Жеңіл атлетикадан ұлттық құрама сапына жаңа шетелдік спортшылар қосылуы мүмкін бе

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы маңында өтетін Ғұсман Қосанов атындағы халықаралық жарыс алдында ҚР Жеңіл атлетика федерациясы баспасөз мәслихатын өткізді.

Рыпакова
Фото: Жеңіл атлетика федерациясы

БАҚ өкілдері ҚР Жеңіл атлетика федерациясының президенті Ольга Рыпаковадан шетелдік спортшыларға ел азаматтығын беріп, оларды ұлттық құрамаға қосу жайлы федерация ұстанымын сұрады. Сонымен қатар федерация басшысынан Қазақстан атынан өнер көрсетіп жүрген жат жұрт тумаларының нәтижелеріне баға беруді өтінді.

— Әрине, басты басымдық әрқашан Қазақстанда өскен, бала кезінен осында тәрбиеленіп, жаттығып келе жатқан өз спортшыларымызға беріледі. Бірақ менің ойымша, бұл — әлемдік тәжірибе, қазір кең таралған үрдіс, өзге елдерден келген спортшылар азаматтық алып, халықаралық ареналарда белгілі бір мемлекеттің атынан өнер көрсетіп жүре алады. Қазіргі кезеңде Қазақстан азаматтығын алған спортшыларымыз ұлттық құраманың мүшелері ретінде өз міндеттерін толық көлемде орындап жүр. Нора Джерутоның арқасында бізде әлем чемпионатының медалі бар. Менің ойымша, бұл алғашқы және соңғы медаль емес. Мен бұған сенімдімін. Олардың алдына үлкен міндеттер қоятын боламыз. Бұл талаптар елімізде жаттығатын өз спортшыларымызға қандай болса, оларға да дәл сондай деңгейде қойылады, — деді Ольга Рыпакова.

Сондай-ақ Жеңіл атлетика федерациясының президенті «болашақта тағы шетелдіктердің ел құрамасына қосылуы мүмкін бе» деген сұраққа жауап берді.

— Әзірге бұл туралы ойланбадық, дегенмен қазір федерацияның негізгі мақсаты — балалар мен жастар арасында Қазақстанда жеңіл атлетиканы дамыту және танымал ету. Сондықтан қазіргі таңда негізінен осы бағытта міндет қойылып отыр, — деді ол.

Еске салайық, Нора Джеруто 2022 жылы Юджинде өткен әлем чемпионатында Қазақстанға жеңіл атлетикадан алғашқы алтынды алып келген.

Биыл қазақстандық жеңіл атлет Дейзи Жепкемей Азия чемпионатында алтын қанжығалады.

Соңғы жаңалықтар