігін айтқанмен, ол соңына дейін шайқасатындығын жеткізді. Міне, нағыз жігіттер осындай болуы керек! Ленинград қорғаушысы Диқан Көкбалин (түпнұсқада Дяган Коквалин деп берілген, болжам бойынша тәржімаладық) есімді қазақ шайқасқа шықты. Немістер оның винтовкасын снарядтың сынықтары арқылы істен шығарып тастады. Соған қарамастан ол қолына граната алып, жауға қарсы шапты. Қазақтар атпен соғысқанды құп көреді. Бірақ олар жаяу әскер болып та соғыса береді екен. Ештеңе тоқтата алмайды оларды. Адалдық шайқаста анықталады. Өкініштісі - сол: Гитлердің «Жаңа Еуропасы» түрмеге айналды. Ол жерде бір құл бір құлды жеккөреді. Кімнің кім екендігі біз от тұтатқанда белгілі болады. Сын сағаты келген сәтте немісті неміс бауыздайтындай жағдайға жетеді. Қазақтар орыстармен қатар соғысып келеді. Біз отта да, суда да біргеміз. Жеңістің ақ таңын бірге қарсы аламыз. 1942 жылғы 18 қазан, «Правда» газеті, «Қасым» порталынан алынды.