ЖЕҢІСКЕ ЖЕТКІЗГЕНДЕРІМІЗ: Қан майданнан аман қайтқан атамыз бейбіт еңбекте де алда болды - А.Ақболатқызы, БҚО
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Соғыстан аман оралған сарбаздардың бірі менің атам Сырым Сапаров еді.
Майдан жолдары туралы айтқанда, «ей, тәңірім, соғысты енді ешкімнің басына бере көрмесін!» деген бір тілекпен бастап, сонымен аяқтайтын. Өзі бірде Чехословакияның Либерец қаласы маңында қоршауда қалған екен. «Айнала у-шу, неміс дауыстарын естіп жатырмыз. Іштей туған жермен, тума-туысқандармен қоштасып жатырмын...Тірі қалам деген ой болған жоқ. Өлсем, шейіт болғандардан артық емеспін, тұтқын болғанша не де болса, соңғы оқты өзіме жұмсармын деген шешімге келіп, тапаншамды ыңғайлап ала берген едім. Қасымда орта жастан асқан сібірлік жолдасым П.В.Юшиннің: -Саша, тек қана 19-дасың, ажалға асықпа, қолға түсер боп қиналсаң, оғың өзіңде емес пе? - деген басу сөзін өмірі ұмытпаймын», дейтін. Шынында да тамырының үзіліп қалмай, үш ұл (менің әкем кішісі), үш қыз тәрбиелеп өсіріп, олардан бізді көргеніне мың мәрте тәубе етуші еді.
Менің ойымша, атамның тағдыры қиын да қызықты, сұлу да саналы сияқты. Ол ес білгелі ұстаздық етіп, тарих пәнінен дәріс берді.
Қиын болатыны - тұстастары жоқшылықты аз көрген жоқ. «Қоскөлдегі мектепке бір үйдің балалары Жұмаш пен Бейсен бір аяқ киіммен келетін. Кезектесіп киетін». -Сонда олар мектепке күн аралатып барады екен ғой? - деймін мен. «Жо-оқ, етік кигені жалаң аяқтысын арқалап келетін. Оқығысы келеді, қатарластарынан, тіпті бірінен-бірі қалғысы келмейді. Ол уақытта оқуға деген ынта соншалықты зор болатын».
Ғұмырының қызықты болатыны: бар уақытын тек қана еңбекке жұмсады. Қолы бір қарап отырмаушы еді. Ағаштан түйін түйген шебер болатын. Сол кездің бағамымен есептегенде өзіміз тұрған кең үйді салған да, оның ішін өз қолынан шыққан жиһазбен жасақтаған да өзі екен. Түрлі әйнектелген шкафтар, сандық, кітап жинап қоятын сөре (оның үсті толған кітап болатын), столдар т.б. Немере-жиендеріне шағын домбыра жасап беретін. Онысы ойыншықтан көрі шын домбыраға көп ұқсайтын, неше түрлі әннің сазын өзі салып, тартып отыратын. Табиғат аясын өте жақсы көруші еді. Балыққа, шөп шабуға кейде бізді де ілестіре кететін. Бала емеспіз бе, біз тек ойынға баратынбыз...шіркін, сол бір кез бақытты сәттер екен!
Ауылда атамның кете-кеткенше еш еңкеймей, тік жүргенінің сырын балықшылығымен байланыстырады. Малға мая-мая шөпті қолмен шабатын. Өзі бақша егетін де және сол бақшасынан келер жылға тұқымдық алып қалуды еш ұмытпайтын. Бақшасы өнім берген сәтте дастарханға бәрімізді жинап, келер жылға тілек тілеп, бата ететін. Сол бала кездегі жеген қиярлар мен қызанақтардың, қауындар мен қарбыздың дәмі таңдайымда әлі тұрғандай...
Әңгімені өте қызықты етіп айтушы еді. Бейне бір көркемсуретті кино көріп отырғандай боласың. Ауданымыздың көптеген мектептеріне басшылық қызметке шақырғанда бармапты. Ажал аузынан қайтқан атам ауылын қимай, сол жұмыстарға бармай, С.Меңдешев мектебінен зейнетке шықты.
Барлық ауыл-аймақ кеткенінше ардагерлер кеңесінің төрағасы болған атамды отырыстың көркі, ауыл ұйтқысы еді деп естеріне алып отырады.Домбырамен әнді шырқата салғанда, құлақ құрышын қандырады. Әншіліктен алған марапаттары да көп болатын. Ауылдық кеңес ауданға, облыс орталықтарына, басқа ауылдарға концерт қоятын болса, атама келетін. Ешкімнің меселін қайтармайтын көкем жастармен әзіл-қалжыңы жарасып жүре беретін. Жиын-жиналыстарда, түрлі шараларда сан түрлі тақырыптарда оқитын баяндамасы дайын болатын. Шебер де шешен, мәдениетті, дәлелді, тарихи фактілермен сөйлейтін.
Ақындар айтысына да қатысып, талай мәрте жүлдегер атанды. «Кейбірі қағазға қарап бас алмай, жаттай алмай отырғанда, маған құйылып келіп қалады, айта берем» деп көңілдене «есеп беретін». Ақын емеспін, кез келген қазақ ақынжанды болады деп есептеген атамыз кез келген жағдайда өлең шығарып, суырып салып қалжыңдасып, айта беретін, әсіресе, құрдастарына шығарғандарын халық әнімен айтып, отырған жерін думанға бөлейтін.
Орыс тіліне жетік, арабша да жақсы оқи алатын. Құран Кәрімді түпнұсқадан оқып отырушы еді. Жүрегі таза болғандықтан болар деймін, ауыл-ел атам кете-кеткенше құран оқыттырып, фатиха сұрап, ақ дастархандарына жиі шақырып, әңгіме-дүкен құрып отырушы еді.
Қаншалықты ақжарқын болса, соншалықты кішіпейіл болатын. Соншама өнер бір басында бола тұрып, айнала барлығы оған келіп, ақыл-кеңес сұрап жатқанда да, ешбір көтерілмейтін. Заманында «Тұрғын үй-91» деген бағдарлама болды. Еңбегі сіңген ардагерлерге кезексіз үй салап беруші еді. Ауылдағылар түгел алып болып, атама ең соңынан кезек келді, күн суытып, күз түсіп, құрылыс жұмысы келер жылға қалып қойды. Сонда да жаны жайдары атамыз еш ренжімеді, директорға кірмеді. «Құрылыс болған соң асықпаған жақсы» деп нүктесін бір-ақ қойды. Құрылысшылар қазіргі БҚАТУ-дың студеттері болатын. Жігіттерді өз балаларындай қабылдады, оларға үнемі дастарханымыз жаюлы болды, моншамыз әзір тұрды, өзі де құрылыс жұмысына көмектесіп, әзілдесіп, әңгімелесіп, қастарында жүрді. Атамның көзін көріп, аз уақыт болса да тәлімін алған сол ағалар қазір қайда екен?! «Жаз бойы қанша үй салдық, бірақ сіздерге (жұмысқа) қуана-қуана келеміз» - дейтін. Оның себебі... себебі менің атам бас әріппен жазылатын Адам болатын. Ардагер ата, ұлағатты ұстаз, мейірімді әке, бейнетқор балықшы, тәлімді тәрбиеші, ақынжанды айтыскер, жарқыраған әнші, тындырымды шаруа, терең білімді тарихшы болатын.
Айым АҚБОЛАТҚЫЗЫ, немересі, Мәстексай ауылы, Жаңақала ауданы