ЖЕҢІСКЕ 70 ЖЫЛ: Мен атамды «дала университетінің профессоры» дер едім - Д.Молақова

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мен ес білгелі атам жүзінен мейірім шуағы төгіліп тұрған, балаларын жанындай жақсы көретін, елдің ішіндегі ең абыройлы ақсақалдардың бірі де-бірегейі болатын деп еске алады Астана қаласының прокуратура басқармасының прокуроры Дана Абзалбекқызы Молақова.
None
None

Атамның соғыс туралы, соғыстан кейінгі еңбек еткен жылдары жайлы айтқан әңгімелері бүгінге дейін құлағымнан кетпейді. Атам ерекше мейірбандылығымен қатар, керек кезде ұлдарына да, бәбішесіне де, ауыл ақсақалдарына да айтқанын істете білетін ерекше қабілет иесі еді.

Менің атам 1901 жылы Торғай уезіне қарасты Қайғабол болысының 5-ші аулында туған. 1995 жылға дейін өзінің бар ғұмырында ашаршылықты да, соғысты да көріп, аянбай еңбек еткен, сосын ұрпағының рахатына бөленіп, еңбегінің зейнетін де көрген адам еді.

Сұрапыл соғысқа 1943 жылы аттанып, елге 1945 жылы Жеңістен соң оралған. 1943 жылы екінші Беларусь майданында атқыштар полкінде қару-жарақ командирі болыпты. Бірнеше медальдар мен ордендерді кеудесіне тағып, соғыстан оралған соң еңбек майданында тағы елу жыл қызмет етті.

Түсіпбек атам әкесінен 13 жасында жетім қалып, 1921 жылға дейін байлардың малын баққан, ал 1922-1926 жылдары Қызылорда кірпіш зауытында жұмыс істеген. 1926-1932 жылдары шахтаға түсіп, «шахтер-забойщик» болып ауыр жұмыста істесе, 1932-1938 жылдары сол шахтада «десятник» қызметін атқарған. Көп ұзамай 1938 жылдың қарашасынан шахта директоры болып тағайындалған. Ол кезде Байқоңыр шахтасында Д.А.Қонаевпен бірге Мәскеуде оқыған М.Қ.Бөпежановпен бірге жұмыс істеген. Басшылық қызметте жүрген кезінде де осы кісіні «қызылдың қырғынынан» да алып қалған болса керек. «Түсекеңнің адамгершілігіне тәнті болдым. Түсіпбек болмаса мені де «халық жауы» деп атар еді», деп сырын Қаныш Имантайұлына Мұхит ата өзі айтыпты. Атам Қ.И.Сәтбаевпен талай сырлас, дастархандас болып, кетер кеткенінше аралас-құралас жүріпті.

Атам 1939-1941 жылдары Жезқазған кен басқармасының партия бюросының хатшылығына сайланады. Мыс комбинатының басшылары аудандық партия комитетімен келісіп Молақов Түсіпбекті Байқоңырдағы №19 ең үлкен шахтаға бастық етіп тағайындады. Бұл жұмысты ол 1943 жылдың маусымына дейін атқарып, 1943 жылы шілдеде Ұлы Отан соғысына аттанды.

Соғыстан аман-есен жеңіспен оралып, Түсіпбек атам 1945-1949 жылдары Байқоңыров көмір комбинатының кәсіподақтар комитетінің төрағасы жұмысын майдангерлік қарқынмен қызу атқарды. 1947-1949 жылдары «Қазмысқұрылыс» трестінің қосымша шаруашылығының директоры, әрі жұмысшыларды азық-түлікпен қамтамасыз ететін бөлімін басқарды. 1949-1953 жылдары «Қызыл әскер» ұжымшарының бастығы болып, соғыстан кейінгі ел өмірін түзетуге атсалысты. Ал 1954 жылы Жезқазғандағы «Қазмысқұрылыс» трестінің кәсіподақтар комитетінің төрағасы болып сайланды.

1955-1978 жылдары кен басқармасының «Покро-15» шахтасының бастығының орынбасары болып, ұзақ уақыт абыройлы дәрежеде қызмет атқарды. 1982 жылы «50 жыл КПСС төсбелгісімен», әр жылдары Ұлы Отан соғысының 30, 40, 50 жылдығына байланысты төсбелгілермен марапатталды.

«Менің атымды биік күмбезбен немесе көше атымен емес, адал ұрпақ болуларыңмен дәлелдеңдер. Сонда ғана мен сендерге мәңгілік риза боламын», - деуші еді. Бұл өсиетті әкемнен бүгінге дейін естіп келемін.

Өз қатары мен замандастары атамды бірі өлеңге қосса, бірі естеліктеріне арқау етті. Жан досы М.Бөпежанов, інісіндей болған К.Салықов, Б.Аяпбергенов, И. Бекмаханұлы, әр жылдарда шыққан кітаптары мен газет-журналдардағы атаммен болған кездесулер, естелік сәттер туралы оқығанда осындай адамның ұрпағы болып дүниеге келгеніме шүкіршілік етемін. И.Бекмаханұлының «Сыр мен қырдың перзенті», Ө.Әбдірахмановтың «Қыпшақ қайраткерлері», түркітанушы Гусман Игісіннің «Балмағанбет Балқыбайұлы», К.Салықовтың «Жанымның жақсы көрген адамдары» кітаптары арқылы естеліктердің арқауы болып кейінгі ұрпаққа жетуі жүрегімізге қуаныш сезімін сыйлайды.

Замандас інілерінің бірі кенші ақын Кәкімбек ата көзі жұмылғанша атаммен сырлас, сыйлас, етене жақын болды. Өз естеліктерінде К.Салықов әрдайым атамның еңбектерін айтып, өнеге тұтып, болашақ жастарға үлгі етіп отыратын. Атама арнаған өлеңдері де аз емес еді.

Өз өмірінде тек адалдықпен өмір сүріп, қызмет жасаған атам, кейінгі кездегі жең ұшынан жалғасып, таныс-тамырына ғана көмек қолын созатын уақытқа налып отыратын. Сондай бір кездерде Қаныш Сәтбаев атамның үйіне келгенде екеуі біраз сырласыпты. Қаладағы таныстарыңа тапсырып кет, бізді кейінгілерге жалтаңдатпа дегендей әңгіме айтса керек. Қарт досы келінге тапсырайын деп қимастығын білдіргенде, атам төтесінен кімге тапсыру керек екенін айтып салғанға ұқсайды. Мұны естіп, ағасының айтқан уәжіне тәнті болған кенші ақын Кәкімбек атамыз лезде осы оқиғаға байланысты әзіл-өлең жолдарымен өрнектесе керек.

Кейкі тілді батырым

Мен Молақов Түсіпбек, Шахтыға бірге түсіп ек. Қарсақбай мен Байқоңыр, Жемісті болып пісіп те ек. Жаныашыр көмек - тіректен, Қажыр мен қайрат - білектен. Бір қызық заман болды ғой, «Тірегі» барлар ілеккен. Жүрсің ғой Қаныш алыста, Мен қалдым таса қалыста. Тапсырып кет досыңды, Қалада мықты танысқа. - Қанекең сонда: «Менің де, Достарың көп қой сенің де. Ең мықтысы солардың, Тапсырам үйде келінге. Жалынсам ақы сұрай ма, Көрейін олай, былай да. Дәл одан артық мықты жоқ Тапсырдым деді құдайға». Оларға табам бір айла, Екеуін қой былайға. Тапсыр деді Түсекең, Қалада «дөкей» құдайға. «Алмас тілді батылым, Кейкі тілді батырым, Қай жеріңе сыйып тұр Депті ғалым - ақылың?!»

Атамды замандастары қимасымен сырласа білетін, мәрттігі өз алдына бір төбе, ақжүрек, атымтай жомарт адам еді деп отыратын. Қаныш Имантайұлының келін деп отырғаны сол замандағы біздің елдің Баян сұлуы - Ұлтуған әжем болатын. Әжем елдегі сауатты молда Жараспайдың қызы еді. Заманында арабша хат таныған, кейін кирилицаны меңгерген, сөзі мәнді, өзі сәнді, отырған жерде айтқан әңгімелері тұщымды, абысын-ажынына қадірлі, ауылдағы аяулы аналардың бірі болды.

Соғыстан аман-есен келген соң атам 21 жасар Ұлтуған әжеме үйленіпті. Бүгінде ата-әжемнен өрбіген жеті ұл, бір қыздан 22 немере, отыз шақты шөбере бар. Атам тірі кезінде әжемнің басшылығымен бәріміз жайлауға шығып, Жеңіс күнін ерекше тойлайтынбыз. Өзінен өрбіген ұрпақтарының қасында болғанын, бәрінің бірдей бұл тойды ерекше атап өткенін жақсы көруші еді, жарықтық. Соғыс туралы, ашаршылық нәубеті, соғыстан кейінгі еңбек майданы туралы тебірене әңгіме айтушы еді. Әжем ерін өте құрметтеген, ауылдың сыры кетсе де сыны кетпеген әдемі де, аяулы анасы болатын. Балаларына, әкелерің қастарыңда мәңгі жүрмейді, айтқандарын жадыларыңа түйіп, «әке атына сай азамат болыңдар», дейтін.

Атам 1995 жылдың 22 желтоқсанында ұрпағына соңғы сөзін айтып, бәйбішесімен бақұлдасып барып қайтыс болды. Атам қайтыс болғаннан кейінгі жылдары бар ұрпағы болып жиналып, Жеңіс күні бейітіне барып, Құран оқытып, атамыз бен әжемізді еске алып, жақсы істерін айтып, өзімізден кейінгілерге үлгі етіп тарасатынбыз.

Мен атамды әрбір сөзі мен ісіне, балаларына берген тәрбиесіне, халқына жасаған еңбегіне қарап, құдды бір «дала университетінің профессоры» дер едім.

Атамның айтқандарынан ұғып, есімде қалған бірнәрсе болса, ол қазақтың генетикалық тазалығы мен адалдық туралы "дала кодексін" берік ұстанғандығы ма деймін. Отансүйгіштік, ата-анаға құрмет, кішіге ізетті болу, қызметте адал болуды да әкемнен бастап бәрімізге сөзімен емес, ісімен дәлелдеген адам болса, ол - менің атам!

Соңғы жаңалықтар